Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біздің күшіміз берекелі бірлікте

Біздің күшіміз берекелі бірлікте

Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауы­на сәйкес, тәуелсіздігіміз, демократиялық қоғам құрудың түбейгелі қағидаттары нығаюда, әлеуметтік-экономикалық және мәдени қарыштап даму қамтамасыз етілуде. Несін жасырамыз, осы Жолдауға үміт артып, елеңдеп, не жаңалық болып қалады екен деп отырамыз. Біз шындығында демократиялық қоғамға қарай бет алған сияқтымыз. Жолдаудағы «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» VII тарауының өзі осы жолмен жүрсек, еліміз гүлденеді, дамыған үстіне дами береміз деп тұрғандай.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан қазір мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Жаһанда тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Біз Конституцияда айтылғандай біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек» – деді. Өте дұрыс. Қоғамда бірлік болмай, тірлік болмайтыны да рас. Ол үшін қазақ халқының арасында өзара ұлттың ұйысуы, бірлігі керек секілді. Қазақ оны ауызбіршілік деген. Отбасынан бастап, екі достың арасында бірліктен бастап, мемлекетімізге дейінгі ұлттық ұйысуымыз Қазақстанда тұратын өзге ұлт этностарымен тату–тәтті достық бірлігіміз алдымен ұлтымыздың ынтымағы мен тұтастығына байланысты. Бұл ойды сон-ау заманда Майқы би «Күшті ұлт болу үшін – алдымен ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет» деп жеткізсе, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов «Қазақтар – жақсылықтың қадірін білетін халық» депті. Ал, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» десе, классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов «Қазақ деген ел – бостандық, азаттық сүйетін, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық» деп ұлтымыздың мәртебесін көтеріп, олардың бірлігін көксеген. Сондықтан алдымен өзіміз, қазақ ұлты ұйыссақ, мемлекет құрушы ұлт мықты болса, өзге ұлт этнос өкілдері ешқайда қашпайды, айналамызда, ортамызда, қазақ тілінде сөйлеп, күліп-ойнап жүретіні аян.
Біз бір-ақ нәрсеге сақ болуымыз керек, ол – алауыздық. Жолдауда ондай адамдардың заң ­бойынша жауапқа тартылатыны айтылған. Мемлекет басшысы одан әрі «Қазақ тілін дамыту, мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Қазақ тілі шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс-жүргізудің тіліне айналуда. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады дей келіп, орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие деді. Өте орынды айтылған пікірге қосарымыз, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырзалиевтің тілге байланысты жазған бір шумақ өлеңі ғана:
«Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев «Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейге танылып келеді», – деді. Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бұл аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды деген мемлекет басшысы ардагерлерге иек артып, зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және ісімен бағаланатынын атап өтті. Жолдау көңілімізден шықты.
Президенттің айтқан көкейкесті мәселелері аудандық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігін де толғандырады. Алда не істейміз, қандай жұмыстар жүргізіледі деген ойдамыз. Бірінші кезекте аудан әкімдігі, ішкі саясат бөлімі, «Nur Otan» партиясымен ынтымақтаса отырып, ардагерлердің ақпараттық-насихаттық тобын құру. Сөйтіп, ауылдық округ тұрғындарымен кенттегі мекемелерде Жолдауды насихаттап, халыққа түсіндіруді көздеп отырмыз. Шиелі ауданының ардагерлері қашанда алғы шепте жүреді.
Аудандық ардагерлер Кеңесі мемлекет басшысының саясаты мен Жолдауын қуаттап, қолдап, еліміздің дамуына бар ерік-жігерін, адал еңбегін жұмсай береді. Ойымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш қуатымыз – берекелі бірлікте» деген қанатты сөзімен аяқтаймын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын!

Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
10 қыркүйек 2021 ж. 549 0