Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиеліде Күлпаш жүр

Шиеліде Күлпаш жүр

Сахналық қойылым тамашалап, құлақтың құрышын қандыратын есті ән тыңдау кімнің болса да жанына рахат сыйлары сөзсіз. Ерекше күйге бөлейтін ұлы өнердің қайсысы болсын пенде біткеннің өн бойына ләззат сыйлап, алпыс екі тамырын шымырлатып жіберетіні тағы бар. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін мерекелік кештерді асыға күтетіні сондықтан. Әсіресе, аудан мен ауыл тұрғындары эстрада жұлдыздарының мерекелік концертін сарғая күтеді. Ал, олар «әншілер мен театр актерлары келеді» дегенді естіген бойда жапа-тармағай билет сатып алуға асығады. Неге дейсіз бе? Себебі, жүректі тербейтін, жаныңды емдейтін әндер аз бүгінде. Сахнаның сәні кеткені сонша, ән түгілі көрермен көзайымына айналған киноиндустриясының тың туындылары да бірен сараң. Тіпті, саусақпен санарлық. Сондықтан, жұртшылық ескі әндер мен театрлық қойылымдарды көруге асығады. Ол рас. Ал, сіз қарашаның оныншы жұлдызы күні аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік концертке бардыңыз ба? Барсаңыз, тамаша! Бармасаңыз, қызықтың бәрінен құр қалған екенсіз. Ештеңе етпес. Онда, сол концерт туралы сіздерге біз айтып береміз...
Ауданға келген өнер майталмандары ­Мырзахмет Қозыметұлы мен «Анашым шалқып күлсең» деген тамаша әннің орындаушысы Марат Омаров бастаған өнерде жүрген кіл жүйріктер. Сосын, өздеріңізге белгілі «Шымкент шоу» театры. Керек десеңіз, Шымқала триосы, Асан ­Пердешов, Руслан Сатенов, Айдана Ықыласқызы сынды эстрада жұлдыздары бар арада. Өнер иелерін көгілдір экраннан емес, көзбе-көз көргісі келетін көрермендер көп екен. Екі апта бұрын афишасы жарияланған кештің билеттері екі күннің ішінде сатылып кеткен, тіпті. «Аталмыш кешке келушілердің қарасы қалың болғандықтан, мерекелік концерт екі сеанспен өтті. «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, өзіміз де бұл кештің қалай өткенін көзімізбен көріп, көңілді кешке куә болу үшін, журналистік топпен аудандық мәдениет үйіне жол тарттық.
Сағат тілі 18:40-ты көрсетіп тұр. Аудандық мәдениет үйінің есігінен кіре бергеніміз сол-ақ еді, залдағы дауыс пен халықтың қошеметі сыртқы бетке анық естілді. Бұл сағат бесте басталған бірінші сеанстағы концерттің әлі бітпегендігінің белгісі. Алда әлі екіншісі бар. Біз де сол екінші бөлімнің қашан басталарын күтіп тұрмыз. Залдың сыртында да адамдар лық толы. Мұнда келгендердің дені шамамен отыздан асқандар. Тіпті, қолына таяқ ұстап әзер жүрсе де, тоқсанға тақап қалған әжелер де келген мұнда. Екінші кеш басталамын дегенше, егде тартқандардың бірін әңгімеге тартуды жөн көрдік.
– Апа, сәлеметсіз бе?
– Бар бол балам! Аманбысың?
– Шүкірмін апа, өзіңіз қалайсыз?
– Ее, бізден несін сұрайсың. Төрімізден көріміз жақын болса да, «осы бір кештен қалып қоймайық» деп келіп тұрмыз. Әнәугүні бір немерем «апа Күлпәш келеді екен» деген соң, зейнетақымнан тығып жүрген ең соңғы ақшама екі билет сатып алдым. Сөйтіп, міне бүгін немерем екеуміз келіп қалдық. Өзің кім боласың?
– Мен аудандық газеттегі тілші қызбын апа! Бүгінгі концертке көңіл сергітіп қайту үшін келдім.
– Ее! Оның жөн екен. Айтпақшы қызым, аноу «анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген өлеңді айтатын «әнші бала келді дейді» рас па?
– Рас апа!
– Сол баланың әнін тыңдасам, марқұм шешемді есіме алып, бір жылап аламын. Әншінің әнін тыңдап жүре бермей, «өзін бір көрсем» деп жүр едім. Концерт біткен соң, естелікке суретке түсіп алмасам. Жаңағыны қаладағы немерелерге жіберемін ғой.
– Иә, апа! Аман болыңыз. Ауырмаңыз!
– Ой, айналайын, рақмет балам!
Көп ұзамай, концерт болатын залдың есігі ашылды. Түр әлпеті келіскен әдемі келіншек адамдардың билеттерін тексеріп, бір-бірден кіргізе бастады. Көрермендер пойыздан кешігіп қалардай, залға қарай кіруге асығып тұр. Бізді бұл концертке кіргізген Халықаралық дәрежедегі мәдениет майталманы Мырзахмет Қозыметұлы болатын. Ол бізді жетінші қатарға жайғастырды.
Мерекелік концертке осы кештің өтуіне атсалысып, қолдау көрсеткен өңір басшысы Нариман Мақұлбеков те келді. Сахна төріндегі жарық шамдар жалт-жұлт еткені сол-ақ еді, көрермендер «Күлпәш, Күлпәш» деп айқайға салды. Көрермен көзайымына айналған әйел образындағы сары халатты жанның сахнаға шығуын жұрт расымен көп күтті. Не керек? Ән де шырқалды, домбыра да шертілді, қойылым да қойылды. Марат ­Омаров та көпшілік жақсы көретін әсерлі әнін қалың жұртшылыққа шырқап берді. Бұл әнді естіп, барлығы қос жанарына жас алып, көңілдері босады. Бірақ, Күлпәш сахнаға шыққан жоқ. Оның орнына «рэп» орындаушының образындағы Берік ерекше стильдегі қойылым қойды. Берік деп отырғаным, Күлпәш образындағы актер. Оның бұл жолғы сахналық қойылымы аудан тұрғындарын аң-таң етті. Негізі көрермен «Зың-зың Күлпәш» атты сериалдың үзіндісін күткен еді...
«Зың-зың Күлпәш» сериалы бірнеше жылдардан бері көрермен назарына ұсынылып, көгілдір экранға жол тарқан болатын. Аз уақыттың ішінде миллиондаған қаралым жинап үлгерген бұл кинотуындыны көрмеген жан кемде-кем шығар. Иә, жабыққан жанның көңілін көтеріп, езуіңе еріксіз күлкі сыйлайтын кинотуындыны доп теуіп жүрген бала түгілі, ата-әжелерімізге дейін көреді. Күлпәшті қалың жұртшылық «Шымкент Шоу» театрындағы қойылымдарынан бері жақсы біледі. Ол сол уақыттың өзінде де сары халаттағы көңілді келіншектің образын сомдап жүрді. Кейін, көрермендердің сұрауынша Күлпәш үш кезең, 15-20 бөлімнен тұратын «Зың зың Күлпәш» атты кино түсірді. Міне, содан бері сары халаты мен сары орамалын тастамайтын Күлпәштің бұл туындысы барлық әлеуметтік желінің алдыңғы қатарынан орын алды. Көрермендер Күлпәштың өнеріне тәнті болып, оған оң бағасын берсе де, арада әйел образын сомдауды құп көрмейтіндері де табылды. Жөн-ақ. Асыл дініміз де бұған қарсы. Шариғатта әйелдің еркекке, еркектің әйелге ұқсауына қатаң тыйым салынатынын білесіздер. Бәлкім, зың-зың Күлпәштің зым-зыядай жоғалғаны да содан болар. Нақтысын білмекке өзін әңгімеге тартып сұрап көрдік.
– Мен енді Күлпәш образындағы әйелдің рөлін сомдамаймын. Көрермен мені осы образымда жақсы таниды. Бірақ, мен қазір намазға жығылдым. Өздеріңіз білетіндей, шариғатта әйелге ұқсауға тыйым салынған. Бірақ, сахнада басқа образдарыммен өнер көрсете беремін. Тек Күлпәштің рөлінде емес,– деп әңгімесін қысқа қайырды Берік Тұрсынбеков.
Хош. Беріктің бұл сөзін біз де құп көрдік. Себебі, бұл күндері ер жігіттердің әйелдің образын жасауға деген құлшынысы артып кетті. Тіпті, жақында Назарбаев зияткерлік мектебінде орын алған оқушылардың жайын да ұмыта қойған жоқпыз. Қысқа метражды фильмдерде «Келинка Сабинка», Қалбибі сынды рөлдерді сомдап жүрген азаматтар жастарға қандай тәрбие бере алады?

Сымбат СҰЛТАН

12 қараша 2021 ж. 764 0