Ақтөбе облысындағы ауылдарға жылдамдығы жоғары интернет желісі жетті
Ақтөбе облысындағы 20 ауыл тұрғыны жылдамдығы жоғары интернет қызметіне қол жеткізді. Нәтижесінде жергілікті халық аудандық, тіпті елордалық дәрігерлердің көмегіне жүгіне алады. Сапалы байланыстың орнауы өңірлерде телемедицинадан бөлек өзге де салалардың дамуына жағдай жасап отыр. Себебі дер кезінде ақпарат алмасу үшін аудан орталығы немесе Ақтөбеге барудың қажеті жоқ. Елордалық дәрігер Гүлмира Мағзұмованың қабылдауына бұл жолы Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Үшқұдық ауылының тұрғыны жазылған. Төртінші сәбиін күтіп жүрген Гүлім Докина білікті маманның ақыл-кеңесіне жүгінуді жөн көріпті. Ол үшін ауылдан шықпай-ақ, телемедицинаның көмегімен жүздесуге мүмкіндіктің болғанына разы. Гүлім Докина, Үшқұдық ауылының тұрғыны: – Анализдерімде шамалы өзгерістер болып тұр. Сол үшін дәрігерден кеңес алдым. Астанадағы дәрігермен сөйлесіп, кеңес алып жатырмын. Қазақтелекомға да көп-көп рахмет. Осы ауылда интернеттің барына рахмет. Қазіргі заманда интернет бізге ауадай қажет. Сапалы интернеттің келгеніне мұғалімдер де дән риза. Күнделікті оқу үрдісіне түрлі онлайн алаңдарды қосып, білім беруді оңтайландырып отыр. Соңғы екі жыл ішінде өңірде талшықты-оптикалық байланыс желісінің 600 шақырымы тартылған. Нәтиждесінде 20-дан астам мектеп, 18 медицина нысандарымен 80-ге жуық мемлекеттік мекеме интернетпен қамтамассыз етілді. Алмат Қараманов, «Қазақтелеком» АҚ корпоротивтік бизнес жөніндегі бас директоры: – Біздің басты мақсатымыз – қалалар мен ауылдардың арасындағы цифрлық теңсіздікті жою. Сондықтан желі тарту мен базалық станциялардың құрылысын белсенді жүргізіп келеміз. Аудан орталықтарын айтпағанда, шалғайдағы ауыл тұрғындарын да жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуі тиіс. Талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу «250+» жобасын жүзеге асыруға да жағдай жасап отыр. Яғни, 250-ден астам тұрғыны бар әр ауылда ұялы телефон базасын орнатуға болады. Мәселен Ақтөбе облысында 214 елді-мекенді толық қамту үшін ұялы операторлар 3G стандартының 100 базалық станциясын қойған.
https://24.kz
https://24.kz