Тәуелсіздік тағылымы
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарияланды.
ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ
Көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз – ел тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу.
Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады.
Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды.Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды.
Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт.
Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым.
Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың дербес мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім.
Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы.
Гүлдана Жақыпова,
"Көкшоқы" Бастауыш партия ұйымының төрайымы
"Көкшоқы" Бастауыш партия ұйымының төрайымы