Келер жылдан үміт көп
Міне, ақтық пен тоқтықтың нышаны саналған сиыр жылы да тарих қойнауына еніп барады. Аталған жыл жұртқа жақсылығын тарту етіп, табысын арттырып, өзіне тән жетістіктермен күнтізбенің бетін жаңартуда. Әрине, сиыр жылы дегенде көпшіліктің есіне коронавирус індеті мен пандемия, карантин, сақтық шаралары оралатыны белгілі. Алайда, өткен жылы тек жағымсыз оқиғалар ғана орын алды деп айту қате. Себебі, әр жылдың еншісінде өзіндік жетістіктері мен табысы, жақсылығы мен сәтсіздігі болады. Мәселен, жер тұрғындарына қол бұлғап бара жатқан сиыр жылында көпшіліктің назары қазақы салт-дәстүр мен ұлттық киімге ауды. Сондай-ақ туысқандар арасындағы қарым-қатынас жақсара түсті. Осылайша жақсылықты тізбектей берсек жеткілікті. Лайым ендігі кезекте батылдық пен батырлықтың белгісіне баланған барыс жылы да жақсылығын тарту етсін дегіміз келеді. Бірақ, әр жылдың өзіне тән мінезі боларын естен шығармаған жөн. Осы орайда жаңа жыл жақындасымен-ақ нумерологтар болжам жасап үлгерді. Мәселен, нумеролог Құралай Бақытқызының айтуынша, 2022 жыл жайлылық, үйлесімділік және әдемілік нышаны. Бұл жылдың ұраны – трендтен қалыс қалмау. «Алдағы екі жыл мүлде өзгеше. Адамдар жаңашылдыққа, трендке ұмтылады. Заман көшіне ілесіп жүруге тырысады. Батысқа еліктейді. Шаршамай-тоқтамай, үнемі еңбектенетін жыл. Жаңа жылда адамдар үнемі қимыл-қозғалыста жүреді. Жиі көшіп-қонады. Тек алға қадам жасап, дамып, өсе береді. Сондай-ақ 2022 жыл депозит ашып, ақша жинауға қолайлы кезең. Бірақ көзсіз тәуекелге баруға болмайды. Асығыс шешім қабылдап, опық жеп қалуыңыз әбден мүмкін» дейді қазақстандық маман. Өзге мамандар да жаңа жылда жақсылыққа үміттеніп, жақсы болжамдар жасауға тырысуда. Олай болса, біз де қазақ тарихындағы барыс жылдары қалай өткенін саралап көрдік.
Қазақша жыл санаудың тарихы тереңде жатыр. Демек барыс жылының еншісінде бірталай оқиғаның орын алғаны белгілі. Алайда, біз жұрт жадында жатталып, ерекше мәнге ие тарихи жағдайларды ғана тізбектеуді жөн санадық.
Қазақша жыл санаудың тарихы тереңде жатыр. Демек барыс жылының еншісінде бірталай оқиғаның орын алғаны белгілі. Алайда, біз жұрт жадында жатталып, ерекше мәнге ие тарихи жағдайларды ғана тізбектеуді жөн санадық.
1902 жыл. Жаңа ғасыр, жаңа бетбұрыстар.
ХХ ғасырға аяқ басқаннан кейін қазақ халқы жаппай білім-ғылымға бетбұра бастады. Дала өлкесінде ауыл мектептері пайда болып, қазақтың қара домалақ балалары ауыл мұғалімдерінен дәріс алды. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен мектептер ашылды. Соның ішінде 1902 жылы Далалық өлкеде осындай 14 мектеп ашылған болатын. Олардағы оқу мерзімі екі жыл еді. Оқушылар қазақ және орыс тілдерін, арифметиканы оқыды. Кейінірек ислам дінінің негіздерін оқытуға да рұқсат етілді. Бірақ бұл ретте жұмсалатын қаржыны мұсылмандар өз қалталарынан төлеуге тиісті болды. Қалай дегенменде осыдан бір ғасыр бұрынғы барыс жылы қазақ халқы үшін сауаттану, рухани баю дәуірі болды десек қате емес. Тіпті, бұл уақытта қазақтың бетке ұстар ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері дүниеге келген. Мәселен, Қазақстанның халық жазушысы Ғабиден Мұстафин, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері Ғани Мұратбаев, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов 1902 жылы дүниеге келген. Сонымен қатар осы жыл хәкім Абай үшін де шығармашылық жыл саналған. Ол бір ғасыр бұрынғы барыс жылында үш өлең және Лермонтовтан бір аударма жазған.
1914 жыл.
Бұл жылы әлемді дүр сілкіндірген бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Әлгінде айтқанымыздай әр жылдың өзіне тән жақсылығы мен сәтсіздігі болады. Бұл соғыс та барыс жылының еншісіндегі сәтсіздік шығар, бәлкім. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар да қолынан келгенше үлес қосты. Соның ішінде Қазақстан аумағынан майданға ет, киіз, мақта, сабын, балық, мақта майымен қатар күш-көлік, мініске деп 70 мың жылқы, 13 мың түйе жөнелтілген. Баспана ретінде 14 мың киіз үй алынған. Қазақстан аумағындағы кен орындары соғыс жағдайына жұмылдырылып, көмір, мұнай өндірістеріндегі жұмысшылардың жұмыс күні ұзақтығы 14 сағатқа жетті. Соғыс салдарынан өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық саласы күйзеліске ұшырады. Жүсіпбек Аймауытов сол кездегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін «Қартқожа» романына арқау етті.
1926 жыл. Тарих қойнауында талай сыр бүгіп жатқан бұл жылдың да жаңалығы жетерлік. Соның бірі әрі бірегейі – Қызылордада қазақтың тұңғыш театрының ашылуы. Қазақ өнерінің қара шаңырағы – осы күнгі Қазақстан Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры алғаш рет Мұхтар Омарханұлының «Еңлік-Кебегін» сахналады. Ешқандай кәсіби білімі болмаса да, халық арасынан шыққан таланттар сахнаның сәнін келтіріп, түрлі образды сомдады. Қадамын енді тіктеген қазақ театрының өркендеуіне ұлттық театр өнерінің бастауында тұрған артистер де, театрдың қанатын кең жаюына жанашырлық танытқан басшылар да барын салды. Осылайша, Қызылордада іргетасы қаланып, керегесін тіктеген қазақ театры бүгінгі биік белесіне көтерілді.
1938 жыл.
Бұл жылы орын алған оқиғаны ешкім ұмыта қоймас, сірә. Себебі 1937-1938 жылдары қазақ халқы бетке ұстар қайраткерлерінен, біртуар азаматтарынан айырылды. Алаш зиялылары репрессияға ұшырап, халық қара жамылды. Осы жылы Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Құтжанов, О.Исаев, О.Жандосов, А.Досов, А.Асылбеков, Ж.Садуақасов, С.Сапарбеков, Т.Жүргенов және т.б. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыппен қудаланып, репрессияға ұшырады. Репрессия жылдарында тек бұлар ғана емес ғылым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлері А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, Ж.Шашин, К.Кемеңгеров және тағы басқалар ату жазасына, қуғын-сүргінге ұшырады.
1950 жыл. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін Қазақстан еңбекшілері бейбіт құрылысқа қайта оралды. Әсіресе, 1950 жыл өнеркәсіп үшін өркендеу жылы саналды. Дәл осы жылы металлургиялық процестердің тұйық циклімен жұмыс істейтін Қарағанды металлургия зауытының құрылысына арналған дайындық жұмысы басталды. Өнеркәсіп жұмысшыларының көбі негізінен машина жасау мен металл өңдеу салаларында еңбек етті. Соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығында істейтін әйелдер саны азая түсті. 1945 жылғы 51 проценттен 1950 жылы 40 процентке дейін кеміді. Бұл республикада әлеуметтік саласындағы едәуір жетістік еді.
1962 жыл. Тарих бетінде елеулі оқиғамен сақталған бұл жылды көші-қонмен байланыстырсақ болады. Себебі, осы жылы Кеңес Одағы тұсындағы әкімшіл-әміршіл басқару жүйесінің қыспағынан Қытайға өтіп кеткен қазақтарға Отанына оралуға рұқсат етілді. 1962 жылы 60 мыңдай ұйғырлар мен қазақтар кеңес-қытай шекарасынан бері өтті.
1986 жыл. Тәуелсіздікке қадам жасалған жыл. 2021 жыл талайды тоңдырып, гүлді солдырған Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толған болатын. Желтоқсан оқиғасы мен Тәуелсіздік бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Сондықтан, тарих бетіндегі бұл қанды оқиғаны айналып өте алмаймыз. Дәл осы жылдың қысында өрімдей жастар егемендік пен бостандық үшін жанын пида етті. Өзге ұлт өкілінің билік басына келгеніне наразылық білдіріп, бейбіт шеруден басталған оқиғаның соңы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды сол кездегі бозбала мен бойжеткендердің құрбаны болуына алып келді.
1998 жыл. Тәуелсіздік таңы атып, аяғымызды нықтап басқан жылдардың бірі болатын осы кезең. Осы жылды Елбасы Н.Назарбаев «Халық тұтастығы мен ұлттық тарих жылы» ретінде атап, тәуелсіз жаңғырудың, еркін ел болудың жолында өз жарлығымен тарихи танымға айрықша мән беру қажеттігіне пәрмен берді. Бас қалаға айналған Ақмолаға Астана атауы берілуде, алғаш рет ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясы тағайындалуы да осы жылдың еншісінде.
2010 жыл. Тәуелсіз қазақ елінің «тепсе темір үзетін», оңы мен солын, досы мен жауын ажырата алатын 19-ға толған жылы болды деп ауыз толтырып айта аламыз. Осы жылы әлемдік саясатта айымыз оңынан туып, ЕҚЫҰ секілді жаһандағы айбарлы да алпауыт ұйымға төрағалық тізгінін қолға алдық. Төрағалықты лайықты өткеріп қана қоймай, тың бастама Астана Саммитін абыроймен атқару арқылы әлемге тағы бір қырымыздан танылдық.
Міне, тарих бетін парақтасақ өткен барыс жылындағы жетістіктер мен жеңілісті көруге болады. Енді алдағы барыс жылы да жеңіс пен жеміске толы сәтті жазуға әзір тұр. Талай жылдың тауқыметі мен тақсыретін бастан өткерген халқымыз әр жылдан зор үміт күтетіні ақиқат. Олай болса көптің тілегі қабыл болып, келер жыл тек жақсылығын тарту етсін дейміз.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА