Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқылардың бірі

Алғашқылардың бірі

Шиелі ауданы Ленин атындағы колхоздың механизаторы Айжамал ­Ыбыраева әр жылды зор табыспен қорытындылап келеді.Озат механизатор А.Ыбыраева оныншы бес жылдықтың екінші жылының тапсырмасын мерзімінен бұрын орындау үшін күресуде.

Бақберген Әбілдаев.
(18 январь 1972жыл )
Өскен Өңір

Әр кезеңнің тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшелігі бар. Сонау заманнан қазақ халқы хандар билеген кезеңнен, көшіп-қонып жүріпте, қилы-қилы ауыр күндерді бастан кешірген. Өтпелі дәуірді артқа тастап, әділдіктің туын желбіреткен, аз ғана топпен үлкен даналықтың дәнін себе отырып, елді асуы биік белестерден соңына ерте білген. Абай дәуірлері осы жолға алып келді емес пе? Ал, бұның соңы Кеңес үкіметін дүниеге әкелді. Кеңес дәуірінен де аларымыз аз емес. Өйткені ел болып қалыптасуда жас-кәрі, ер-әйел демей еңбек майданының қайнаған ортасында өсіп ер жеттік. Аға буындар мен апа-жеңгелеріміз, жұмыс таңдамайтын, бір-біріне деген мейірім-шапағаты мол, бір уыс дәннің қалай келетінін, еңбектің қадірін түсініп, бейнеттің зейнетін саралай білді. Ал, соңғы буындар сол жолдан ауытқымай көптеген жетістіктердің куәсі болды. 50-60 жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы, 60-70 жылдарға қарағанда едәуір төмен еді. Дала жұмыстарының денін қолмен атқарды. Алысқа бармай-ақ Мемлекет каналын қазудағы төккен тер қаншама? Егінді қолмен себу, ору, кетпенмен жер қопаруды елестетіп көріңіз. Келе-келе бірлі-жарымды техникалар пайда бола бастады. Әуелгі кезде техника тізгінін ер адамдар ұстады. Уақыт бәрін теңестіре бастады. Ел ішінде көзінде от, көкірегінде жалыны бар қыз-келіншектердің дала жұмыстарына араласуы етек жайды. Ерлермен қатар техниканың тілін түсіне бастаған олардың бұл әрекеттері ерсі көрінгені мен үйрене келе техника орындығын ел креслодан жоғары бағалай бастады. Міне, осындай мамандықты көзбен көріп жүріп-ақ өзінің табиғатынан пайымдылығы, зеректігі, табандылығы арқасында игерген, арамыздан өтіп кетсе де көңілден кетпеген бір жанның елеусіз, ескерусіз қалуы қалай деген ойға келдім. Дей келе әкесі жастай өмірден өткен, анасы Зере 10 құрсақ көтерсе де Әнуар деген ағасы екеуі ғана тірі қалып, тұрмыс тауқыметін көп тарқан Айжамал Ыбыраева атты анамыздың жүріп өткен жолынан сыр шертсек.
Айжамал 1943 жылы Нартай ауыл­ында дүниеге келеді. Әкеден ерте айрылған, аурушаң анасы Зере ағасы үшеуі нағашысы белгілі шопан Социалистік Еңбек Ері Нартай Көкиевтің қамқорлығында болып үш кластық білім алады. Жастайынан қиындық көрген Айжамал ары қарай оқуды тоқтатып, жастығына қарамастан дала жұмысына шығып кетеді. Есіл дерті техникаға ауа бастайды. Не керек бірін аға, бірін көке деп жүріп дегеніне жетіп, доңғалақты тракторды ешбір қиындықсыз айдауға қол жеткізеді. 1959 жылы алғабастық (Ленин атындағы колхоз) Қырғызбай Сыздықов деген ағамызбен бас қосады.Ол кісі де осы колхозда механик болып қызмет атқарады. Айжамал келінмін деп қарап отырғысы келмей отбасымен келісе отырып, үйреніп қалған өміріне қайта оралғысы келді. Сол кездегі колхоз басшысы Ә.Исмаиловқа кіріп ойын бүкпесіз айта бастағаннан-ақ түсінген Әзекең дереу МТЗ-80 тракторына отыруына рұқсатын берді. Ойындағысы болған ол егіс даласында ерлермен қатар, уақытпен санаспай, шаршау дегенді ұмытып көсіле шапты.
Тағдырға дауа жоқ. 1972 жылы кенеттен ағамыз о дүниелік болып қаршадай үш қызбен тағы да үлкен жүк арқалап қалды. Не істу керек, Алланың ісіне шүкіршілік етіп, анасының жанына үш қызын қалдырып, белді бекем буып, трактордың тізгінін қайта ұстады. Ел ырысы үшін төккен тер көлеңкеде қалған жоқ. Техника тізгінін ұстаған алғашқы әйелдердің бірі болған ­Айжамал әуелден-ақ көзге түсе бас­тады. Бойындағы қарапайымдылығы, байсалдылығы, артық әңгіме сөзден бойын­ аулақ ұстауы, ұнатпай тұрған адамына «көбейгір» деген сөзден артық айтары жоқ. Табиғаты оның бейнесін айқындай түсті. Қатарынан оза шапқан бейнетті белшесінен кеше жүріп абырой биігінен көрінген Айжамал 1976-1977 жылдары қатарынан «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалімен марапатталды. Ол жылдары «ЮМЗ» 1980-1982 жылдары К-700 «Т-150» тәрізді алып тракторлар осы Айжамалдың еншісіне тиген еді.
1977 жылы Комунистік партияның қатарына қабылданған Айжамалдың тасы өрге домалай бастады. Үш дүркін ауылдық кеңестің, Екі дүркін облыстық кеңестің депутаттығына сайланып халық қалаулысына айналды. 1980 жылы колхоз ауданның көшпелі «Қызыл туын» жеңіп алды. Осы жетістікке жетудегі қосқан үлесі үшін ІІІ «дәрежелі» «Трудовой славы» ордені кеудесінен орын алды. Еңбектің мұндай жемісі Айжамалдың жігерін одан сайын қайрай түсті.
Бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық мақтау грамоталарымен, В.И.Лениннің 100 жылдық мерекелік медалімен марапатталды.
Айжамал тек далада емес отбасында, ағайын-туыс, жекжат, көрші көлем арасындағы бірліктің туын берік ұстаған жан. Әдетте қазақ шаңыраққа ие болар ұл іздейді. Айжамал олай еткен жоқ, үш қызын Сара, Бахар, Шаһарларын баға жетпес байлығым деп, өзі оқи алмаған оқуын оқытып, жоғары білім алуларына қол жеткізді. Өмірден өз орындарын дұрыс таңдай білген қыздарынан он үш немере сүйіп, 50 жасында келместің кемесіне мініп кете барды. Өзі өлгенмен соңында жақсы ісі, дара жолы қалған, екінің біріне бұйыра бермейтін өшпестей із қалдырған, еңбектің ерен үлгісін көрсеткен абзал ана ел ауызындағы жырлардың бірі болды.
Осы мақсатта жуырда Алғабас ауылдық кітапханада кітапханашылар: Ж.Ақшалова Ұ.Қасқабаеваның ұйымдастыруымен «Бір ауыл – бір тарих» аясында ауқымды іс-шара өтіп, ­Айжамалды тағы бір еске алды.
Жақсының аты өлмейді деген осы, арамыздан өтіп кеткен бар өмірін, ұрпақ жолындағы жарқын күндерге арнаған ағаларымызбен, апаларымызды насихаттай отырсақ, одан алар ғибрат көп.

А.Әбдіхамитқызы,
Шиелі ауданының
ардагерлер­ кеңесінің алқа мүшесі, Алғабас ауылы әйелдер кеңесінің төрайымы


22 қаңтар 2022 ж. 306 0