Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала жанының бағбаны

Бала жанының бағбаны

Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күніңде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Қазақтың мыңжылдық тарихына көз жүгіртсеңіз, ата-әжелердің сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткенін, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырғанын аңғарамыз.
Осындай тәрбиенің жемісі болар, қазақ халқында ержүректі, наркескен, хас батырлар мен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан, қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен, қара қылды қақ жарған, от ауызды, орақ тілді дана, дара кемеңгерлер көп болған. Ұлы ойшыл әл-Фараби «Тәрбиенің негізі – еңбекте» дегендей, атам қазақ ұрпағына ұлағатты тәрбие беру үшін еңбектенді, тер төкті. Таңды таңға ұрып, жыр-дастан айтты, қиялына қанат бітіріп, ертегі шығарды. Мұның әрқайсысы тәрбиенің діңгегі қатты болуына септігін тигізді. Арада ғасыр алмасып, заман ауысса да тәрбиенің атқарар рөлі өзгерген жоқ. Қайта керісінше заман ағымына сәйкес ұрпақ тәрбиесіне де ерекше назар ­аударылуда. Қазір баланың бойына тәрбие мен білімді қатар сіңіру – кезек күттірмейтін жұмыс.
Бұл орайда баланың тәрбиесімен ата-анасы айналысса, біліміне ұстаздар қауымы жауапкершілікпен қарайды. Оған қоса қазіргі таңда балабақша, тәрбиеші ұғымдары да кең етек алуда. Бүгінде екінің бірі кішкентай сәбилерін балабақша тәрбиешілеріне сеніп тапсыруда. Сол себепті тәрбиеші таңдаулы мамандықтардың қатарына еніп, жүрек қалауымен тәрбиеші болғысы келетіндердің саны өсуде. Себебі, тәрбиеші болу тек баланың уақытын тиімді өткізіп, онымен бірге ойын ойнау емес, тәрбиеші болу бала жанының бағбанына айналып, оның келешекте тұлға болып қалыптасуына еңбек сіңіру.
Тәрбиеші еңбегінің күрделілігі – әрбір баланың жүрегіне жол табуында. Бала бойындағы қабілетті дамыту арқылы өмірді, әлемді тануға, қоғам алдындағы жауапкершілікті, адамгершілік қадір-қасиетті сезінуге үйретеді. Бір қарағанда тәрбиеші жұмысы оңай көрінуі мүмкін. Бірақ оның қиыны мен қызығы, ауыры мен жеңілі қатар жүреді. Менің де осы мамандықты таңдап, тәрбиеші болып жүргеніме 15 жылдың жүзі болды.
Қазіргі уақытта алдыма айқын мақсат қойып, ең бастысы ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге бел буып келемін. Менің ең бірінші мақсатым – бүлдіршіндерді қарапайым жолмен тәрбиелей отырып, жоғары білім шыңына жетелеу. Әрине, ойлағанның барлығы жүзеге аса бермеуі мүмкін. Бірақ Хәкім Абай «Ой жеткен жерге, қол жетеді» демеп пе еді. Демек, мен де ұрпақ тәрбиелеуде алға қойған мақсатыма біртіндеп қадам басып келемін. Ұрпақ тәрбиесіне осалдықпен қарауға болмайды. Ақын Қуаныш Оюлының «Баланы үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеуге болады. Ол – ұят болады, обал болады, жаман болады» деген сөзі бар. Бірақ, қазір бесіктен белі шықпаған баланың ой-өрісі ересек адаммен бірдей. Олар бала болса да телефонның тілін біліп, кейде өзіңе ақыл айтатын кездері болады. Сол себепті баланы тәрбиелеудегі талап та өзгерген. Сол талапқа тәрбиешінің білімі сай келу керек. Тәрбиеші бала тәрбиесіне тек жұмыс деп қарамай, үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, бала жүрегіне жол таба білген жөн. Сонымен қоса тәрбиеші әр сабақта балаларды таң қалдыруға жұмыс істеу керек. Себебі, бала тез зерігеді. Бүгін айтқан, көрсеткен нәрсе оған ертесіне қызық болмайды.
Осы орайда, тәрбиеші өз-өзін күнделікті дамытып, шығармашылық қабілетін шыңдап отыруы тиіс. Әрине, мен тәрбиеші мамандығын таңдағанда осындай талаптың қойылатынын білдім. Бірақ еңбек етудің арқасында талантымды шыңдап, күн сайын балаларға сапалы білім мен тағылымды тәлім беруге тырысамын.
Ұрпақ тәрбиесі селқостықты көтермейді. «Бала ғой, ұмытып кетеді» деп сәбиді сүюді, оны аялап, еркелетуді естен шығармаған жөн. Қазақ тәрбиеге келгенде ұлға отыз, қызға қырық үйден тыйым салған. Бірақ ұлым – ізгі арманым, қызым – қызғалдағым деп қадірлеп, құрметтеуді де қалыс қалдырмаған. Сондықтан әр баланы болашақта елдің еңсесін тіктейтін, халқына қалаулы азамат етіп тәрбиелеп шығару өзіміздің қолымызда. Отбасында бір емес бірнеше бала болса да, әрқайсына ерекше назар аударып, арымызды аяққа таптамайтын, ұлтымыздың ұстынын сақтайтын, қазақы мінездің қасиетін жоғалтпайтын ізгі ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты борышымыз.

Гүлнұр АКИМОВА
19 қазан 2021 ж. 462 0