Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғабастың ардақ тұтар қариясы

Алғабастың ардақ тұтар қариясы

Алғабас ауылы бұрын аудандағы қай шаруашылықтан болсада алдына жан салмаған ең ірі, іргелі Ленин атындағы колхоз деп аталатын.1960-70 жылдары шаруашылық көптеген еңбек ерлерін дүниеге алып келді. Ірі қара 4500-ге жетті. Егін шаруашылығы дақылдың барлық түрлерін өндіріп, мемлекетке сатудан дес бермеді. Егін егу, оны күтіп баптау, жинау науқандарында озаттардың қатары көбейді. Күрішшілер Камал Әбдібеков, Нұргүл Қалымбетова, Кенже Садықбекова, сауыншылар Шәукен Мейрамбаева, Патшагүл Қуандықова, Раушан Нақыпбекова, бақташылар Тоқтар Шығанбаев, Алпысбай Өтеуов колхоздың даңқын аспандатты. Жиналған дәнді аудандық астық қоймаларына жеткізуде көлік жүргізушілердің де еңбегі ұлан ғайыр болды.
Сол кездегі тепсе темір үзетін демалуды білмейтін, қайнаған еңбектің ортасында қайыспай ел ырысын жинаған ерлердің алдыңғы сапындағы азаматтың бірі осы Еген Қансақаев болатын.
Жүздің жүзін көруге санаулы жылдары қалған Еген ағамен бір тілдесуді мақсат етіп үйіне баруға бет алдым. Ойламаған жерден кіріп барғандықтан ба, әлде өзін біреудің іздеп келетінін жүрегі сезді ме, Еген аға терезеге қарап отыр екен. Орнынан тік тұрды да балаша қуанып, «жаным қарындасым» қош келдің деп екі қолын жая екі иығымнан тарта маңдайымнан сипап төрге қарай ала жөнелді. Бауырмалдығы, елгезектігі, сол баяғы риясыз күлкісі, шалт қимылы өзгермеген. Келін дастарқан жайып жүгіріп жүр. Мен шамалы кідіріп амандық саулық сұрасып болған соң келген жұмысыма көштім. «Жарайды, жаза бер» деді де өткен уақытты есіне түсіре баяндай бастады.
– Анам сен ашаршылық басталар алдында көктемнің мамыра жай күнінде дүниеге келгенсің, – деп айтып отырушы еді. Жамбыл обылысы Шу ауданының Қосқұдық деген жерінде 1931 жылдың май айында туғанымды әкемізде айтып отыратын еді. Содан 1938 жылы осы Шиелі ауданы, Тартоғай ауылына ағайындарымызды сағалап көшіп келіппіз. 1940 жылы Тартоғайдан Қышқұдыққа көшіп келіп, сол жерден бастауыш сыныпты оқыдым. Сол кездегі мұғалімдеріміз ­Шыныбек Сейділдаев, Жарас ­Сейдахметов ағайлардан сабақ алдым. Тұрмысы өте ауыр. 10-12 жасар баламыз. Шиеліге астықты есек арбамен, есекпен тасимыз.
Аш құрсақ жүрген күндеріміз көп болды. Анамыз бидайды қуырып қалтамызға салып береді. Соны талғажау етеміз. Небір күндер өтті ғой. Қайсыбірін айтайын. 1957 жылы колхоз бастығы Еген Әлсейітов «мына көлікті айда» деп бір қаусап қалған жүк машинасына отырғызды. Не керек содан бастап менің мамандығым жүргізуші болды. 1958 жылы Сұлутөбенің сұлуы Сайкүл жеңгеңмен бас қостым. Ол кезде колхоз басшысы Әзімхан Исмаиловтың қамқорлығы сол тойымды өткізуге көмек берді. Содан бастап колхозға қандай да бір машина келсе Әзекең: – «ал Еген, мінде, шап», – деп кілтін қолыма ұстатумен келді.
40 жыл темір тұлпар менің еңбектегі бағымды ашса, өмірдегі бағымды Сайлаукүл жеңгең ашты деп бір күрсінді. Әсіресе бес ұл, алты қыз баланың анасы ағаймен 60 жыл отасқан аяулы жары 40 немере, 20 шөбере сүйдірген батыр ана Сайкүл апайды жеткізуде қатты қиналды.
Апай даусын естіген жан таңқалатындай.Таңдайында өлеңнің ұясы бар. Халық әндерін керемет орындайтын. Жүрген жері шат шадыман, той көрігін қыздырып жүретін үлкен бір өнердің иесі еді. Сол кескін, сол дауыс жібектей мінез қара жердің қойнауында жатса да ауылдастардың көзінен де, көңілінен де кетпеген. «Шіркін, Сайкүлдің даусы-ай» деп аңсап тұрады. «Екі жақсы қосылса күн туады айменен» десе дегендей қос бәйтеректен тараған ұл-қыздарда өмірден орындарын дұрыс тапқан азаматтар.
Иә, апайды мен жақсы білетіндіктен арыға барып ағайдың шаршаған жүрегін сыздатпайын дедім де әңгіменің арнасын қайта бұрдым. Ағай да жалғастыра берді. Қанша жылғы бейнетім бағаланбай қалған жоқ. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Шаймерден Бәкірұлының қолынан жеңістің 65 жылдығы медалін, әр бес жыл сайын 70-75 жылдығына берілген мерекелік медальдарды кеудеме тақтым. Осы суреттер әлі күнге кешегідей сияқты.
Тоқсанда аз емес екен. Қарттықтың қалай келгенін байқамай да қалыппыз. Қатарымыз кеткен. Уақыт ұстатар емес. Енді ұрпақтарымыз аман-есен өсіп өне берсе еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, одан артық не керек деп сөзін аяқтаған аға, іздеп келгеніңе рақмет деп жоғары көңіл күймен шығарып салды.
Осы сәтте ақын жанды М.Әміреұлы деген кісінің:
Әр жанның қатар теңі бар.
Әр істің артық кемі бар.
Қалайда келмей қоймайтын
Қарттықтың қандай емі бар, – деген шумағы ойыма оралды.
Бір кездері отызында орда бұзып, қырқында қылыш шапқан отбасының тірегі, 11 баланың әкесі, әдемі қартая білген Еген ағаның ардақ тұтар ауылы сол қарттығының емі емес пе деген тоқтамға келдім. Иә, Еген аға жүзіңіздегі риясыз күлкі жүрегіңіздегі өмірге деген жылылық ардақ тұтар ауылыңыз барда жасай бересіз.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
Алғабас ауылы
23 ақпан 2021 ж. 336 0