Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ

ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ


Екі күнге жалғасқан «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезі де өз мәресіне жетті. Заманауи трендтер мен технологиялар кеңінен қолданылған бұл ауқымды іс-шараның басты ерекшелігі мүлдем жаңа форматта, тың бағытта өтуінде болды. Нақты айтқанда, бұл жолы негізінен жастардың ой-пікірлері тыңдалып, оларға мейлінше еркіндік берілді. Нәтижесінде, еліміздегі жас буынды қоғамдағы рухани, мәдени жаңалықтардан бастап саясат пен экономикадағы өзекті мәселелерге дейін алаңдататыны, олардың ел ертеңіне бейжай қарамайтыны белгілі болды. Бұл әрине, Елбасы салып берген дамудың даңғыл жолын лайықты жалғастыратын буынның өсіп келе жатқанын аңғартады. Кеше EXPO – 2017 халықаралық көрмесінің Конгресс-орталығында «Жаңа әлемге жол саламыз» атты съездің қорытынды Гала-форумы өтіп, отандық жастар саясатына жаңа қарқын, тың серпін беретін қорытынды құжат қабылданды.

Биіктерге бастайтын жол
Жасотандықтармен қатар бұл жиынға Парламент депутаттары, Мемлекеттік органдар мен «Нұр Отан» партиясының басшылығы қатысқанын атап өткен жөн. Елбасы партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында елі­міздегі жастар саясатын жаңғырту жайына ерекше көңіл бөлген болатын. Бұл «Жас Отанның» жаңа қарқынмен жұмыс істеуіне де ерекше екпін берді. Бүгінде Жастар қанаты – 150 мыңнан астам жас қазақстандықтың басын біріктіретін бірегей ұйым. Әр облыс, қала және ауданда өз өкілдігі бар. Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша «Жас Отанның» 230-ға жуық бастауыш ұйымы жұмыс істейтінін де атап өткен жөн.
Съезде Елбасының құттықтау сөзін Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. Онда «Жас Отанның» елін, жерін сүйетін, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегімен байланыстыратын, мыңдаған білімді де бел­сенді жастардың бастарын біріктіретін, Елба­сының барлық бастамалары мен стратегиялық жоспарларының сенімді тірегі болып келе жатқан беделді ұйым екені айтылған.
– Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бас­тап, жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болып, бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды. Мен осынау мемлекеттің жеңісі мен қамқорлықтың жылуын жастарымыз жақсы білетініне кәміл сенемін. Қазір бүкіл әлем ауқымды өзгерістерді бастан кешіруде. Төрткүл дүние Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Біз ұзақ­мерзімді мақсаттарымызға қол жеткізу үшін осындай қарқынды өзгерістерді өз пайдамызға қарай сәтті жүзеге асыруымыз керек. Сол үшін біз Қазақстанда саяси, экономикалық, рухани және әлеуметтік жаңғыруларды қолға алдық, – делінген құттықтаухатта.
Сонымен қатар Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайын­дағы да­мудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жаңа заман талаптарына бейімделу мен жетістіктерге жетудің жолдары қарастырылғанына назар аударған.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламда мен ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы және таяу жылдарда қолға алуды қажет ететін міндеттерге ерек­ше назар аудардым. Солардың қатарында латын әліпбиіне көшу, «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы, үш тілде білім беру сияқты міндеттерді елдік мүдденің жаңа деңгейі деп атап өтер едім. «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауымда жаңа заман талаптарына бейімделу мен жетістіктерге жетудің жол­дарын қарастырдым. Күні кешегі халыққа Үндеуімде де өзімнің бес әлеуметтік баста­мам­ды ұсынып, оны жүзеге асырудың тиімді тетіктеріне тоқталдым. Осының барлығында мен жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп, соған басымдық бердім. Өйткені, сендер еліміз­дің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақ­саттарды жүзеге асыратын буын­сыңдар, – делінген Елбасының құттық­тауында.
Өз құттықтауында жастарға алдағы өмірде сәттілік тілеген Мемлекет бас­шысы:
– Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айна­лысуға, шет тілдерін үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып білуге, ең бастысы әрқайсыңды өз салаларыңда әлемнің ең озық маманда­рымен иық тірестіріп, қатар тұра ала­тындай деңгейге көтерілуге шақырамын. Сендер, ата-бабаларымызға арман болған, біздің буын негізін қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді лайықты жалғас­тыруға тиіссіңдер! «Жаңа әлемге жол са­ламыз» деген съездің атауы да жастары­мыздың жаңашылдыққа ұмтылысын аңғартып, көңілге қуаныш ұялатады. Мен сендердің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын! Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрі даңғыл болсын!, – деп жылы лебізін білдірген.

Ортақ мүддеге ұйыстырған бастама
Мемлекет басшысының үнемі жас­тарға қолдау көрсетіп, білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келе жатқанын айтқан «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев екі күнге жалғасқан съездің мәнді де мазмұнды өткеніне назар аударды.
– Съезд кезінде ұтымды ойлар мен өзекті пікірлер айтылды. Жастарымыз белсенділік танытып, түрлі ұсыныстармен шықты. Ең бастысы, біз креативті, заманауи, ел жастарының бағыт-бағдарын айқындаған нәтижелі съезд өткіздік деп айтуға толық негіз бар. Біз жұдырықтай жұмылып, осындай аясы кең жиынды жаңа форматта, тың бағытта өткізуге бола­тынын көрсеттік. Сол арқылы жасотан­дықтар ашықтықтың озық үлгісін таныт­ты. Сондықтан бұл съезді «Жас Отан» Жастар қанатының жаңғыруының жарқын көрінісі ретінде қарастыруға әбден бо­лады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары биылғы съездің «Жас Отанның» да, партияның да бүгінгі бағыт-бағдарын, бет-бейнесін айқын көрсетіп бергенін тілге тиек етті.
– Еліміздің барша жастары ортақ мүд­деге ұйысып, ұзақмерзімді мақсатта­рымыздың жолында күш біріктіруі тиіс. Елбасымыздың сенімді тірегі болып, тың бастамалар мен стратегиялық шешімдердің басты қозғаушы күші болуы қажет. Бұл ретте жастарға жүктелер міндеттің де салмағы жеңіл болмасы анық. Осы жолда ел жастары ортақ мүддеге ұйысуы керек. Ал оның негізгі үйлестірушісі болу – «Жас Отан» Жастар қанатының мойнына жүк­теліп отыр, – деп атап өтті «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының Бірінші орын­басары.
Елдігімізді еңселі, бағымызды баянды ету жолында барша жасотандықтар бір-біріне дем беріп, ынтымақтаса жұмыс істеу керектігін айтқан Мәулен Әшімбаев «Біз осы съезд арқылы жаңа әлемге ұмтылып, дамудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Мақ­сатымыз – анық, бағыт-бағдарымыз – айқын. Алдымызда Елбасы белгілеп бер­ген абыройлы міндеттер тұр. Сол көз­деген межеге қол жеткізу үшін жұдырықтай жұмылып жұмыс істейік. Біз берекелі тір­ліктің бастауы бірлікте ғана екенін батыл іс-әрекетімізбен дәлелдеуіміз керек. Осы жолда барша қазақстандық жастарға үлгі-өнеге көрсетуге тиіспіз» деді.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Жас Отанның» алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспарына назар аударып, бірқатар нақты міндеттерді айқындап берді. Оның айтуынша, ке­шенді жаңғыру бағдарламасының басты мақсаты – елімізді әлемнің ең дамыған 30 мемле­кетінің қатарына қосу. Бұл маңызды мәселеде жастардың да алар орны ерекше. Өйткені олар – барлық жаңғыру үдеріс­терінің негізгі қозғаушы күші. Осыған орай Мәулен Әшімбаев «Сіздердің күш-қуаттарыңыз, бастамашыл тың идеяла­рыңыз, барлық іске креативті көзқарас­тарыңыз – Елбасының стратегиялық бастамаларын сәтті жүзеге асырудың кепілі. «Жас Отан» еліміздегі барлық жас­тың мүддесін лайықты қорғауы тиіс. Сон­дықтан бұл съезді елімізді жаңғырту ісінде жастарды интеграцияға бастайтын қуатты күш деп айтуға толық негіз бар» деді.
Заман талаптарын жатсынбаған ұйым
Осы ретте партия қызметін жаңғырту жөніндегі Елбасы тапсырмасы дәл «Жас Отанның» ішкі реформасымен бастал­ғанын атап өткен жөн. Нақты айтқанда, Жастар қанаты өзінің құрылымын, жұмыс тәсілін және орталық кеңсесін түбегейлі өзгертті. Жұмыстың барлық бағытына жаңа тетіктер мен құралдар енгізілді. Соған орай бастауыш департаменттер мен бөлімдердің орнына жасотандықтар «Жүрек», «Сана» және «Даму» атты үш негізгі бағытқа бөлінді. Соған сәйкес әр бағытқа белгілі бір міндеттер жүктелді. Мәселен «Жүрек» бағыты ұйым қызмет­керлері мен мүшелерінің жан-жақты білім алуы, өсуі және халықаралық ынтымақ­тастық жұмыстарына жауапты. Ал «Даму» бағыты бойынша еліміздегі барша жасотан­дықтармен және өз қатарына белсенді жастарды көптеп жұмылдыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ осы бағыт аясында жастар саясатына қатысты партиялық тыңдаулар өткізіліп, әлеуметтік зерттеулер жүзеге асырылмақ. Ал респуб­ликалық деңгейдегі ірі жастар жобала­рымен айналысатын «Сана» бағыты «Жас Отанның» идеологиялық жұмыстарына жауапты.
«Жас Отан» Жастар қанатының өңірлік өкілдіктері де жаңғыру үдерісінен тыс қалған жоқ. Облыстық филиалдардың жұмысын жандандыру мақсатында қо­сымша штат ашылып, жас мамандар жұ­мысқа алынды. Бұдан басқа, жыл басында «Жас Отан» өз тарихында алғаш рет Ор­талық кеңес мүшелерінің онлайн-сай­лауын өткізді. Сол арқылы дауыс берудің мейлінше ашық өтуіне ерекше мән берілді. Орталық кеңес ұйым жұмысының негізгі бағыттарын анықтап, жастарды алаңдатқан мәселелерді зерделеп, оларды шешу жолдарын ұсынады. Одан бөлек, партия жұмысында жастардың мүддесін қорғайды. Сондықтан ашық сайлау аталған органның тиімділігін арттырып, ұйымның әлеуетін одан әрі күшейте түсті. Съездің алғашқы күні Jas Otan conf конференциясында сайлауда жеңіске жеткен кеңес мүшелері барша делегаттарға таныстырылды.
VR формат: әлемдік тәжірибенің озық үлгісі
Съезд алғаш рет VR, яғни виртуалды шынайылық форматында онлайн режимде көрсетілді. Соның нәтижесінде, форум жұмысын қазақстандық жастар ғана емес, әлемнің барлық интернет қолданушысы 360 градуста көруге мүмкіндік алды. Соған орай еліміздегі барша жасотандықтар съезге виртуалды түрде қатысты деп ай­туға толық негіз бар.
Жалпы, «Жас Отанның» жұмысында интернет пен әлеуметтік желілердің кеңі­нен қолданылуын ерекше атап өткен жөн. Соның нәтижесінде, ұйым мүшесі атан­ғысы келгендер сайт арқылы онлайн-тіркеуден өтеді.
Гала-форум барысында өз саласында биіктерді бағындырған, қоғамның да­муына өзіндік үлесін қосқан жас қазақ­стандықтар сөз алып, әріптестеріне жетіс­тікке жетудің қыр-сырын айтып берді. Іс-шарада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның жұмысшысы Елжас Қожахметов, Назарбаев Университетінің ассистенті Әсия Ермұхамбетова, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы Айбар Қасеналин, Ninety One тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиев, Қостанай қаласындағы №3 емхананың дәрігер-эндокописі Эльвира Асадова, жеке кәсіпкер, «Ақайдар» шаруа қожа­лығының басшысы Адамбек Баймырза, Алматы қаласындағы Назарбаев зият­кер­лік мектебінің 11-сынып оқушысы Иван Крепак, паралимпиада жүлдегері, «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» жобасының жеңім­пазы Серік Есматов, «Тұлпар-Тальго» ЖШС-ның өндірістік директоры Данара Елеусізова, «Қашаған» кен ор­нының инженері Берік Уап, «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» жобасының жеңім­пазы, Шығыс Қазақстан облысы, Усть-Таловка ауылындағы балалар өнер мектебінің оқытушысы Валентин Алифанов, Air Astana әуе компаниясының ұшқыштары Олег Жакупов пен Жан Жакупов, жастар әзіл-шоуының бас дирек­торы және резиденті Ақсұлтан Қалиев, «Жас Отан» Жастар қанаты «Сана» бағы­тының жетекшісі Әйгерім Серікжанова сөз сөйледі.
Съезд соңында «Жас Отан» Жастар қа­на­тының алдағы бағыт-бағдарын айқындап берген жаңа құжат қабылданды. «Жаңа әлемге жол саламыз» атты бұл құжатта еліміздегі жастар саясатына тың серпін беретін игі бастамалар мен жасотан­дықтардың ұйымның дамуы және еліміздегі жаңғыру үдерістеріне қатысу жөніндегі стратегиялық міндеттері көрсетілген.
ПІКІР
Елжас ҚОЖАХМЕТОВ, 
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының операторы, Съезд делегаты:

– Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында жұмыс істеймін. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде металлург мамандығы бойынша білім алдым. Аталған ком­пания­ның «100 жаңа инженер» бағдарламасы бойынша 3 кезеңдік іріктеуден сүрінбей өтіп, әйгілі N1 домна пешінің гор­новойы ретінде жұмысқа қабылдандым. Тәулігіне 10 сағаттан, 1500 градус температурада үстіме сукно киіп, жұмыс істедім. Бүгінде басқару пультінің операторымын. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елбасымыз да үнемі бізді басты назарында ұстап, барлық жағдайды жасап келеді. Мұндай игі істер бізді шабыттандырып, ынталандырады. Кешегі Президенттің бес әлеуметтік бастамасында айтылғандай, білім гранттарының көбеюі көп жастың үмітін оятты. Енді қатарластарым мамандық таңдауда қателеспесе екен деп тілеймін.
Берік УАП, 
«Қашаған» мұнай кен орнының инженері, Съезд делегаты:

– Менің мұнайшы болуыма Елбасының тікелей қатысы бар. Өйткені осыдан 18 жыл бұрын «Қашаған» кен орнының алғашқы мұнайы өндірілген кезде Мемлекет басшысы оны ырымдап менің маңдайыма жаққан болатын. Сол кезден бастап мұнайшы болсам деген арман пайда болды. Сол арманыма қанат бітіп, Англияның Манчестер қаласында білім алдым. Бүгінде елімізде ғана емес, әлемдегі ең ірі кен орнында жұмыс істеймін. Өмірдегі үлгі тұтар тұлғам да – Елбасымыз. Сондықтан оның әр ісі мен сөзіне үнемі үлкен мән беріп жүремін. Өткен жылдың аяғында жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын да алғашқылардың бірі болып оқып шықтым десем, қателесе қоймаспын. Ол жерде Мемлекет басшысы елдіктің іргесін бекітіп, еңсені тіктеу сияқты ауқымы кең, салмағы ауыр міндеттерді қалай жүзеге асырғаны туралы айтады. Кітап оқыған жанға жігер беріп, рухын оятады. Сондықтан барша замандастарыма оқып шығуға кеңес беремін. Біз де еліміздің бір кетігіне кірпіш болып қалануымыз керек. Мемлекет бізге сапалы жоғары білім алуға барлық мүмкіндіктерді беріп отыр. Тіпті әлемнің кез келген ең үздік оқу орнында білім алуымызға да жағдай жасалған. Бұл көптеген елдердің жастары үшін жай арман ғана. Ендеше осы мүмкіндіктерді мүлт жібермей, білім алудан жалықпайық. Себебі, ертең сол білімімізбен ғана заман көшіне ілесе аламыз.
Айбар ҚАСЕНАЛИН, 
«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім жетекшісі, Съезд делегаты:

– Осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни 1998 жылды Елбасы­мыздың халық бірлігі мен ұлт тарихы жылы деп жариялағанын білеміз. Дәл сол жылы, мүмкін сәйкестік, мүмкін заңдылық, мен ата-анаммен еліміздің тарихи орындарын араладым. Атап айтқанда, «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Арыстан баб» кесенелерінде болып, көне Отырардың орнын көзбен көрдім. Сол бір отбасылық саяхат тарихқа деген қызығушылығымды оятып, кейін осы саланы таңдауыма түрткі болды. Археологиялық экспедицияларға 16 жасымнан бастап қатысып келемін. Кейін бірқатар қазба жұмыстарына жетекшілік еттім. Бүгінде Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен ашылған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қызмет атқарамын.
Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи-мәдени мұрала­рымызды зерттеп, зерделеуге тиісті деңгейде көңіл бөлініп келеді. Оған дәлел ретінде «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламаларын айтсақ болады. Ал қазіргі таңда қарқынды жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – сол игі бастамалардың лайықты жалғасы. Бұл әсіресе, біз сияқты жас буын үшін берері мол бағдарлама. Өйткені сол арқылы біз еліміздің киелі жерлері туралы толық мәлімет алып, жетік білудеміз. Көптеген құнды жәдігерлеріміздің цифрлық нұсқалары дайындалуда. Енді осындай ауқымды жұмыстардың насихатын арттырып, халыққа кеңінен түсіндірсек, берер жемісі де мол болмақ. «Жас Отанның» съезінде осындай маңызды дүниелердің айтылуы мені ерекше қуанышқа бөледі. Бұл жастарымыздың барлық тұрғыда өсіп, жан-жақты жетілгенін білдіреді.
Иван КРЕПАК, 
Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы, Съезд делегаты:

– Елімізде жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сол үшін Елбасына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясының өзі – ауыз толтырып айтарлықтай бастама. Соның арқасында бүгінге дейін мыңдаған қазақстандық жас әлемнің алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарында білім алды. Осы ретте еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептері сол әлемдік деңгейде білім беретін бірден бір оқу орындары деп толық сеніммен айта аламын. Тіпті мен өзімді болашақтың мектебінде білім аламын деп есептеймін. Өйткені осы мектептің қабырғасында менің IT саласына деген қызығушылығым артып, түрлі жобалармен айналыса бастадым. Көңіл қуантарлықтай жетістіктерге де қол жеткіздім. Мәселен түрлі байқауларда жүлде алған смартфонмен басқарылатын bLock ақылды құлыбы, мектеп оқушыларына арналған барлық білім сайыстары жинақталған Zharys және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған VoiceKomek мобильді қосымшаларын жасап шықтым. Мұның бәрі мектебімде алған білім мен ұстаздарымның талмай үйреткен ілімінің жемісі. Сондықтан мен жарқын бола­шақты тек инновацияға, әлемдік трендтерге бағытталған біліммен байланыс­тырамын. Осы жолда барша құрбы-құрдастарымды күш біріктіруге шақырамын.
Дулат МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, 
Ninety One тобының әншісі, «Жас Отан» Жастар қанаты Орталық кеңесінің мүшесі, Съезд делегаты:

– Осы съезге қатысып, жас өнерпаздардың атынан пікір білдіргенім үшін өте қуаныштымын. Шын мәнінде, мұндай қадам бізге ерекше әсер етті. Оның себебі де жоқ емес. Біз топ болып құрылғаннан кейін көптеген түсініспеушіліктерге тап болдық. Тіпті бірнеше қалада өнер көрсетуімізге қарсы топтар шықты. Яғни, өлең айту, шоу көрсету, нағыз заманауи әртіс болу аяқ астынан ХХІ ғасырда өмір сүретін қазаққа тән емес болып қалды. Осы кезде біз ХХІ ғасыр мен қазақ менталитеті, мәдениеті бір-біріне сәйкес келмейді деген таптаурынмен бетпе-бет келдік. Мен мұнымен мүлдем келіспеймін. Себебі, өнер саласы – мәдениеттің дамуы мен рухани жаңғырудың негізгі көзі. Халықты рухани қоректендіруші құралдардың бірі ол – шоу-бизнес. Сондықтан Ninety One тобы осы бір кішігірім әлемге қазіргі заманның ағымына сай жүйеленген Q-pop, яғни қазақи поп бағытын алып келді. Q-pop-тың негізгі мақсаты – заманауи музыка, шоу, TV бағдарламалар арқылы қазақтың рухани қорын және тіл байлығын жаңа деңгейге көтеру. Оған мысал ретінде музыка, тағам, сән, киноиндустрия бағыттарын қамтитын Корей елінің K-pop субмәде­ниетін алсақ болады. Олар өз мәдениетін экспорттау арқылы өзге ел азамат­тарының қызығушылығын тудырып, К-рор-ты туризм көзіне айналдырған.
Бұл – үлкен бизнес. Біз де еліміздің дамуына өз өнерімізбен үлес қоссақ дейміз.
Ақсұлтан ҚАЛИЕВ, 
«Ха-ха шоу» жастар әзіл жобасының бас директоры және резиденті, Съезд делегаты:

– Біз, қазақ, қашаннан дана бабалардың бізге қалдырған өсиетін орындап келе жатқан халықпыз. Мен видеоблогермін және бұл менің биік арман-қиялдарымның нәтижесі. Өзім әр видеоблогымда желідегі әлеуметтің ойын дөп басып, ойландыру үшін қоғамның түйткілі терең мәселелерін қозғай отырып, тың идеяларға жетелеуге күш саламын. Айтыл­ған талаптарға сай түсірілген видеоматериалымды ғаламторға саламын. Видеоблогинг соңғы 5 жылда әлем бойынша Youtube желісінде өте қарқынды дамып келеді. Бүгінде халық санасын қалыптастыруға ықпал етуші күштің бірі – әлеуметтік желі мен ғаламтор екені белгілі. Қазіргі адамдардың өмірі ғаламтормен тығыз байланысты. Егер адам рухани ізденіс жолында ғаламтордағы қате сілтемелерге кіріп, пайдасыз ақпарат алатын болса, ол әсіресе жастардың қалыптасуы мен дамуына үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан мен замандастарымды жамандыққа ермеуге, материалдық құндылықтарға ден қойып, сүйікті ісімен айналыса жүріп, өмірден өз орындарын тауып, халыққа да пайда келтіруге шақырамын. Алдағы уақытта да осы жолда аянбай еңбек етемін.
Баймырза АДАМБЕК, 
«Ақайдар» шаруа қожалығының жетекшісі, жас кәсіпкер, Съезд делегаты:

– Съезге жас кәсіпкер ретінде қа­тыс­тым. Оңтүстiк Қазақстан облысы Төле би ауданының тумасы­мын. Осыдан бiр жыл бұрын кәсiп­керлiк мектебiн бiтiрiп, бұл саланың қыр-сырын меңгердім. Нәтижесінде, осы­дан төрт жыл бұрын қолға алған мал шаруашылығын дамытуға білек сыбанып кірістім. Әрине, алғашында оңай болған жоқ. Белді бекем буған нар тәуекелдiң арқасында бүгінде жылқыларымның басы 200-ге жетiп, 6 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Ет және сүт өндiру саласын дамыту мақсатында еңбек етіп келемін. Биыл егiн шаруашылығын қолға алуды жоспарлап отырмын. Деректерге көз жүгіртсек, бүгінде елімізде бір жарым миллионнан астам жас азамат ауылдарда тұрады екен. Оларды жұмыспен қамту да оңай шаруа емес. Сондықтан жастарға айтарым: ата кәсiппен айналысайық. Өз кәсiбiмiздi өрлетiп, жұмыс орындарын ашайық. Бұл бiздiң жұмыссыздықпен күрестегi басты үлесiмiз болсын. Осылай жаңа әлемге даңғыл жол салайық!
Әйгерім СЕРІКЖАНОВА, 
«Жас Отан» Жастар қанаты «Сана» бағытының жетекшісі:

– Жасотандықтар жаңғырудың үш негізін анықтап алды: қоғамдық сананы жаңғырту, цифрландыру және Елбасының бес әлеуметтік бастамасы. Біз, жастар, еліміздің алдында тұрған басты мақсат әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолында кезекті серпілістің негізгі қозғаушы күші болуымыз керек. Осы орайда съезд барысында келіп түскен ұсыныстарды қорытындылап, түйген ойларымызды айта кетейін. Олар: жастардың компьютерлік сауаттылығын арттыру мақсатында оқушыларға арналған тегін бағдарламалық курстар ашу; жастардың қазақ және ағылшын тілдерін дамыту мақсатында он әлемдік бестселлер мен бизнес туралы 100 мақаланы қазақ тіліне аудару, сонымен қоса ауылды жерлердегі оқушылардың ағылшын тілін жетілдіру мақсатында шетелдік және қазақстандық педагогтерді жұмылдыру; жастардың мәдениеті мен ойының ашықтығын көтеру мақсатында арнайы ақпараттық материал дайындау және жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін «бизнес менторлар» клубын ашу. Алдағы уақытта осы бағытта қарқынды жұмыс істейміз.
Еламан ҚОҢЫР
02 сәуір 2018 ж. 1 214 0