Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолына жұмыс бергенің – Жанына тыныс бергенің

Қолына жұмыс бергенің – Жанына тыныс бергенің

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент отырысында баса назар аударған мәселелердің бірі, әрине жас­тар мәселесі болды. Президент өз сөзінде жастардың жұмыссыздық мәселесінің тұрақты түрде шешімін таппауы себебінен олардың түрлі теріс пиғылды топтардың арбауында кетіп жатқандығын жасырмады. Сондықтан үкіметке «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ жұмыссыз жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасауды тапсырды.
Міне, көп уақыт өтпестен жағымды ақпар тарап, жастар тәжірибесі бағдарламасының мерзімі енді бұрынғыдай 6 ай емес, 1 жылға ұзартылды. Әрі бағдарламаға қатысушы жастардың жалақысы 2021 жылғы 25 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 72 мың 925 теңгеден, 30 АЕК 91 мың 890 теңгеге дейін жоғарылайтын болды. Сондай-ақ жұмыссыз жастардың іскерлік бастамаларын іске асыру үшін берілетін гранттар құны 400 АЕК, яғни 1 млн 225 мың теңгеге дейін өспек. Дегенмен, былтыр 22 мыңнан астам азаматқа үлестірілген гранттардың саны өсе ме, жоқ па белгісіз? Бастысы, қайтарымсыз гранттар шағын кәсіпкерлікпен айналысуға шынайы ниеті бар, іскер азаматтарға үлестірілсе дейміз. Өйткені қайтарымсыз грантқа ие мыңдаған азаматтың ішінде кәсіп ашып, оны дөңгелетіп отырғандары шамалы.
Тағы бір маңызды жаңалық. Биыл­дан бастап барлығымызға таныс «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мерзімі аяқталып, оның орнына 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба қабылданды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының айтуынша, жобаның мақсаты халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту болып табылады. Осы тұста, 2017-2021 жылдар аралығында іске асырылған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жетістіктерін де айта кетуіміз қажет. Себебі, аталған бағдарлама арқылы 2019 жылы елімізде 363,7 мың адам еңбекке тартылып, оның 255,6 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал, 2020 жылы 649 мың адам жұмысқа тартылса, 2021 жылы 528 мың адам бағдарлама шеңберінде уақытша және тұрақты жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 35 мыңнан астам азамат Қызылорда облысының тұрғыны.
Бағдарламаның тиімді тұстары көп болғанымен, кемшіліктері де жоқ емес еді. Мәселен, Президент меңзеген сөз бен істің сәйкес келмеуі, яғни, жұмыссыздық көрсеткішінің төмендетіп көрсетілуі аталған бағдарламаның басты кемшілігі деуге болады. Сондықтан жаңа жоба кеткен қателіктерді қайталамай, уақытша жұмыспен қамтылған азаматтардың сол жұмыс орнына бейімделіп, бағдарлама мерзімі аяқталған соң тұрақты жұмысқа алынуына жағдай жасау керек секілді.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
22 қаңтар 2022 ж. 564 0