Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Анаға тағзым» орталығы ашылды

«Анаға тағзым» орталығы ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Тараз қаласында «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Аталған орталық «Таразға тарту» жобасы аясында бой көтерген. Бұл нысанды «АрайСтройМаркет» ЖШС директоры Арман Еділбаев өз қаражатына салып беріп отыр. Орталық заман талабына сай салынып, ұлттық нақышта безендірілген. Жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Ал алдына ақжаулықты аналардың құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған.

«Анаға тағзым» орталығы­ның ашылуына қатысқан облыс әкімі Б.Сапарбаев өткеннің өнегесін бүгінгі жас буынның бойына сіңіру керектігін айтып, орталықтың алдағы уақытта ат­қаратын жұмысына тоқталды. «Қандай заманда да абзал аналарымыз халықпен бірге ерлеріне сүйеніш, еліне тірек бола білген. Айша бибі, Қыз Жібек, Мәншүк, Әлия секілді көптеген тұлғалар ел өмірінде ойып тұрып орын алады. Небір қиын-қыстау кезеңдерде де аналарымыз тек отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, ауырлықты еңсеруге белсене араласты. Бабаларымыздан қалған «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді», деген асыл сөз бар. Ана мен баланы қолдау, отбасылық құн­дылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда пайдалануға беріліп отырған «Анаға тағзым» орталығы бір жағынан сұлулық пен ізгіліктің бейнесі, екінші жағынан тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар қазақтың анасы деген атқа лайық XXI ғасыр әйелінің қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл жер ардақты әйел-аналарымыз бен қыз-келіншектеріміз үшін ұлтымыздың құндылықтарын дәріптей отырып, қазіргі заман­ның талабына сай қасиеттерді бойына сіңіретін басқосу ала­ңы болады деп есептеймін», деді. Сонымен қатар Б.Сапарбаев ны­санды салып берген кәсіп­кер Арман Еділбаевқа жам­был­дық­тардың атынан алғыс айтты. Сон­дай-ақ көпбалалы жә­не аз қам­тылған аналардың мәселе­леріне құлақ түріп, оларды ше­шу жолындағы орталықтың ат­қа­ратын қызметіне тоқталды. Ұсы­­­ныс, ой-пікірлер де барын­ша еске­рілетін болады. Тіпті, қа­­жет болған жағдайда жергілікті ­ат­қа­рушы органдардың өкіл-дері де осында шақыртылып, түр­лі мәселе бойынша қабылдаулар мен кездесулер өткізіледі.
Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, «Құнанбай» фильмін­де Абайдың әжесі Зеренің бейне­сін сомдаған актриса Нұрси­фат Салықова өз сөзінде ақыл­ман, данагөй ұлы аналардың ізгі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа, оның ішінде қыз балаларға рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беруді мақсат еткен орталық жұмысына сәт­тілік тілеп, ақ батасын берді. Со­нымен қатар салтанатты ша­раға ел анасына айналған та­нымал тұлғалар мен елімізге бел­гілі азаматтарды дүниеге әкел­­ген ардақты аналар, спорт пен өнердегі қыз-келіншектер, сондай-ақ кәсіпкер әйелдер мен қоғам белсенділері қатысты. Көп­­балалы ана Сапура Ержанова өңір­дегі аналарға айрықша кө­ңіл бөліп отырған Мемлекет бас­шысына, облыс әкіміне риза­шылығын жеткізді. Бұдан ке­йін қонақтарға ғимараттың құ­рылымы таныстырылып, қаза­қы дәстүрмен тұсаукесер рәсімі өтті. «АрайСтройМаркет» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі аясында сыйға тартқан үш қабатты ғимараттың барлық залы, дәлізі ұлттық нақышта безендірілген. Аталған орталықта жас және көпбалалы аналар үшін түрлі курстар ұйымдастыры­лып, оларға психологиялық және құ­қықтық тұрғыдан жан-жақ­ты қолдау көрсетіледі. Орталықтағы «Мирас» экспозициялық залын­да ұлттық салт-дәстүр барынша на­сихатталады. «Анаға тағ­зым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғалидің айтуынша, мұнда «Сырғалым» сырласу клубы, «Ерке сылқым» хорео­графиялық залы, «Қыз­ғалдақ» ұлттық экотәрбие клубы, «Сырлы әлем» бейнелеу өнері және «Ана тілі» шешендік өнер мектептері, «Қазына» ұлттық аспаптар сыныбы, «Ынтымақ» коворкинг залы, «Береке» аспаздық, «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиялары жұмыс істейді.


https://egemen.kz​​​
15 қазан 2021 ж. 448 0