МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ – МЫҚТЫ МЕМЛЕКЕТ
«Елдіктің жеті тұғыры» болашақ ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында «Мәңгілік ел» мұратын жүзеге асырудың жеті тұғырын айқындап берді. Бұл жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын қағидаттар жиынтығы. Елбасының бір-бірімен үйлесім тапқан жас ұрпаққа үндеуі барымызды бағалап, тәуелсіздік деген киелі ұғымды сақтап қалуымызға жол нұсқайды.
Біріншіден, Тәуелсіздікті қастерлі құндылық ретінде жан-жақты талдаған. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болса, әлемдегі дамыған елдермен бәсекеге түсуге мүмкіндік болады. Екінші – бірлік пен келісім мәселесі. Әрине, ел ішінде бірлік, ұлтаралық келісім болуы қажет. Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлттардың арасында бір-біріне деген құрмет, сыйластық, түсіністік болмаса, елдің болашағы жарқын болмайды, іргесі ажырап, берекесі кетеді. Бұл жерде Елбасының айтып отырғаны – мүмкіндігінше ұлтқа, руға, жүзге бөлінбей, бірлік пен келісімде өмір сүрсек, келешекте Қазақстанның әлемдегі дамыған елдермен бәсекелес болуына мүмкіндік туады деген сөз.
Сондай-ақ, халық көкеййіндегі жер мәселесі – ең жанды жеріміздің бірі. Жер десе, әрбір қазақ көтерілетінін тарих көрсетіп берді. Халқымыз «Жер шетелге сатылмасын, жалға да берілмесін!» деді. Мемлекет халықтың талабын орындады. Бұл – ата-бабадан қалған мұрамыз, асыл қазынамыз. Әлемде 9-орында тұрған жеріміз – басты байлығымыздың бірі, темірқазығымыз, кіндік қанымыз тамған Отанымыз. Сондықтан Елбасының жер жайында айтқан сөздерін толық қолдаймын. Біз жерімізден ешқашан ажырамауымыз керек.
Отбасы мен салт-дәстүр мәселесін Елбасы қоғамның алтын діңгегі деп атапты. Әрине, отбасы деген – шағын мемлекет. Әрбір отбасы қазақтың салт-дәстүрін сақтауы керек. Салт-дәстүр болмаса, ұлт болмайды, келешегіміз жарқын болмайды. Қазір жүрегіміздің ауыратыны – эфирден домбыраның, қобыздың үні көп естілмейді. Ұлттық мәдениетіміз эфирден көп насихатталмайды. Зиялы қауым өкілдері де осы мәселені көтеріп жүр. Ұлттық мәдениет болмаған жерде ұлт болмайды. Ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, өнерімізді, ұлттық санамызды жоғалтпай сақтау – басты мақсатымыз, басты ұстанымымыз болуы керек.
Ал одан кейінгі алтыншы тұғырда білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолында білім мен ғылымды дамытудың мемлекет үшін маңызы мол. Ол үшін жетінші тұғырда айтылған прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі болмақ. Прагматизм принциптері барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынуды көздейді.
Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы «Елдіктің жеті тұғыры» атты жаңа қағидасымен барша қазақстандықтарды рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жету үшін тынбай жұмыс істеуге шақырды.
Аманжол Оңғарбаев
«Сыр медиа» ЖШС
Бас директоры