Татуласу орталығы – даукестікті шешудің тиімді жолы
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодтың қажет екендігін айтқан болатын. Дана да көреген халқымыз ауыл ақсақалдарының байламына тоқтап, дауласқан тараптар мәмілеге келіп, жүйелі сөзге тоқтағандығы аян. Нақ осы тұста Елбасының «өзіміздің ұлттық кодымызға оралуымыз керек» – дегендегі айтар негізгі ой осы – медиация (бітімгершілік). Елбасы ұсынған медиация (бітімгершілік) тәртібі қазақ халқының қанында бар және бұрыннан келе жатқан ғұрып.
Яғни, Елбасы дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөніндегі нақты тапсырмалар берген болатын.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотымен жүзеге асырылып жатқан «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының бірі қоғамдағы даукестікті азайтып, сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Татуласу орталығын» құру жобасын жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленген. Себебі, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылықтарын сақтай білген осынау өлкеде ел азаматтары аталған жобаға қолдау көрсетеді деп тұжырымдаған.
Жоғарғы Сотпен осы бағытта жүргізіліп жатырған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Шиелі аудандық соты мен Шиелі аудандық әкімдігі біріге отырып «Татуласу орталығы» жобасын дәріптеу бойынша атқарылатын шаралар жоспарын бекітті.
Аталған жоспарға сәйкес, «Татуласу орталығы» жұмысын дәріптеу бойынша аудан, ауылдық округтердің тұрғындарына, мекеме жұмысшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қоғамдағы даулардың деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді шешу тақырыбында халықпен кездесу, баспасөз өкілдерінің қатысуымен брифингтер, дөңгелек үстелдер өткізу, татуластыру рәсімдерінің қолданылуы туралы құқықтық насихаттау тақырыбында мақалалар жариялау, «Татуласу орталығын» ашу жоспарланған.
2018 жылдың 27-28 ақпан күндері Шиелі ауданының Ақмая, Төңкеріс, Керделі, Жиделіарық, Еңбекші, Жуантөбе, Алмалы, Ақтоған, Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл, ал 06-07 наурыз күндері Бестам, Телікөл, Иіркөл, Жаңатұрмыс, Гигант, Қарғалы, Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе ауылдық округтерінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізілді. Кездесуге Шиелі аудандық сот қызметкерлерімен қатар, аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, аудандық маслихат хатшысы Б.Сыздық, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов, сот саласының ардагері – доғарыстағы судья Т.Баймағамбет, аудандық мешіттің бас имамы Р.Ахметов, АІІБ-нің өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында «Татуласу орталығы» жұмысын дәріптеу жобасының мақсаты баяндалып, аталған жоба қоғамда орын алып жатқан дауларды шешуде оң нәтижесін беріп жатырса, жобаның қолданылуы республикамыздың басқа да өңірлеріне таратылатындығы және қолданыстағы заңдарға оң өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні түсіндірілді.
«Татуласу орталығы» жұмысын дәріптеу жобасы ауыл ақсақалдарымен бір ауыздан мақұлданып, әрбір ауылдың дауы өзінің ауылынан тысқары шықпай, ауылдың ақсақалдар кеңесімен немесе ауыл және әулет үлкендерімен оң шешілгені елге абырой екені аталып өтті.
Шиелі аудандық сотымен 2017 жылы барлығы 2054 іс аяқталған, оның ішінде 723 әкімшілік, 153 қылмыстық, 1181 азаматтық істерді құрайды. Кейінгі кезде қаралған азаматтық істердің ішінде неке бұзу істері артып келеді. 2017 жылы сотпен қаралған неке бұзу істері бойынша шамамен 1 000 бала тірідей жетім мәртебесіне ие болған. Яғни, аталған балалардың толық емес отбасында өмір сүру кезінде тәрбие мәселесінің ақсамайтындығына ешкім кепілдік бере алмайды.
Сондай-ақ, сот тәжірибесінде бір некенің бұзылу себебінен 7-8 азаматтық істердің туындайтындығы көрінеді. Осы мәселелердің барлығы жоғарыда айтылғандай сотсыз татуласу, яғни, бітімге келу арқылы шешілсе құпқа-құп болар еді.
«Татуласу орталығы» жұмысының тиімділігі сол, ешкім денсаулығы мен алтын уақыттарын айтыс-тартысқа жұмсамайды, материалдық жағынан да шығындалмайды.
2018 жылдың 16 наурызында аудандық әкімдіктің қолдауымен Шиелі кентінде орналасқан «Құқықтық қызметтер көрсету орталығы» жанынан «Татуласу орталығы» ашылып, аталған орталықтың жұмысын сот саласының ардагері – доғарыстағы судья Т.Баймағамбет басқарып, халықтың дау дамайын сотқа жеткізбей шешуге өз үлесін қосуда.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде аудан тұрғындарын «Татуласу орталығы» жұмысын дамытуға өз үлестерін қосуға шақырамын.
М.О.Күздеубаев
Шиелі аудандық сотының төрағасы