Қазақстанда көздің қатерлі ісігіне операция жасала бастады
Көздің қатерлі ісігін емдеуге болады, деп хабарлайды «Хабар 24». Осы аты жаман ауруға шалдыққан балаларға операция өз елімізде жасала бастады. Бұл істі алғашқы Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде қазақстандық дәрігерлер қолға алған. Олар медицина саласындағы жетістікті ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына тартуымыз деп есептейді. Операцияны Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Көз аурулары ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері бірігіп жасайды Операция үстелінде Шығыс Қазақстан облысынан келген бір жарым жасар бала жатыр. Диагнозы – көздің қатерлі ісігі. Медицина тілімен айтқанда – ретинобластома. Қауіпті дерт. қазақстандық дәрігерлер бұл ауруды емдеудің жаңа әдісін енді меңгеріп жатыр. Ресейден келген мамандар бірнеше рет шеберлік сыныптарын өткізгеннен кейін операцияны өздері жасай бастаған. Емнің бірегейлігі сол ауруды ерте бастан анықтаған жағдайда қос жанарды сақтап қалуға болады. Азиз Оңласынов, рентгенохирург: – Мұның ерекшелігі қан тамырларының ішіне көз артериясына химия препаратты енгіземіз. Ол бүкіл организмге әсер етпей, тек қана керекті ағзаға әсер ететін, көзді сақтайтын операцияның бірі. Бұрын тек жүйелі терапиямен емделетін, барлық ағзаға таралатын дәрі-дәрмекпен жасалды. Енді көзге ғана әсер ететін жағдай бар. Ол бүкіл органға таралмай, дәрі-дәрмектің концентрияциясы дәл ісіктің өзіне барады да соған әсер етіп, көбірек нәтижелі болады. Ретинобластома балалар арасындағы көзішілік ісіктің 90 процентін құрайды. Көз алмасын, көру жүйкесін, көзұясын зақымыдап, ісік миға дейін жайылуы мүмкін. Ісік көру қабілетінен айырумен қатар, бүкіл ағзаға әсер етуімен қауіпті. Жыл сайын әлемде ретинобластома диагнозы 8 мыңнан аса, ал Қазақстанда 20-25 адамға қойылады. 40 процентінде туабіткен немесе тұқым қуалайды. Жүре пайда болуы да мүмкін. Алуа Әубәкірова, дәрігер офтальмолог: – Ретинобластоманы анықтау үшін суретке жарықпен түсірсек, сол кезде қарашығы сары болып жанады. Екінші белгі – қылилық пайда болу. Ол қылилық көздің түбінде ісік пайда болғаннан кейін айда болады. Дер кезінде бастасақ, көзді аман сақтап қалуға болады. Көзді ғана емес, көруді сақтап қалатын операция. Айта кетейік, АҚШ-та селективті интраартериалды химиотерапия емі жоғары тиімділікті көрсетіп отыр. Онда көз алмасын алып тастау операцияларының саны 95 тен 8 процентке дейін қысқарған. Қазақстанда бұл операция квотамен тегін жасалады. Оны қажет болған жайда бірнеше рет қайталауға тура келеді. Біздің мамандар да одан жақсы нәтиже күтеді. Қазірдің өзінде 12 балаға операция жасалды. Бүгінгі өткен операция да сәтті аяқталды.
https://24.kz
https://24.kz