Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Партия - ел тарихына қызмет етеді

Партия - ел тарихына қызмет етеді

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын. Бір ғасырдан астам бөтеннің бодауында болып, ел-жұрттың санасынан өшіп, жадынан жоғала бастаған құндылықтарымызды қайта жандандыру мақсатында іргелі істерге ұйытқы болған бұл бағдарламаның болашақ ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз болды десек артық айтқандық емес.
Бағдарлама жарияланған соң елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалды. Бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында Ұлттық музей жанынан республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы құрылды. Бұл жұмыстар легі алты Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде де қолдау тапты. Нәтижесінде Қазақстандағы жалпыхалықтық маңызы бар 100 нысан тізіміне облыстан 12 нысан таңдалып алынды. Олар «Ірі орта ғасырлық қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары» санатына жататын Жанкент, Сығанақ, Шірік-Рабат және Жент қалашығы. «Діни және ғибадат орындары» санатына Оқшы ата, Қорасан ата, Төлегетай-Қылышты ата кешенді мазары, Бегім ана мұнарасы, Қорқыт ата мемориалды кешені, Бұқарбай батыр кесенесі мен Жанқожа батыр мазары және Қызылорда қаласындағы Христос Спаситель шіркеуі бар.
Еліміздегі киелі жерлерді қайта жаңғырту жұмыстарына "Nur Otan" партиясы да ерекше мән беріп келеді. Партияның басты бағдарламасында «Қазақстанның киелі географиясы» және «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларын іске асыру жалғастырып, Гаухар Ана, Ордабасы, Сауран, Есік, Берел, Шілікті, Бозоқ, Сарайшық мұражай-қорықтарында визит-орталықтар салуды мақсат еткен. 
Одан бөлек "Nur Otan" партиясы Түркістанның тарихи орталығын қалпына келтіру, Сауран, Сарайшық, Отырар, Ақыртас, Сығанақ, Жанкент және Бозоқ елді мекендерін зерттеу арқылы тарихи-мәдени мұраны сақтау жұмыстары жалғастыруды көздейді. Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің бірегей ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша шаралар қабылдау да Нұр Отандықтардың басты жоспарына айналған. 
Қалыптасқан хронологиялық тарихи кезеңдер үшін осынау аз ғана уақыттың ішінде қазақ мәдениетіне, дәстүріне, тарихына қатысты тың зерттеулер жасалып, ұмытыла бастаған ұлтымыздың баға жетпес рухани мол қазынасын халық жадында қайта жаңғырту жұмыстары осылайша қарқын алды.
Бір кездері «Сыр медиа» ЖШС жанынан «Рухани жаңғыру» орталығы құрылған болатын. Орталықтың ұйымдастыруымен тарихи жадыны жаңғырту, ұмытыла бастаған рухани құндылықтарымызды халықтың бітім-болмысымен біте қайнастыру бағытында қызу тірліктер қолға алынды.  Сондай рухани шаралардың бірі жуырда «Сыр медиа» ЖШС басшысы, Nur Otan" партиясы атынан облыстық мәслихат депутаты болып сайланған А.Оңғарбаев бастаған журналистік топтың Түркістан облысына жасаған рухани-танымдық сапары еді.
Күллі түркі жұртының рухани орталығына айналған Түркістан бүгінде қайта түлеген, жаңарып, жасарып, өркен жайып келе жатқан алып қала. Қалам ұстаған қауымның киелі мекенге іс-сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенсінен басталып, одан әрі ұлы дала ­бойында сырын ішіне бүккен тарихи орындар Үкаш ата, Баба түкті Шашты Әзиз, Ысқақ бап, Ғайып-Ерен, Қырық Шілтен сынды киелі мекендерде жалғасын тапты. Қасиетті орындардың қай-қайсысы болмасын өзінің мыңжылдықтарға ұласқан тамыры терең тарихымен ерекшеленеді.
Жалпы бабадан мирас болған ұланғайыр атамекенімізде мұндай киелі орындар жетерлік. Өткенге екпін беріп, өшкенді қайта жаңғыртқан Тұңғыш Президенттің жоғарыдай айтқан бағдарламалық мақаласы тарихқа қайта жан бітірді деуге болады. 

Нұрболат ПІРІМБЕТ
21 желтоқсан 2021 ж. 855 0