Сөз түзелмей, көш түзелмейді
Бүгінде елімізде қазақ тілінің мәртебесін көтеру, тазалығын сақтау, қолдану аясын кеңейту бағыттарында түрлі жоба жасалып, бағдарламалар қабылданып жатыр. Бірақ, қаншама іс атқарылғанымен, олқылықтар азаяр емес. Әдетте «ана тілін шұбарлап жатыр», «дұрыс сөйлемейді», «сөзді орынды қолданбады» деп жекелеген азаматтарға ренжіп жатамыз. Жақында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарымен бірлесе кент ішіне көз жүгіртіп қайтқан едік. Қате жазулар мен әріпі түгел емес жарнамалардың көптігін байқадық.
Мемлекеттік тілдің мүшкіл хәлін айта-айта жақ талды, өрескел қателіктер туралы ақпаратты ести-ести құлақ тұнды. Бірақ, әлі күнге туған тіл тұғырына қона алмай тұр. Қазақтың тілі шұрайлы, бай тіл деп көп айтамыз. Бірақ, салғырттығымыз бен құнтсыздығымыздың салдарынан тіліміздің көркемдігін өзге түгіл, өзіміздің қарапайым жұртқа дәлелдей алмай жүрген жайымыз бар. Мөңке би бабамыз «Алашұбар тілің болады, дүдәмалдау дінің болады» дегенде, қазақтың қара сөзінің осындай күйге ұшырарын біліп айтты ма екен?.. Арада бір жарым ғасыр өтіп, ел іші үш рет жаңарғанын ескерсек, тілді қолдану үрдісі заманға сай өзгергені хақ. Бірақ, дәл бұлай қарабайырланып кетпесе керек еді.
Шорқақ ой мен шұбар тіл
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жадыра Отарбаева бастаған топ кент ішін бір шолып шықты. Ондағы мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, маңдайшалардың талапқа сай ілінуі, жарнамалардағы сауаттылықты назарға алу. Аналарымыз «Табалдырығың таза болсын. Сырттан кірген кісі үйіңнің ішіне табалдырығыңа қарап баға береді. Кіреберіс жер айнадай болса, үйдің де таза болғаны» деп үнемі ескертіп отыратын.

Дәл қазір егін пісіп, сауда-саттықтың қызған шағы. Ауданға алыс-жақын аймақтан саудагерлер жиі-жиі бас сұғатын болған. Шойын жол вокзалынан кентке кіре бергенде әдемі ғимарат Шиеліге сән беріп тұр. «Мөлдірдің» сәндік-әрлеу орталығы айнала керексіз жарнамалармен көмкеріліп, өзінің архитектуралық кескінін жоғалтып тұрғандай. Қабырғаға «Алтын плазма», «МАХІ ДОМ» т.б. жарнамалардың не қажеті бар? Жұртқа сән ұсынып отырған мекеме ұлттық нақышта безендірілсе, істері де мәнді, сәнді болар еді.
Сондай-ақ, автовокзал маңы мен тамақтану орындарына да көз тастадық. С.Сейфуллин көшесі бойында орналасқан «IDEAL» түрлі қызметтер ұсыну орнындағы ретсіз жарнамалардан жаңылып, мемлекеттік тілде жазылған дүниелердің тым аздығын аңғардық. Ол аз десеңіз кент ішінде ағылшынша жазылған атаулар шұбырып жүр. «Шах-food», «butik Inju», «SMILE», «A-Studio», «Viva», «ENGLISH TIME», «Five CLUB», «Lime» т.б. Ағылшынша сәл тіл сындырып едік, енді орысша атауларды қойып, ағылшын тіліндегі брендтерді қалыптастыруға көштік. Қазір көшелерде «пластиковый цех, мойка, вулканизация, фото и видео студия, Эмвей, ломбард» деген сөздер қаптап кеткен. Оған енді өзге тілдердегі брендтерді қоссақ шұбар тілден шорқақ ой шықпай қайтсін? Тіпті, бір сөздің басы қазақша, жарты буыны ағылшынша жазылған қаншама атаулар көзге ұрып тұр.
Биыл тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл. Ел еңсесін тіктеп, жаһандық бәсекеге бапталып келеді. Осы орайда түрлі сауда орындары мен кәсіпкерлік нысандар өз ана тілінде, таза қазақша брендтер қалыптастыруға неге тырыспасқа? Француздың небір әтірін, түріктердің сантүрлі киімдеріндегі атауларын айтып мақтануға әуеспіз. Ал, Қазақстанның сондай брендтері қазақша атауға ие болса, оны шет елдер ауызға алып мақтан тұтып отырса кәнікей. Бірақ, өз тіліміздің мәртебесін көтеруге келгенде надандықтың жіпсіз байлап алғанын аңғармай қаламыз-ау. Әлде, патриоттық сезіміміз семіп бара ма? «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген халық емеспіз бе? Түсініксіз түрлі атауларды қойып, маңдайшаға іліп, тіршілікті түзеуге кіріскендерге қастығымыз жоқ. Егер жаңашылдыққа жаны құмартып тұрса, латын қарпінде жазсын. Оны құптар едік. Өйткені, ол бүгінгі заман талабы.
Оның да киесі мен иесі бар
Жаһанданудың жаһаннамына түскен тіліміздің қазіргі хәлі қиын. Ұйтқысы таусылып, қоры азая бастаған. Ат үстінде аруақ шақырып, арқа төсінде салбуырындаған бабалар тілінің күйі кім-кімді де ойландырмауы мүмкін емес. Ешқандай керексіз зат болған емес. Сол секілді әр сөз біз үшін тарих, құнды жәдігер, қасиетті бабалар аманаты. Оны шұбарлау, қолданыстан шығару, құрметтемеу – ұлтты тамыры мен тағылымынан айыру үшін жасалып жатқан қастандық. Тілдің киесін – түйсік арқылы көріп, таным арқылы сезесіз. Ал, тілдің иесі – кешегі бабалар, тарихымыз және соның жалғасы – біз ұрпақтар. Қасиетті ана тілінің әр дыбысы мен әр сөзі – ұлы дала мәдениетінің сырын шерткен, тарихтың мұңын мұңдап, жырын жырлаған. Аманатқа адал болайық, ағайын!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ