Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Медицина серті» десек қайтеді?

«Медицина серті» десек қайтеді?

«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің» дейтініміз тегін емес. Жанға батқан сырқаттан айықтыратын ақ ­халатты абзал жандар. Медицина саласының қыр-сырын жетік меңгерген мамандардың бұл салаға аяқ баспас бұрын Гиппократ антын қабылдайтыны мәлім. Өз ісін адал, абыройлы атқару үшін берілетін сол серттің салмағы қандай? Ол неліктен ­Гиппократ анты аталып кетті?
Оқшау ойды қозғап, медицина саласына үңілер болсақ, медицина атасына айналған Гиппократты еске аламыз. Б.з.б 460 жылы гректің Кос аралында дүниеге келген Гиппократты аңыздарға сенсек, эллиндіктер көне грек мифологиясындағы медицина құдайы Асклепийдің (Эскулап) ұрпағы деп білген. Ол алғашқы медициналық білімін әкесі Гераклиттен алады. Жастайынан аралдағы Эскулаптың құпия ұйымына мүше болып, жиырма жасында Гиппократ та ант берген көрінеді. Ал, бүгінгі таңда медицина саласын тәмамдаған мамандар Гиппократқа ант береді. Неліктен? Расында әр саланың қабылдайтын анты болады. Еңбек жолын адалдықпен өруге серт беріп, қызметін құрметтеуге шақыратын анттың болғаны да жөн шығар. Дегенмен, оның Гиппократ анты деп аталуы қаншалықты дұрыс...
Гиппократ медицина саласында дәрінің 200-ге жуық түрін ойлап тауып, тарихта медицина саласының атасы атанған. Ал, Орта Азиядан шыққан аты аңызға айналған мұсылман ғалым, ойшыл, астраном, дәрігер, фармацепт Ибн-Синаны қалай атаймыз? Толық аты-жөні Абу Али Хусейн ибн-Абдуллаһ Ибн-Сина 980 жылы Бұқара маңында дүниеге келген. «Дәрігерлік ғылымның ережесі» атты медицина энциклопедиясымен әлемге танылған оны европалықтар Авиценна деп атаған. Сонау 1500 жыл бұрын өмір сүрген ғалымдарды тілге тиек етуіміз бекер емес. Себебі, жоғарыда айтылған Гиппократ дәрінің 200 түрін тапса, үнді емшілері 800-ге тарта түрін, ал Ибн-Сина 2600 түрлі дәріні емге пайдаланған екен. Гректің атақты дәрігерлері Гиппократ пен Галеннің еңбектерін түгелдей оқып шығып, қайта түзетулер енгізген. Қате тұстарын түзетіп, ескірген ұғымдарды қайта жандандырып, медицина атасының есімін қайта жаңғыртқан осы Ибн-Сина болатын. Барлық денсаулыққа байланысты дүниелерді біріктіріп, медицина саласы деп атауы да сол Ибн-Синаның құрметіне болса керек. Ендеше, «Гиппократ анты» деген ұғымды «медицина серті» деп неге ауыстырмасқа?
Жалпы, анттың тек Алланың атымен берілу керектігін ескерген жөн деген пікірлер де көп айтылып қалып жатады қоғамда. Мақала басына зер салсаңыз, Гиппократ өмір сүрген уақыт пұтқа табынушылық кезеңі екендігін білеміз тарихтан. Ал, Ибн-Сина ислам дінінің дамыған тұсында өмір сүрген. Осы саланы бітірген болашақ маман медицина сертін беріп, қызметіне жауаптылық танытқаны керек халыққа. Өзі де танып-білмейтін Гиппократқа ант берген маман оның салмағын да жете түсіне қоймас. Сондықтан, іштегі сырдың үзігін жазып, ойымызды ортаға салмаққа бекіндік. Қандай сала болсын, артында үлкен міндет пен жауапкершіліктің жүгін арқалап тұратыны белгілі. Ал, оның сауабын да залалын да тартатын халық.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
19 қазан 2021 ж. 457 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930