Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы саласы қарқын береді

Қаржы саласы қарқын береді

Елдің әлеуетін арттырып, экономикасын дамыту жолында әрбір маманның еңбегі ескеріледі. Кез-келген жұмыс, әр мамандықтың абыройлы болуы адамзаттың өз жұмысына қаншалықты жауапкершілікпен, ынта-жігерімен қарауына тікелей байланысты. Қазақ халқының мамандықтың бәрі жақсы, ең бастысы – оны игере біл, игілікке пайдалануға жол аш деуі де сондықтан. Тәуелсіз ел атанғанына небәрі 30 жыл болған Қазақстанның алпауыт мемлекеттермен қатар тұруы үшін қаржы саласының орны бөлек. Көпшілік үшін қиын мамандық саналатын қаржыгерлердің ең негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде тиімді жоспарлап, мақсатты пайдаланып, игеріп, ел экономикасының ілгерілеуіне күш салу.
Бүгінгі таңда 83 мың 904 халық тұратын Шиелі ауданына 1 кент, 22 ауылдық округ пен 39 елді мекен қарайды. Тәуелсіздік алған жылдары азғантай ғана қаржымен басталған ауданның бюджеті қазіргі таңда 24,5 млрд теңгеден асты. Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, өндірісі мен агросекторда айтарлықтай жоғары көрсеткішке қол жеткізген Шиелі ауданының бүгінгі толайым табыстарына қаржы саласы мамандарының қосқан үлесі өлшеусіз.
Әр кәсіптің өз тарихы болатыны секілді, биыл қазақ қаржы саласының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Себебі, елдегі қаржы саласының қалыптасуы кеңес үкіметі кезінде яғни, 1921 жылдардан бастау алған жаңа эконимикалық саясаттың жүргізілуімен сәйкес келеді. Сонау тарихтың түкпіріне үңілсек 1921 жылдары әскери коммунизм саясатының әсері экономика саласында қатты білінді. Азық-түліктің, жанармайдың көп бөлігі азаматтық соғыс қажеттіліктеріне жұмсалып жатқандықтан ауыл шаруашылық өнімдерінің өндірісі 45 процентке дейін төмендеп кетті. Нәубетті жылдар халықты тоздырып, коммунистік саясаттың сақталуы 1921 жылы елдегі өткір саяси және экономикалық дағдарыстың туындауына әкеліп соқты. Нәтижесінде 1921-1924 жылдары қаржы реформасы жүргізіліп, банк жүйесі құрылды. Мемлекеттік банк, кооперативті банктер желісі қалыптасып, тікелей және жанама салықтар (өнеркәсіп, табыс, ауыл шаруашылығы, жаппай тұтыну тауарларына акциздер, жергілікті салықтар) енгізілді, сондай-ақ қызметтерге ақы төлеу (көлік, байланыс, коммуналдық шаруашылық және т.б.) жүйесі қалыптаса бастады. 70 жыл кеңестік жүйеде өмір сүрген еліміз осы кезеңдер ішінде қаржылық-экономикалық мәселелерді оңтайлы шеше білді. Колхоз, сов­хоздар, аудан, облыстар құрылды. Қалалар салынды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізі сол кезеңдердегі тиімді қаржылық-экономикалық жоспарлар негізінде қалыптасты десек артық айтқандық емес. Барлық қоғамдық-әлеуметтік маңызды инфрақұрылым жүйесі аграрлық және тау-кен өндірісі, сол заманғы инновация жалпы айтқанда қаржысы шешіліп, оңтайы келген игілікті істердің барлығында қаржы саласы мамандарының қайталанбас қолтаңбасы қалғанын жасыра алмаймыз.
Қайта құрудан кейін тоқыраған Кеңестік жүйе құлап, орнына нарықтық-экономикалық қатынастарға негізделген жаңа Тәуелсіз мемлекеттер құрылды. Жаһандық деңгейде жүргізілген осынау алапат саяси өзгерістер негізінде 1991 жылы ел егемендігін жариялады. Небір кезеңнен сыналып өткен қаржы саласы жаһандану дәуіріне қадам басып, жаңа реформалар құрды. Бұл жылдары қаржы саласының ең үлкен жаңалығы – төл теңгеміздің теңгерімге енуі болатын. Нақтырақ айтсақ, 15 қараша күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ұлттық валюта – теңге айналымға шықты. Бұл тәуелсіз Қазақстанның тарихына алтын әріптермен жазылған күн. Елімізде төл теңгеміздің енгізілуі ұлттық нарықтық инфрақұрылымды жасауға, өзіндік қаржы-несиелік және бюджеттік-салық саясатын жүзеге асыруға және реформаның алғашқы жылдарында тиімді саяси экономикалық тұрақтылыққа алып келді. Кейіннен Ұлттық валютамыз шыққан күн қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атанды. Бұл күннің таңдалынып алынуы да бекер емес. Себебі, мереке ұлттық валютаның пайда болуының ­бастауында тұрғандардың еңбегін еске алуға және еліміздің қаржы жүйесінің қазіргі қызметкерлерінің лайықты еңбегін атап өтуге мүмкіндік береді.
Өз алдына егемен ел болған мемлекет қаржысының талан-таражға түспей, әр теңгесінің тиімді пайдаланылуын бақылайтын комитет қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік жүгінің жеңіл болмағаны белгілі. Теңге айналымға енген алғашқы күндері бухгалтерлер мен касса қызметкерлеріне, инкассаторларға деген жүк артып, олардың жұмыс күндері 14-16 сағатқа дейін созылды. Соған қарамастан банк жүйесінің әрбір қызметкері жауапкершілік танытып, мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді қалтқысыз орындады. Теңгені айналымға енгізу туралы шешімін Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев өз есетіліктерінде: «Сол жылдары төл валютасыз жеке мемлекет құру мүмкін еместігін түсіндік. Себебі ұлттық теңге бүкіл экономиканың қан тамыры дер едім», – деп түсіндіреді. Жалпы алғанда Қазақстан Республикасының қаржы саласы құрылғаннан бастап құлдырау мен өркендеуді қатар бас­тан кешірді. Қаржы саласының білікті мамандарының арқасында әлемдік қаржы инстиуттарының оң бағасын алып, бүгінде экономикасы қуатты мемлекетке айналып үлгерді.

Аудан бюджеті – сан саланың күретамыры
Шиелі ауданының қазығы қағылған 1928 жылы өңірді кеңестік партия комитеті басқарып тұрды. Ең әуелі қаржы бөлімінің қауқарын арттыру мақсатында аудандық салық, қазынашылық, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдеріне жан бітірді. Осылайша, қаржы саласының дербес төрт мекемесіне айналған бөлімдер аудан экономикасын тұрақтандыру, дамыту бағытындағы жұмыстарды бастады. Тәуелсіздік жылдарынан кейін қаржы саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, облыс әкімдігінің 2004 жылғы 27 желтоқсандағы №256 қаулысына сәйкес бюджетті жоспарлау мен бақылау функцияларымен қоса, негізгі функциясына қосымша коммуналдық меншікті басқару функциясы берілді.
Бүгінгі күні аудандық қаржы бөлімі, қаржы, мемлекеттік коммуналдық меншікті басқару, жекешелендіру саласындағы жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар аудан бюджетінің атқарылуына талдау жасайды, есебін жүргізеді, қабылдайды, түсімдер мен шығыстар бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарларын жасайды, бекітеді, өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне, олардың бағынысындағы мемлекеттік мекемелердің төлқұжаттарында көзделген іс-шараларды жүргізумен байланыс­ты міндеттемелерді қабылдауға рұқсаттар береді, өз құзыреті шегінде коммуналдық меншікке иелік жасайды, жекешелендіру бағдарламаларын іске асырады.
Бұл өз кезегінде, егемендігімізді алған жылдардан бастап аудан әкімімен бірлесіп экономика саласына әр жылдарда жемісті жетекшілік жасаған орынбасарлар Ақылбек Сматұлы, Мейрам Алтайбаев, Тұңғышбай Жетпісбай, Нұржан ­Ахатов, Болатбек Ысмағұловтар сынды азаматтардың аудан экономикасының, аудан бюджетінің артуы үшін сіңірген еңбектерінің зор екендігін білдіреді. Шиелі ауданының қаржыгерлері негізінен жоғарғы кәсіби шеберлігімен, сауаттылығымен һәм жауапкершілікті сезіне білуімен ерекшеленеді. Кәсіби біліктерінің жоғары болуы оларға аудан әлеуетін арттыру жолында қойылған міндеттерді қысқа мерзімдерде орындауға көмектеседі.
Өткен жылдарға көз тастайтын болсақ, 1990 жылы шілде айында аудандық қаржы бөлімінен аудан ­бойынша мемлекеттік салық инспекциясы бөлініп шықты. 2005 жылы аудандық қаржы бөлімінен жоспарлау бөлімі бөлініп шығып, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі болып қайта құрылған. 1960 жылдардан бастап Шиелі аудандық қаржы бөлімінде басшы болып М.Қайыпов, Мінуар Зекеев, ­Константин Пак, ­Райымбек Нұртазаев, ­Еламан Дүйсенов, Тұңғышбай Жетпісбай, Ағыбай Төлегенов, Маратжан Жұмаділ асқақ абыроймен жұмыс істесе, бүгінгі күні бөлімді Қанат Рахманбердіұлы басқарады.
Қазіргі таңда қаржыгерлер алдында ақша қорларын сауатты жоспарлау және бөлу, оларды жұмсауды тиімді басқару сияқты елеулі міндеттер тұр. Тарихқа үңілсек, қаржыгерлердің қаржылық даму ісіне қомақты үлес қосқанын аңғару қиын емес. Өз дәуірінде зор құрметке бөленіп, ұрпақтың есінде қалған Н.Қалекеев, Ш.Сүгірәлиев, М.Сыздықов, А.Гельм, Т.Курьерова, Б.Шамшиев, Т.Ан, Қ.Молдашев, Д.Бабашев, Т.Тұматаев, Т.Шығанбаев, С.Ким, А.Ким, Н.Ким, Е.Паришкуро, Г.Накипова, З.Зекеевалардың есімдерін абыроймен атап өтпеу мүмкін емес. Сонымен қатар, қаржы бөлімінің нығаюына ауданның абзал азаматтары А.Райсова, Ж.Ноғайбаев, Қ.Нұртазаев, М.Жүсіпов, З.Кішібай, М.Шоханов, Ә.Рахметов, С.Кұлпейіс, Б.Кеншінбаева, Н.Әбусадиров, Ә.Қобланов, М.Жолдасбеков, Д.Баймағанбетовтер де өз үлестерін қосты. Нарық – жоғары кәсіптілік, біліктілікті ғана емес сонымен қатар жауапкершілік сезімді, саналы орындаушы кадрларды қажет етеді. Дәл осы тұрғыдан көрініп жүрген аудандық қаржы бөлімінің беделін арттырып, әлеуетін нықтауға үлес қосып отырған бүгінгі күнгі қызметкерлері И.Қазиева, Ж.Жебегенов, С.Мамбетова, А.Жузумбетова, А.Дүйсебаева, М.Калкулова, А.Сеитбекова, Н.Тұрсынов, Н.Мырзабеков секілді білікті қаржыгерлер қандай құрметке де лайық!

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАРДЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ ТУЫНДАЙДЫ
Қаржыны тиімді жоспарлау, ауданның жылдық қажетті қаражат көзіне талдама жасай отырып, барлық саланың қажетті жылдық қаражатын тиын-тебеніне дейін есептеп, жоғары уәкілетті органдардан, облыстық және республикалық қазынадан қаражат тарту «Шиелі аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің» басты міндетіне кіреді. Осынау айтулы кәсіби мереке қарсаңында оларды назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Сол себепті аталмыш бөлімнің тарихы мен жеткен жетістіктеріне тоқталуды жөн көрдік.
Қазақстанда Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы 1921 жылдың 19 қарашасында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Еңбек және Қорғаныс кеңесінің (СТО КАССР) жанынан құрылған болатын. Ереже бойынша Мемлекттік жоспарлау органдарының міндетіне РКФСР-дің тапсырмасына сәйкес республиканың жалпы шаруашылық жоспарын жасау және жергілікті жағдайды ескере отырып жоспарлы тапсырмалардың орындалу барысына бақылау жасау, республиканың табиғи байлығын зерттеу кіретін әр облыстарда жоспарлау Комиссиясы құрылды. Олар туралы ережені СТО КАССР өз қаулысымен 1992 жылдың 21 қазан күні бекіткен. 1990 жылы ҚР Президентінің 20 желтоқсандағы Жарлығымен Экономика жөніндегі комитет құрылса, 1993 жылы бұл құрылым Экономика Министрлігі болып өзгертіледі.
Аудан тарихына үңілсек, ауданда әр кезеңдерде райплан төрағалығымен Ә.Иманбердиев, М.Бекболов, С.Аманжолов, Ү.Мырзахметов, А.Сматов сынды азаматтар қызмет атқарған. 1991 жылдан аудандық экономика комитетінің төрағасы А.Сматов, 1999 жылдан бас­тап М.Алтайбаев, 2002 жылдан бас­тап аудандық экономика комитетінің негізінде құрылған аудандық экономика және кіші кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің меңгерушісі болып М.Алтайбаев, 2004 жылдан Н.Ахатов басшылық жасаса, осы бөлімі негізінде 2004 жылдың аяғында жаңадан құрылған аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің меңгерушісі болып Н.Ахатов тағайындалған. 2006 жылдың шілде айынан бастап осы бөлімнің бастығы қызметін Е.Дүйсенов атқарып, 2009 жылы Н.Ахатов қайта тағайындалған. 2010-2018 жыл аралығында Марат Серікбайұлы, 2018-2020 жылдары Мұхамедәлі Мақаш, 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап бөлім басшылығы қызметін Дәуренбек ­Жакеев абыройымен атқарып келеді. Жалпы бөлімге жүктелген міндет те, сенім де мол. Бастысы бөлім қызметкерлері артылған сенімнің үдесінен шығу үшін аянбай қызмет етуі қажет.

Қазынашылық – мемлекет қаржысының сақшысы
Қазақта «судың да сұрауы бар деген» тәмсіл бар. Сол секілді ел бюджетінің есебін еселеп, бөлінген қаржыны бақылауға алуды қазынашылық басқармасының міндетіне кіргізеді. Дағдарыс жайлаған мынау алмағайып кезеңде бюджет қаржысын ысырапсыз қолданып, қиындықтардан тиімді алып шығудың барлық мүмкіндіктерін шебер ұйымдастыру маңызды. Ал, осындай маңызды да жауапты істің үдесінен табылатын Шиелі аудандық қазынашылық басқармасы 1989 жылға дейін КСРО мемлекеттік банкінің Шиелі филиалы болып келген. 1989-1992 жылдар аралығында Агропомбанк болып құрылған. 1992-1997 жылдар аралығында мемлекеттік банктің Шиелі кассалық есеп айырысу орталығы болып бөлініп шықты.
Мемлекет қаржысының сақшысы саналатын қаржыгерлер жайында сөз өрбітсек, Н.Назарбаевтың «Біз егер қазынаны қорғап және еселеп отырмасақ ешқашанда қалыпты да күшті мемлекет болып саналмаймыз» деген тұжырымы ойға оралады. Осы тұжырымды негізге ала отырып, ел бюджетінің орындалуын бақылау, есебі мен есептілігін алу және қаржы ресурстарын басқаруды жетілдіру мен бюджеттің орындалуына бақылау жасау мақсатында тәуелсіз еліміздің қазынашылық жүйесі қалыптасты. Яғни, Елбасының 1994 жылы 27 қаңтардағы №1526 Жарлығымен Қаржы министрлігі жанындағы Қазынашылықтың бас басқармасы болып құрылды. Алғашқыда әр ауданда бір ғана өкілден болды. 1995 жылдың 21 қазанынан бастап Қазақстан Рес­публикасы Қаржы министрлігінің бұйрығымен Шиелі ауданындағы өкілі болып Ысқақ Марат тағайындалды. Әуелі аудандық қаржы бөлімінің жанына орналасқанымен, кейіннен 1996 жылдан бастап аудандық қазынашылық бөлімі дербес мекеме болып құрылды.
Осы уақыт аралығында еліміздегі оң реформаларға сәйкес Қаржы министрлігінің ұйымдастыру құрылымын жетілдіру мақсатындағы өзгертулерге байланысты облыстық қазынашылық басқармасының құрамына Бюджет банк басқармасы қосылады. Соған байланыс­ты аудандық қазынашылық бөлімінің бастығы болып Райхан Нурдинова тағайындалды. Есеп-қисап, есепсіз сандардан жаңылуға болмайтын саланың қыр-сырына қаныққан іскер басшы зейнетке шыққанша сол бөлімді басқарды. Одан соң қазынашылық бөлімінде Әділбек Әбдіразақов 3 жылға жуық басшылық етсе, 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Сәрсенкүл ­Шарипова басқарып келеді.
2008 жылдың 25 маусымынан бас­тап Шиелі аудандық қазынашылық бөлімі қаржы министрлігі қазынашылық комитетінің Қызылорда облыстық департаментінің бұйрығымен Шиелі аудандық қазынашылық басқармасы болып қайта құрылды. Бүгінгі таңда аудандық қазынашылық басқармасында штаттық кестеге сәйкес 8 қызметкер еңбек етіп келеді. Олардың бас­ты міндеті – республикалық және жергілікті бюджеттің атқарылуына қызмет көрсету.

Салық түспей – бюджет бүтінделмейді
Кез келген мемлекеттің қаржылық жүйесінің жетекші тармағы мемлекттік бюджет болып табылады. Ал, мемлекеттік бюджет қоржыны салық түсімімен толығады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуына бағытталған ұзақ және қысқа мерзімді мақсат-міндеттер мен бағыт-бағдар айқындалды. Олардың қатарында салық жүйесін жаңғырту мен тиімді қаржылық реттеу мәселесі де қамтылған. Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі һәм негізгі кіріс көзі. Сол арқылы мемлекет өзінің көптеген қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелерін шешіп, азаматтарына жағдай жасап, тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан азаматтарынан салық алмайтын мемлекет жоқ. Оның ішінде әр аймақ, әр аудан салық базасын ұлғайту шараларын үздіксіз ұйымдастыруға күш салатыны анық.
Ал, Шиелі ауданында 1990 жылдың шілде айында аудандық қаржы бөлімінен аудан бойынша мемлекеттік салық инспекциясы бөлініп шықты. Мекемені Данияр Бабашев екі жыл басқарды. Кейіннен Тұрғанбай Шығанбаев, Әуезбек Дүйсенбаев, Мұрат ­Имандосов, Данабек Ермағанбетов, Қамбарбек Мүбараков, Марат Егембердиев, Бақыт Оразовтар басшылық қызмет етті. Қазіргі таңда Еркеғали Абдрахманов басқарып келеді. Бастапқыда Шиелі аудандық салық инспекциясы атауымен құрылған мекеме 2014 жылдан бастап құрылымның өзгеруіне байланысты Шиелі ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы болып өзгертілді.
Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттеріне сәйкес салық органы салық төлеушілерге жоғары кәсіптілік, біліктілікті ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік пен сапалы орныдаушы кадрларды талап етеді. Бүгінде басқармада өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерген 12 қызметкер жұмыс жасауда. Салық саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен ардагерлер де жетерлік. Мәселен, Агафья Ким, Тұрғанбай Шығанбаев, ­Даниярбек Бабашев, Разия Сақтағанова, ­Нелли Ким есімдерін ерекше атауға болады. Қосымша кіріс көздерін анықтау – салық саласы қызметкерлеріне жүктелген міндет. Бұл бағыттағы жұмыс та оңтайлы шешімін тапқан. Арнайы жұмыс топтары құрылып, іс оңғарылды. Нәтижесінде жылдан жылға аудандағы салық төлеушілердің саны өсіп, салық түсімі де молаюда. Бүгінде мемлекеттік кірістер басқармасының есебінде 854 заңды тұлға, 4179 жеке кәсіпкер мен 711 шаруа қожалығы есепте тұр.
Қазақстан Республикасының қаржылық жүйесі ширек ғасырдан астам уақытта қалыптасу және халықаралық қаржы институттарына танылу кезеңдерін өткерді. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы, бюджеттік саясаттың тиімділігі, көбінесе, Республиканың әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының, тың жобаларды іске қосу жолында сәттілікке бастайды.
Жалпы қаржы ісі ерекше әзірлікті, жоғары білімді, өмірлік тәжірибені, кәсіби өсімді, тың жаңалықты игерудегі басымдықты, шынайылықты қажет етеді. Толағай табысқа бастайтын ілкімді істерді жүзеге асыруға аудандағы қаржы мекемелерінің тәжірибелі, өз ісіне берік, білікті қызметкерлері осындай қомақты үлесті қосуда. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде біздің аудан экономикасы үдемелі дамып келе жатқан өнеркәсіптің орталығы ретінде қалыптасып келеді.

А.Жандарбеков,
аудан әкімінің орынбасары

09 қараша 2021 ж. 872 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930