Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәденнің мәрттігі

Мәденнің мәрттігі

Қиын-қыстау кезеңде халқына пана болып, бейбіт заманда ақыны мен батырын әспеттеп, төбесіне көтерген қазақтың қалталы азаматтары әр кезеңде болған. Өнерлісін еркелете төбесіне көтеріп, білімдісін жасына қарамай төрге оздыратын бабаларымыз рухани байлықтың бағасы өзге дүниеден басым екенін о бастан-ақ терең түсінген.Содан болар «Жақсылардың көңілі – алтын сандық» деген әдемі, қағидалы сөзді ұстанған. Жұртшылық алтын сандық деп адам жанының саф алтындай асылдығы мен биік адамгершілік иесі екендігін меңзеген шығар. Бүгінде біріңізге аға, біріңізге іні, сырлас һәм сыйлас болып жүрген Мәден Әлжановтың бойынан осы даналық сөзде айтылған жақсы қасиеттерді аңғаруға болады.
1965 жылы Жаңақорған ауданы, «Красная звезда» кеңшарында дүние дидарына келген Мәден Алғабасұлы 8 жылдық мектепті бітірген. Алға мақсат қойып, 1980-1984 жылдар аралығында Сарыағаш қаласындағы «Қапланбек» малдәрігерлік техникумында білім алып, «мал дәрігері» мамандығын игеріп шығады. Елге, туған жерге қызмет етпес бұрын, Отан алдындағы борышын өтеуді құп көрген М.Әлжанов 1984 жылы Коми АССР-де 2 жыл ішкі әскер қатарында болады. Азаматтық парызын адалынан атқарған ол табаны туған жерге тиісімен жұмысқа кіріседі. «Красная звезда» совхозында Жайылма, Қандықұдық, Ленин атындағы бөлімшелерде веттехник, ферма мал дәрігері болып іске білек сыбана кірісіп кетеді. Тынымсыз ізденіс, тың дүнелерге деген ынта-жігердің жемісі болар, жұмыстан қол үзбей жүріп-ақ 1993 жылы Алматы малдәрігерлік институтында білімін жетілдіреді.
«Еңбек еткеннің қашанда еңсесі биік» деген осы емес пе? Артылған жұмысты артығымен орындап, жауапкершіліктің жүгін сезіне білетін Мәден аға 1993-1998 жылдар аралығында «Қартайған ата» шаруа қожалығының төрағасы атанады. Бір істі қолға алмас бұрын ой сарайына салып, жан-жақты саралайтын кейіпкеріміздің қолы тиген дүние түрленіп сала береді. Оны 1998 жылы Шиелі кентінің орталығынан ашқан «Нұрсәулет» жеке кәсіпорнынан аңғаруға болады. 4 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің толымды тірлігі мұнымен тоқтап қалмайды. 2017 жылы «Дастан» шаруа қожалығын ашып, егін және мал шаруашылығын дөңгелетеді. Осылайша, 6 адамды жыл сайын науқандық жұмысқа тартады.

Қамқор жүрек иесі
Қайырымдылық жасау үшін асқан дәулет емес, жүректегі мейірім мен адал ниеттің болуы жеткілікті. Қайырымды жандарды «алтын жүректі адамға» теңейтіні де содан болар. Мұқтаж жандарға қол ұшын беру – дін тілімен айтқанда үлкен сауап, пендешілік тілмен айтқанда жұртшылықты ризашылыққа бөлейтін өте жақсы іс. Бұл туралы ата-бабаларымыз «Жанашырлыққа жан риза», «Садақа – береке кілті» деп, қамқорлық көрсетуді парыз санап, игі іске шақырған тәмсілдері көп. Ал, қамқор жүрегімен жетімнің басынан сипап, жесірдің жоқ-жітігін жеткізуге тырысып жүретін Мәден ағаның мәрттігін білмейтін жан кемде-кем. Қарапайым, кішіпейіл болмысының өзі бір бөлек әңгіме дерсіз. Оның соңғы 3 жылда көзіміз көріп, құлақ естіген қайырымдылығын атап өтер болсақ, 2019-2021 жылдары Шиелі аудандық орталық мешітіне құрылыс, жөндеу әрлеу жұмыстарына қаржылай демеушілік танытты. Сауапты істе қолында барды санап жатпайтын Мәден аға Алла үйінің бір кірпішін қалағанның өзін үлкен мәртебе санайды. Содан болар «мешіттің кішкене бір жыртығын жамасам да жаным жай тауып, ісімнің берекесі артады» дейді. Шиелі мен Жаңақорған ауданының ортасын жалғап жүретін жомарт жан 2020-2021 жылдары Жаңақорған аудандық орталық мешітінің де құрылыс, жөндеу жұмыстарына қаржылай қолдау білдірді. Ел ішінде індет тарап, өкпеден қысқан дертті жеңілдету үшін аудан кәсіпкерлерімен бірлесе жүріп, Шиелі ауданаралық ауруханаға ИВЛ аппаратын алуға күш салып, өз қаражатынан 10 дана оттегі балонына жалғайтын редуктор алып берген еді.
Бізде «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген елдің ұрпағы болған соң, жомарт жүректі жанның игілікті ісін елге үлгі етуді артық көрмедік. Осы кезге дейін тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік тасып жүрген Мәден ағаны жиі байқап қаламыз. Алайда, «оң қолым бергенді, сол қолым көрмесін» деген қағиданы ұстанатын ол, жақ ашып, жақсылығын айтқан емес. Елден естіген, көзбен көрген істердің мән жайы осылай. Ал, көрмегеніміз қаншама, кім білсін?

«Жыл тұлғасы»
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерін түлетіп, тынымсыз еңбек үстінде жүрген азаматтарды ескеру қажеттігін айтқан еді. Ал, «Жомарт Жүрек» жобасы дәл осы жандардың еңбегін ескеретін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған бірегей жоба. Бұл сыйлықтың негізгі мақсаты – қайырымдылық қызмет идеяларын, меценаттықты және филантропияны насихаттау. Соның бір көрінісі десек те болады, биыл, жуырда ғана «Жомарт жүрек» жобасының «Жыл тұлғасы» номиациясын Мәден Әлжанов иеленді. Бұл әрбір қайырлы істің қайтарымы боларын тағы да бір дәлелдегендей.
Зат – затына, темір татына, адам тегіне тартады. Мәден аға өз әулетінің тамаша қасиеттерін әкесінің қаны мен анасының сүтінен алған қадірлі перзенттерінің бірі. Қандай жұмыс істеп жүрсе де, кіндік қаны тамған туған жеріне келіп, ел-жұртына қызмет етіп, құрмет көрсету оның дағдылы әдетіне айналғаны қашан. Абайша айтқанда: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боларсың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боларсың» деген осы. Ел аман болсын, ел бағына туған атымтай жомарт ерлер аман болсын.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
19 қазан 2021 ж. 299 0