Елордада отандық және шетелдік урологтар тәжірибе алмасты
Елімізде жұмысқа қабілетті ер азаматтардың 6 пайызы белсіздік және бедеулікке шалдыққан. Осы дертке шалдыққанын жасыратындары одан да көп болуы мүмкін. Бұл туралы отандық дәрігерлер Халықаралық урология және андрология симпозиуы кезінде хабарлады. Сондай-ақ ақ халаттылар елімізде қуықтағы қатерлі ісік дертінің көбеймесе азаймай отырғанын айтты. Бұл кадрда отандық және шетелдік дәрігерлер қуықтағы қатерлі ісікті жою тәсілдерін көрсетіп жатыр. Өзара тәжірибе алмасу арқасында операцияларды сәтті әрі тез жүргізуге болады дейді, мамандар. Тимур Мұратұлы, қалалық эндоскопиялық урологтар қоғамының басшысы: - Қазіргі кезде жағдай бұрынғыдан жақсы. Жүргізген жұмыстар мен қабылданған бағдарламалардың нәтижесі науқастар жас жігіттер болсын, үлкен адамдар болсын уақытында уролог-дәрігерге барып, қаралып тұруға тырысады. Халықтың дегенмен көзі ашылып келе жатыр. Өйткені өзінің денсаулығы өзіне керек екенін көпшілік түсініп келе жатыр. Соның арқасында бізде диагностика қазір көбейіп келе жатыр. Бізде көп науқастардың дертін ерте табуға мүмкіндігіміз бар. Қалалық эндоскопиялық урологтар қоғамы ұйытқы болған шараға облыстардан, көрші Ресейден, Грузиядан, Испания және Германиядан профессорлар қатысып, тәжірибелерімен бөлісіп, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Уролог дәрігерлердің айтуынша, қуықтағы қатерлі ісік дерті шылым шегетін, химиялық және канцерогенді заттармен жұмыс жасайтын адамдарда, сондай-ақ ұзақ уақыт отыратын не болмаса керісінше тұрып тұратын мамандық иелерінде жиі кездеседі. Дәрігерлер кез келген адам мамандарға жиі қаралуға кеңес береді. Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ бас директоры: – Өкінішке орай, елімізде орта жастағы ер азаматтар арасында дәрігерге жыныс мүшесінің дисфункциясы туралы айту ұят деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Ауруын жасырған өледі демекші, уақытылы емделмеген дерт асқынып кетуі мүмкін. Бұл жалпы елдегі демографиялық ахулға кері әсерін тигізеді. Сондықтан мұны бір адамның емес, бүкіл қоғамның мәселесі деп айтуға болады. Симпозиум барысында урологиялық және андрологиялық ауруларды емдеу және операция жасау бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Айта кетейік, тәжірибе алмасу кездесуі 2 күнге жалғасты.
www.24.kz