Ел болашағы – жалынды жастар
Қазақстандағы 18 млн-нан астам халықтың 40 пайыздан көбін 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрайды. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда біз өте жас, өсіп келе жатқан дамушы мемлекетпіз. Ал аудандағы жалпы халықтың 25 пайызын жастар құрап отыр. Олай болса жастар саясатын дамытуда өңірде қандай жұмыстар атқарылуда, алдағы жоспарлар турасындағы сауалдарға жауап іздеп, аудандағы жастар ресурстық орталығына хабарласқан едік
Жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Жылдың басынан бері бес айдың ішінде аудандық «Жастар ресурстық орталығында» 59 шара ұйымдастырылып, оған 12946 жас қамтылған.
Жастар жобасы
Жастарды жұмыспен қамту елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі. Орталықта 10 бағыттан тұратын жоба іске асуда. Олар «Жас кеңесші», «Тұлғатану», «Жастар қоғам назарында», «Жас Отау», «Жүрек жылуы», «Жас маман», «Еріктілер мектебі», «Жастар стартап», «Біз спортты таңдаймыз», «Жас көшбасшы» бағыты бойынша қабылданған жобалар. Сонымен қатар мамандар тарапынан түрлі мәселе бойынша 183 жасқа құқықтық, әлеуметтік, психологиялық-консультациялық кеңестер берілді. Кеңес берудің басым бөлігі кәсіпкерлікпен айналысу, тұрақты жұмысқа орналастыру, тұрғын үй мәселесі, қайырымдылық жасау мемлекеттік бағдарламалары болатын. Аталған мәселелер аясында елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Серпін-2050», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», бағдарламалары қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып келеді.
Жұмыссыз жастар қатары азайды
Жалпы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға төмендеген. Ағымдағы жыл басынан халықты жұмыспен қамту орталығына 644 жас азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Жұмыс іздеуші ретінде тіркелген жастардың 355-і, яғни 55,1 пайызы тұрақты жұмыспен және жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Олар ұзақ, қысқа мерзімді оқыту курстары, шағын несиелендіру, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі және ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған.
Ауданда жастар арасында қалыптасып отырған әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу мақсатында «2021 жылға дейінгі жол картасы», «NEET» санатына жататын жастармен жұмыс жасау, «Жастардың бос уақытын және шығармашылығын ұйымдастыру» шараларының жоспарлары бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар кент және ауылдық елді-мекендердегі NEET санатына жататын жұмыссыз жүрген жастардың әлеуметтік жағдайын білу арқылы қоғамдық ортаға тарту үшін олардың әлеуметтік портреті әзірленуде. Мемлекеттен бөлініп жатқан гранттарға қол жеткізу мақсатында тиісті сала мамандарын тарта отырып аудандық жұмыспен қамту орталығынан, кәсіпкерлік палатасынан, жастар орталығынан ақпараттық түсіндірме тобы құрылып, әр тұлғамен жекелей жұмыстар атқарылмақ. Аталмыш санаттағы жастардың картасын жасау жоспарланып, жылдың аяғына дейін оң шешімі табылмақ. Сондай-ақ биылғы жазғы маусым кезінде «Жасыл ел» бағдарламасына бірінші кезекте осы санаттағы жастарды жұмысқа орналастырылу көзделіп отыр.
Өңірдегі жастар
кәсіпкерлігін дамытуда
Елбасының жарлығымен биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялау жастар үшін үлкен мүмкіндік. Жастарға мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікпен айналысуына басымдықтар беріліп келеді. Кәсіпкерлікпен айналысу аудан бюджетін дамытып қана қоймай, жұмыссыздық мәселесін шешуге де оң ықпалын тигізбек. Қазіргі таңда аудандағы 18-29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлердің саны 542-ге жетіп, белсенділігі 13,2 пайызды құрап отыр.
«Бизнес кеңесші» жобасымен кәсіпкерлік бойынша оқыған
48 жастың ішінде 46 жас кәсіпкерге 121,5 млн. теңге несие қаражаты беріліп, 62 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ шаштараз, тігін, кондитер цехы, сұлулық салоны, құс шаруашылығы, компьютер орталығын ашу секілді жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытымен 20 жасқа 4,8 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік гранттық қаржыландыруға ауданнан 100 жоба ұсынылып, 24 адамға 15,3 млн. теңге қайтарымсыз грант қаражаты бөлінді. Оның ішінде 5 жас кәсіпкер 2 млн. 536 мың теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, жұмысын дөңгелетіп отыр.
Ағымдағы жылы аудан көлеміндегі 29 жасқа дейінгі 100 жасқа 505 000 теңге мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында мемлекеттік грант беру мақсатымен республикалық бюджеттен 50,5 млн. теңге қаржы бөлінуде. Сондай-ақ, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайызбен кәсіп түріне қарай 5 жылға дейін немесе мал шаруашылығы саласындағы жобалар және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін 7 жылға дейінгі мерзімге 80 жасқа шағын несие берілетін болады. Биыл «Өңірлік инвестиция орталығы» жанындағы бақылау кеңесінде 60 млн. теңгеге 14 жоба қолдау тапса, жастардың 6 жобасы 17,5 млн. теңгеге мақұлданып, қазіргі таңда қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы «Бастау - бизнес» және «Бизнес - кеңесші» жобалары бойынша оқытылатын жастардың үлесін 60 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Былтырғы жылы «Жаспрожект» жобасы бойынша грант ұтқан 28 жастың ішінде 15-і өз кәсіптерін әрі қарай жалғастыруда.
Жыл аясындағы
ауқымды шаралар
Жастар – қай заманда да, қай елде болсын, асқақ арман мен үкілі үміттің, таза ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері ретінде мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырып, жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Жастар жылына орай, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында «Жас кәсіпкер» бағдарламасын ауданда жүзеге асыру мақсатында «Бәйгеқұм–туризм алаңы» атты облыстық жас кәсіпкерлер слетін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар осы айда «Сыр Ұланы» тынығу лагерінде NEET санатындағы жұмыссыз және шығармашыл жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға арналған «Шиелі жастар КАМП–2019» атты жазғы лагерін 5 күндік қылып өткізу күнтәртібіне енгізген. Жастар жылында ғана емес, одан кейінгі жылдар да тиімді шаралар қолға алынып, орындау басты мәселе болып қала бермек дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директоры Біржан Бақтыбайұлы. Иә, біз жастардың бойынан өзіндік рух пен ұлтжандылықты, белсенділікті, қазақ еліндегі орын алып жатқан қоғамдық саяси үдерістерге үн қосуын құптаймыз. Тек белгілі бір ақылы әлеуметтік жобалар аясында ғана өтетін бір-екі күндік ду етпе акциялар мен флешмобтарға ғана байланып қалмай жастар ел дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырса. БАҚ беттерінде жазылған әлеуметтік мәселелерге үн қосып, өзіндік тың идеялармен, жоспарларымен ел-жұртты таныстырып, әлеуметтік желідегі аккаунттар арқылы, жергілікті БАҚ арқылы замандастарын үнемі жаңашылдыққа шақырып отырса дейміз. Жастар арасында құрылған депутаттар бүгінгі күннің тыныс-тіршілігінен, ахуалынан, жастар арасындағы кейбір дәстүрлік, ділдік, діндік шетін мәселелерден тиылу бағытында баспасөзде белсенді болса дейміз.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.