Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтарға алданбаңыз

Алаяқтарға алданбаңыз


– Алло, сәлеметсіз бе?
– Алло, бұл кім?
– Мен банк қызметкері Пәленше Түгеншемін. Сізбен сөйлесе аламын ба?
– Иә, айта беріңіз, тыңдап тұрмын.
– Біз сіздің несие тарихыңызды базадан қарап көрген едік. Өкінішке қарай алаяқтар сіздің атыңыздан несие рәсімдеген. Біз сізге сол мәселелерді шешіп бере аламыз. Ал, егер мәселені тез арада шешпейтін болсаңыз, шотыңыздан қаржыны шешіп алады. Сондықтан, бұны тез арада анықтап, тексеру қажет. Ол үшін сіз бізге ең әуелі жеке сәйкестендіру нөмеріңізді айтуыңыз керек болады.
– Ойбай-ау, не дейді? Олай болса, сіз маған тез арада көмектесіп жіберіңіз.
– Жақсы, қазір сіздің ұялы телефоныңызға «Смс код» жібереміз. Сол құпия сандарды бізге айтып жіберсеңіз?
– Иә, құпия сан келді.
– Сол құпия санды айтыңыз. Сосын біз сізге сақтандыру жасап қоямыз.
– Ханым, маған банк 2 миллион теңге көлеміндегі несиенің берілгендігі жөніндегі хабарлама жіберіпті. Бұл қалай түсінбедім?
– Иә, сіздің атыңыздан біреулер несие рәсімдеген деген ақпарат келіп тұр. Бірақ, оған бола қорқудың қажеті жоқ. Біз сізге көмектесу үшін қоңырау шалып отырмыз.
– Жарайды, онда құпия санды айтайын.
– Тамаша! Енді сіз өз ұялы телефоныңыздағы банк қосымшасына кіріп, біз айтқан нөмірге аударым жасауыңыз қажет. Бұл өз-өзіңізді сақтандыру үшін қажет болады. Айтқанымыз түсінікті болса, біз айтқан тапсырманы орындауыңызды сұраймыз.
– Жақсы, банк қосымшасына кірдім. Жаңағы сіз айтқан нөмірге аударым жасайын ба?
– Иә.
– Міне, жасадым. Бұл қосымша маған түбіртек шығарып берді. Оны не істейін? Алло, Алло, Алло, Сіз мені тыңдап тұрсыз ба?
Бұл банк қызметкерінің атын жамылып тұрған алаяқ пен қарапайым ауыл тұрғынының диалогы. Екеу­ара әңгімеде тұрған не бар дерсіз? Бір қарағанда қорқатын дәнеңесі жоқ. Оны сіз бен біз байқай қоймағанымызбен, мына бір диалогты алаяқтардың қақпанына түсіп қалғандар жақсы біледі. Айтпағымыз, алаяқтардың апанына түсіп қалған жандар хақында.

Баяғы өткен заманда бір жас жігіт ақсақалға келіп:
– Ақсақал, бұл өмірде неден қорқасыз?, –депті.
Сонда ақсақал әлгі жігітке қарап тұрып, «Ее, балам, бұл өмірде қорқатын дүние көп. Пенде біткеннің бәрі Құдайдан қорқатын болса, мен әуелі Құдайдан, сосын Құдайсыздардан қорқамын деген екен. Сөзінің жаны бар. Ақсақалдың айтқаны бүгінгі заманға дәлме дәл келіп тұрғандай. Себебі, адамдықтан аттап, ­Алладан қорықпайтын алаяқтар көбейіп кетті. Заңды былай қойғанда, асыл дініміз де бұған қарсы.
Әлеуметтік желінің қарыштап дамығаны соншалық, қазір үйден шықпай-ақ несие рәсімдеуге болады. Бұл әрине жақсы. Десек те, онлайн жүйенің машақаты да жетерлік. Өйткені, қаскөйлер жеңіл жолмен ақша табу үшін алаяқтықтың жолына көшіп алған. Ондайды бүгінгі тілмен «Мошенник» деп айтуға болады. Мошенник сөзінің орыс тілінен аударғандағы қысқаша баламасы – автомашина. Сонда автомат, яғни, жедел деген сөз. Ал, «мошенниктер» еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Олардың негізгі жұмысы да сол. Адамдарды алдау. Олар әуелі асықпай, саспай, орыс тіліндегі менеджер болып өзін таныстырады. Содан соң, іші-бауырыңызға кіріп, өте мәдениетті сөйлеп, сіздің сеніміңізден шығады. Алаяқтар түрлі нөмірден хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, қоңырау шалған адамның жеке деректерін айтады. Сосын, «AnyDesk» деп аталатын мобильді қосымшаны орнатуды сұрайды. Бар пәле осыдан басталады... Алаяқтар тұрғындарды алдау үшін «жаңа әдіс-тәсілдерге» көше бастаған. Біреудің ақшасын арам жолмен алып, оңай олжа таппақ болған заң бұзушылар мобильді қосымшаны пайдаланып, смарт жүйедегі жаңа қондырғының көмегімен аңқауларды оп-оңай апанға түсіреді. Заманына қарай адамы дегендей, технологиялық прогресс дәуірінде теріс пиғылды жандар мұндай жаңашылдықты сәтті пайдаланғаны соншалық, оған қалай алданып қалғаныңды да білмей қаласың.
Өздеріңіз білетіндей, қазір әлеуметтік желіде түрлі жарнама жасайтын парақшалар көбейген. Қай-қайсының аккаунтына кіре қалсаңыз, «қара тізімге кіріп кетсеңіз де, несие рәсімдеп береміз» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Мұндай жарнамаларды «Olx Шиелі» деп аталатын түрлі парақшалардан да көруге болады. Оның заңды не заңсыз екенін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, алданып жатқандар көп. Солардың бірі өзін «Н» есімімен таныстырған аудан тұрғыны. Есімін жасыруды жөн көрді. Айтуынша, осыдан бірнеше ай бұрын алаяқтардың арбауына түсіп, қаржы мәселесі жағынан қиналып жүрген көрінеді.
– Мен Шиелі ауданының тұрғынымын. Осыдан бірнеше ай бұрын «Halyk Bank»-тың атын жамылып, бәз біреулер қоңырау шалды. Алғашында, олар менің атымнан әлдекімдердің несие рәсімдегені жөнінде ескертіп, дабыл қақты. Мен әрине сол кезде біраз абдырап қалдым. Жағдайды түсінбегендіктен олардан көмек сұрадым. Өздері де келісе кетті. Кейін мені келесі оператормен байланыстырып, өз арбауларына түсірді. Оларға қалай алданып қалғанымды білмеймін. Бұрын соңды ешқашан несие алып көрмеген мен дәл сол сәтте өзімнің атымнан 1,5 миллион несие рәсімдеп, алаяқтардың шотына аударып жібердім. Бұл жағдай бар-жоғы бес минуттың ішінде орын алды. Ойласам, ішім удай ашиды. Негізінде, мен сияқты адамдар алданып қалмас үшін билік тарапынан да бір шешім болса деп ойлаймын. Олар ұялы телефон арқылы несие рәсімдейтін жүйені алып тастауы керек шығар, бәлкім. Сонда ғана ешкім, ешқашан алданбайды. Өзгелердің де мен сияқты алданып қалғанын қаламаймын. Сондықтан, қарапайым тұрғындарға қаржылық сауаттарыңызды ашып, алаяқтардың арбауынан сақтаныңыздар дегім келеді, – дейді алаяқтардан опық жеген аудан тұрғыны.
Бұл мәселені ауыздықтау үшін тәртіп сақшылары да халыққа түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр. Олар осы қаржы пирамидасын он топқа бөліп отыр. Оның сегізінші бөлігі осы несие тармағына сәйкес. Полицейлер ең алдымен тұрғындарды аса сақ болуға шақырады. Тәртіп сақшылары егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе сізді алдауға тырысқанына күмәндансаңыз, «102» нөміріне хабарласуыңызды сұрайды.
Алаяқтардан сақтанудың ең қарапайым тәсілі – қаржылық сауаттылықты арттырып, банк қызметкерлерінің көмегімен ғана несие рәсімдеу. Себебі, қаскөйлер ұялы телефон арқылы түрлі әрекеттерге баруы әбден мүмкін. Және де өзіңіздің жеке сәйкестендіру нөміріңізді бөтен нөмірмен қоңырау шалған адамға айтпағаныңыз абзал. Алаяқтар осындай жолмен де қалтаңыздағы бар қаржыны жымқыра салуы ғажап емес. Ең дұрысы банк орталықтарына арнайы барып, сіздің атыңыздағы несиенің бар жоғын тексеріп, маманнан кеңес алыңыз. Өзін «банк қызметкерімін» деп, таныстырғандардан аса абай болыңыз. Өйткені, бүгінде қолдағы телефон арқылы несие рәсімдеу алаяқтардың ең оңай жұмысына айналған. Дұрысы, барынша сақ болыңыз!

Сымбат СҰЛТАН

07 желтоқсан 2021 ж. 559 0