Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЛҒЫЗЫМДЫ ӘСКЕРГЕ ЖІБЕРМЕШІ

ЖАЛҒЫЗЫМДЫ ӘСКЕРГЕ ЖІБЕРМЕШІ

Ғұндардың саны Қытайдан 100 есе аз болды. Көк Түріктер болса, Персия, Византиядан 50 есе кем болды. Бірақ, көшпенділер азғантай ғана жан санымен-ақ әлгі державаларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырды. Ненің арқасында? Көшпенділер шетінен батыр, ержүрек болды, дейсіз ғой? Иә, рас. Бірақ, парсыда батыр аз болып па? Қалың Қытайда баһадүр жоқ па? Оларда да бар еді. Бірақ, сол батырың майдан даласында жанын аямай соғысуы үшін не керек? Сенім керек! — Шейіт кетсем, артымда қалып бара жатқан отбасым, бала-шағама руластарым қарайласады. Жетім күйін кешпейді, — дегенге ғұн, түрік, Орда сарбаздары сенімді болды. Жүрегі тыныш, сондықтан, ештеңеден қорықпай шайқасты.
Ал, Византия, Персия сарбазында не қауымымен, не мемлекетпен ешқандай да келісімі жоқ еді. «Алда-жалда бірдеме болса, әулетіңе уайымдама. Өзіміз жайғастырамыз, жайластырамыз», — деген кепілдемені қауымы да, мемлекеті де берген жоқ. Содан келіп: — Өліп қалсам, отбасымның жағдайы не болады,-деген уайыммен соғысқа аттанды. Уайым жұтқан әскер барын салып соғыспайды. Іс насырға шапты ма, бітті. Бәрін тастап, қашуға бейім тұрады. Уайымы жоқ көшпендінің шағын жасағы, сенімсіз үлкен армияларды тас-талқан етіп жеңуінің сыры осында еді... Мұны неге айтып отырмыз?
Қыркүйек айынан бастап елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталғаны белгілі. Қолымыздағы ақпараттарға сүйенсек, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық жас толықтырады деп жоспарланған. Ал, күзгі науқан толықтай 31 желтоқсанда аяқталмақ. ҚР Қорғаныс министрлігі Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің басшысы, полковник Сәкен Жүсіповтың айтуынша әскерге «Қолданыстағы Заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызметке, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ 18 бен 27 жасқа дейінгі ер азаматар» шақырылуға тиіс.
Қазақстан Республикасының шекарасын, елін, жерін қорғау әрбір азаматтың басты парызы және борышы. Қазақстанның қарулы күштері Ата заңға сәйкес жасақталған. Жалпы, ер-азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуі абыройлы іс. «Армия – өмір мектебі» деген қағида қай кезеңде де күшін жоймайтыны анық. Бірақ, жастар арасында өз қалауымен әскерге сұранып барушылар қатары соңғы жылдары сиреп барады.
Әсіресе, бұл жағдай жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген жастардың арасында белең алып тұрғанға ұқсайды. Рас, 1990 – 2000 жылдары да бұл үрдіс мүлдем құл-дырап, ел ішінде лажы болса әскерге бармай қалудың амалын іздегендер көп болған. Кейін жағдай түзеліп, әскери борышын өтеуге қызығушылар саны күрт өсті. Бұл еліміздің қадамы нығайып, әлем алдындағы абыройы арта бастаған кез еді. Әскери әлеуетіміздің артуы мен азаматтық өмірдегі әскери борышын өтегендерге деген сұраныстың туындауы әркімге Отан алдындағы қызметін қалтқысыз орындауға жол ашты. Қазір де бұл дәстүр жалғасын тауып отырғаны сөзсіз. Алайда, ел ішінде түрлі тағдыр, түрлі отбасылық жағдайларға байланысты әскерден уақытша босатылуға құқылы азаматтар да бар. Бүгінгі әңгімеміз осы азаматтардың тарапына жасалған әділетсіздік жайында болмақ.
Бұл ретте осы жылдың басынан бастап 2 жаңа қызмет көрсету түрі – әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскерге шақырудан босату мемлекеттік қызмет көрсету түрлері енгізілгендігін, үйден шықпай, электрондық үкімет порталы арқылы өтініш білдірген әскерге шақырушыларға «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35 және 36 баптарын негізге ала отырып, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату берілетіндігін айта кеткен жөн. Ал, қазіргі таңда осы қызмет түрін 11 жарым мыңнан астам адам пайдаланып, оның ішінде 10 мыңға жуық азамат әскерге шақыруды кейінге қалдыру, 1500-ге жуық азамат әскерге шақырудан босату құқығын алған.
Дегенмен ауданда қойылған межені орындау үшін бе, әлде басқа мақсатпен ба? Әйтеуір жауапты бөлім әскерге шақыруды кейінге қалдыру құқығы бар азаматтарды да әскер қатарына алып кетуге мүдделі секілді. Бұлай деуміздің басты себебі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабына қатысты болып тұр. Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру туралы 35-баптың 1 тармағында: «Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі. Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша: 1) отбасы жағдайлары бойынша; 2) білім алуды жалғастыру үшін; 3) денсаулық жағдайы бойынша; 4) басқа да себептер бойынша беріледі. 2. Отбасы жағдайлары бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру: 1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға беріледі. Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi: әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса» деп анық жазылған.
Алайда, Шиелі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде жалғыз ұлын әскерден уақытша босатудың заңды жолын сұрап келген зейнеткер, қарт ананы «мүгедек болмасаңыз балаңызды әскерден алып қала алмайсыз», деп қайтарады. Сірә, аталмыш бөлім «Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру туралы 35-баппен» таныспаған. Немесе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «қорғаныс министрлігінде өткен жылдармен салыстырғанда Қарулы күштерге әскерге шақырылатындар санын кезең-кезеңімен ұлғайту» тапсырмасын заңды бұрмалауға болады деп теріс түсінген бе?
Рас, ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Әскерге барудан жалтарғандар да жазасыз қалмауы керек. Бірақ, жалғызбасты қарт анасын қалдырып, әскерге аттанған жан азаматтық борышын өтеп, елге қызмет етуге бар ықыласын аудара ала ма? Артында қалған жалғыз анасын алаңдаумен күй кешері сөзсіз. Ендеше, жоғарыда келтірген мысалдағы Византия, Персия сарбаздары секілді уайым жұтып жүрген жаннан жауынгер жасаймын деу бекершілік болмай ма?

Абыз Нартай
12 қараша 2021 ж. 604 0