Құрылыс – экономиканы алға тартар күш
Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен тамыз айының екінші жексенбісі құрылысшылар күні болып белгіленген болатын.
Алла Тағала жер мен көкті жаратса, жер бетіне мыңдаған қалалар тұрғызып, зәулім сарайлар мен әртүрлі көкпен таласқан ғимараттар, көп қабатты тұрғын үйлердің дүниеге келуі құрылысшылардың ерен еңбектерінің жемісі. Құрылысшылардың жасаған еңбектері нәтижесінде еліміздің бас қаласы Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы аз уақыт ішінде бой көтеріп, бүкіл әлемді таң қалдырды.
Аудан құрылысшылары өздерінің төл мерекесін жыл сайын атап өтіп келеді және бұл күн кеңес дәуірі кезінде де аталып, еңбек екпінділері аудан және облыс басшылары тарапынан әртүрлі марапаттарға ие болған. Солардың қатарында колхозаралық құрылыс ұйымының тас қалаушысы Ділдәбай Өтеулиев Қазақ ССР-нің «Құрметті құрылысшысы» атағына, ал №1607 жылжымалы мехколонаның тас қалаушысы Көрікбай Жүністаев «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Аудан құрылысшылары әр уақытта алғы шепте болып, өздеріне жүктелген жұмыстарды абыроймен орындап, қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамай ерінбей еңбек етіп, ел сенімін ақтай білді.
Шиелі ауданында алғашқы болып 1958 жылы құрылған «Облмежколхозстройға» қарасты колхозаралық құрылыс ұйымы құрылып, ауданның ұжымшарларына тұрғын үйлер, мәдени-тұрмыстық ғимараттар және ауыл шаруашылық құрылыстар салып, ауданның өніп-өсуіне өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, ауданда «Қызылордасельстрой-16» тресіне қарасты №1607 жылжымалы мехколонна, «Қызылордаводстрой» тресіне қарасты №31 жылжымалы мехколонна, «Қызылордаремводстрой» тресіне қарасты №45 жылжымалы мехколонна құрылып, аталған мехколонналардың құрылысшылары аудан елді мекендерінде жүздеген тұрғын үйлердің және көптеген әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық ғимараттарды салып, халық игілігіне берген болатын. Ауданда алғашқы құрылған колхозаралық құрылыс ұйымы ұжымшарларды тұрғын үйлермен әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық ғимараттар салып, пайдалануға беріп отырды. Осы колхозаралық құрылыс ұйымының алғашқы басшысы Қ.Ботабаев елге жасаған еңбектері үшін мемлекет тарапынан марапаттарға ие болған, ел құрметіне бөленген азамат. Кейіннен 1970-1989 жылдары колхозаралық құрылыс ұйымын Т.Назаров, М. Егембергенов, К.Сапарбаев, С.Нұркеев басқарып, Шиеліде құрылыс қарқын алған болатын. Бұл ұйымның құрылысшылары қазіргі Бидайкөл ауылына 300 орындық клубты, Қодаманов ауылына 624 орындық мектепті, 90 орындық балалар бақшасын, Бекежанов ауылына 300 орындық клубты, 140 орындық балалар бақшасын, Шиелі кентінен «Жадыра» сауда орталығының ғимаратын салса, Ы.Жақаев ауылынан 140 орындық балалар бақшасын және бір пәтерлі үш тұрғын үйді, Алғабас ауылына екі пәтерлі үш тұрғын үйді салып пайдалануға берді. Сонымен қатар, аудан ұжымшарларында тыңайтқыштар сақтайтын қоймалар салды. Ұзақ жылдар бойы еңбек еткен колхозаралық құрылыс ұйымының инженер-техниктері С.Жұмабаев, А.Еденбаев, Ө.Әбдіраманов, Қ.Қожасов т.б. ел құрметіне бөленген азаматтар. Осы ұйымның тас қалаушысы Дүйсебай Нәбішев социалистік еңбек екпіндісі болып көптеген марапаттарға ие болған құрылысшы.
«Қызылордасельстрой-16» тресіне қарасты №1607 жылжымалы мехколонна Шиелі кенті мен аудан шаруашылықтарына түрлі құрылыс нысандарын салды. Бұл жылжымалы мехколонна құрылысшылары құрылғаннан бастап Шиелі және кент әкімдіктерінің және аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің ғимараттарын, 101 орындық орталық моншаны, 964 орындық Пушкин атындағы мектепті, 1296 орындық Алтынсарин атындағы мектепті, 140 орындық «Аққайың» балалар бақшасын, бұрынғы СПТУ-11 комплексін, 400 орындық «Жеңіс» кинотеатрын, қазіргі Салтанат сарайын, 9,18,24 пәтерлі тұрғын үйлерді, орталық пошта мен коммуникация орналасқан үш қабатты ғимаратты және ертеректе салынған Ы.Жақаев атындағы күрішшілердің білімін жетілдіру мектебінің оқу корпусы мен жатақханасын салып, пайдалануға берді. Мұнымен қоса, мехколонна құрылысшылары Жөлек ауылына 624 орындық мектепті, 150 орындық клубты, Ақмая ауылына 624 орындық мектепті, Қарғалы ауылына екі пәтерлі тұрғын үйлермен қатар 464 орындық мектепті, Ы.Жақаев ауылына 624 орындық мектепті, Ә.Тәжібаев ауылына 50 орындық балалар бақшасын, Алғабас ауылын 624 орындық мектепті, Бәйгеқұм ауылына 624 орындық мектеп пен 140 орындық балалар бақшасын және №219 мектеп жанындағы 8 метрлік су көтергіш мұнарасының құрылысын жүргізді. Бұл уақытта мехколонаны М.И.Хан, В.Ф.Егоров, Ә.Тұрсынбеков, Ш.Кемелов, О.Кемелов, Т.Әбілдаевтар басқарып аянбай еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Мехколоннада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өз үлестерін қосқан инженер-техниктер: З.Әбілқайыров, Т.Мырзалиев, А.Сандыбаев, Ү.Күздеубаев, В.П.Цой, П.Бекназаров, Қ.Псанбаев т.б. азаматтар өз ісінің маманы ретінде көпшіліктің құрметіне бөленді. Осы мекеменің абыройын асқақтатқан құрылысшылар, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, тас қалаушы Көрікбай Жүністаев, тас қалаушылар Ә.Қыдырбеков, Р.Сейтмұратов, Ү.Мәдиев, В.Шепик, сылақшылар Ф.Матушкина, Р.Богобаева, облыстық кеңестің депутаты болған Л.Тюжева, Ю.Ким және құрылысқа сол қолын берген ардақты да аяулы ана Зәуре Асылбекова, Б.Тәжімбетова, Р.Жұмабаева ел құрметіне бөленіп құрылысшы ардагерлер атанды.
«Қызылордаводстрой» тресіне қарасты №31 жылжымалы мехколонна аудан шаруашылықтарының жерлерін инженерлік жүйеге келтіріп, тегістеу жұмыстарымен қатар Шиелі кентінен 1 және 2 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлерді салуды жүзеге асырды. Бұл мехколоннаның құрылысшылары Шиелі кентінің Уәлиханов көшесі бойынан екі пәтерлі төрт тұрғын үйді, Бұқар жырау көшесі бойынан екі-сегіз пәтерлі және бір он екі пәтерлі тұрғын үйлерді салып пайдалануға берді. Сонымен қатар, мекеме құрылысшылары №244 мектепте ОШ-60 жатақханасының жобасы мен оқу корпусын салды. №31 жылжымалы мехкалонна құрлысшылары Шиелі кентін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 100 шақырымынан астам су құбырын тартты.
Мекемені А.Павлов, Қ.Райымбеков, С.Қаратаев, Г.Ким, Б.Арыстанбаев, В.Хан, С.Садықов, М.Жантөреев, А.Ақбергенов, Х.Бейінбетов басқарып, ел игілігіне бір қатар нысандарды пайдалануға беріп келді. Мекемеде қызмет етіп, құрылыс объектілерінің басы-қасында болып, ғимараттардың жобамен сапалы салынуына ат салысқан инженер- техниктер К.Кембілбаев, Г.Кан, М.Баратов, Ж.Қоңыратбаев, А.Қасымов, Х.Жаппарханов, С.Дәуітбаев, Б.Тәжібаев, К.Исаханов т.б. құрылысшылар ерен еңбектерімен көзге түсті.
«Қызылорда ремводстрой» тресіне қарасты №45 жылжымалы мехколонна гидротехникалық құрылыстар салумен қатар Шиелі кентінен екі пәтерлі тұрғын үйлер салып, үй кезегіндегілерді тұрғын үймен қамтамасыз етіп отырды. Аталған мехколона құрлысшылары Тоқмағанбетов және Сыздықов көшелерінің бойынан екі пәтерлі тұрғын үй салып, өз құрылысшылары мен қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етті. Мекемені А.Мамбетов, С.Жандарбек, А.Тоқсанбаев, А.Әбеков басқарып нәтижелі жұмыстар жасады. №45 мехколоннада құрылыс жұмыстарын жүргізген инженер-техниктер E.Әбдіқайымов, Т.Медетбеков, Б.Өтеев, Е.Әбдіқалықов, О.Ибраев т.б. тұрғын үйлермен мәдени тұрмыстық ғимараттар салуды жүзеге асырды. «Облмежколхозстройға» қарасты №47 мехколонна құрылысшылары Байгеқұм ауылынан 50 орындық аурухана, Алмалы ауылынан 624 орындық мектеп, Алғабас ауылынан 160 орындық балалар бақшасын салып пайдалануға берді. Мекемені Б.Әшіров басқарып, бас инженер А.Еденбаев, инженер Д.Қабылбаевтар қызмет істеп өздеріне жүктелген жұмыстарды абыроймен атқарды. Шиелі кентінің Көкшоқы елді мекеніне «Новой» құрылыс басқармасының СМУ-9 мекемесі бес 24 пәтерлі, екі 36 пәтерлі, екі 16 пәтерлі тұрғын үйлер салып пайдалануға берген болатын.
Республикада қабылданған «Тұрғын үй-91» бағдарламасына сәйкес ауданның барлық мекеме, кәсіпорын, құрылыс ұйымдарымен барлық аудан шаруашылықтары тұрғын үйлер салып, аудан тұрғындарын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Батыс Қазақстан темір жол басқармасының Қызылорда бөлімшесі Шиелі кентінің Дәулеткерей көшесі бойынан бес 2 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйлер салынды. Шиелі локомотив депосы бастығы Л.Жаниязов А.Тоқмағанбетов көшесі бойынан екі пәтерлі 5 үй салса, «Казселхозтехника» мекемесі бастығы М.Жағыпаров, А.Тоқмағанбетов көшесі бойынан екі пәтерлі 6 үй салды. Сонымен қатар, «ХРСМУ» мекемесі бастығы А.Батырбаев, мекеме есебінен төрт бір пәтерлі тұрғын үйлер салып жас жанұяларға бөліп берді. Ал, «ХРСУ Облбыт» мекемесі бастығы Н.Айтпанбетов екі пәтерлі екі үй салып, жұмысшыларына берді. Сонымен қатар, ауданның барлық шаруашылықтары тұрғын үй салып, елді мекен тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етті. Құрылыс жұмыстарын жүргізген прорабтар: М.Әлсеріков, Е.Абдуллаев, Е.Досанов, М.Сыздықов, Қ.Құрманбаев, Д.Нұрбаев, Ә.Есімов, С.Нұрымов, Б.Рүстемов, Е.Әбдіқазғанов, Ф.Тәжбенов, М.Нақыпов, т.б. өз істерінің маманы екенін дәлелдеп тұрғындарды үйлі етті.
Аудан құрылысына басшылық жасап, көмек беріп және барынша қолдау көрсеткен 1981-1991 жылдары аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары қызметін атқарған Насредин Байқуатов қызметімен қатар ауданда құрылысы аяқталған объектілерді қабылдайтын мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы қызметін қоса атқарып, құрылыс объектілерінде күн сайын болып, тиісті көмегін беріп, құрылыстың сапалы салынуын қадағалап, жобадан ауытқымай салынуына аса мән беріп отырды. Ауданның құрылысы аяқталған объектілерін қабылдайтын мемлекеттік комиссия құрамында Әлтай Қуандық, С.Бейімбетов, Қ.Сұлтанов, Е.Оспанов, Б.Медетбеков және тапсырыс беруші мекеменің басшысы болып объектілерді қабылдап, тиісті орындарға құжаттарын жіберіп отырды.
Еліміз егемендік алғаннан кейін де 2003-2018 жылдар аралығында аудан көлемінде әлеуметтік мәдени тұрмыстық ғимараттар бой көтерді. Шиелі кентінің Тоқтаров көшесі бойынан 464 орындық мектепті «Промстрой-Е» мердігерлік мекемесі салса, «Бақ-жай» мердігерлік мекемесі Мұқанов көшесі бойынан 1200 орындық М.В.Ломоносов атындағы мектепті және Әл-Фараби көшесі бойынан 600 орындық мектепті салып пайдалануға берді және кенттің онтүстік шығыс жағындағы тұрғындардың балалары аталған мектептерде оқып білім алуда. Ауданның елді мекендерінен мердігерлік мекеме «СМП-Қызылорда» ЖШС басшысы Т.Әлімқұлов Бидайкөл ауылына 600 орындық мектепті, Бала би ауылынан 900 орындық мектепті, Ә.Тәжібаев ауылынан 300 орындық мектепті, Ортақшыл ауылынан 250 орындық мектептің құрлысын, Шиелі кентінің 150 орындық аурухана құрылысын салып пайдалануға берді. Салған ғимараттары сапалы салынып, көпшіліктің көңілінен шыққан болатын. Сонымен қатар, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбырларын жүргізіп, ауыл тұрғындарын таза ауыз су құбырларымен қамтамасыз етті. Мұнымен қоса, Еңбекші ауылынан 300 орындық мектепті, «Сәт сервис» мердігерлік мекемесі 150 орындық клубты, «Мейіржан» ЖШС 90 орындық балалар бақшасын, «Монтажстройпроект» ЖШС 120 орындық спорт сарайын салды. Бестам ауылынан 300 орындық мектеп, Тартоғай ауылынан 464 орындық мектеп, №21 разъезден 100 орындық мектеп, Шиелі кентінен 250 күндізгі келушілерге арналған емхана салынып, аудан халқын қабылдауда.
Жоғарыда аталған барлық ғимараттар құрылысшылардың ерен еңбегі арқасында дүниеге келгені сөзсіз. Аудан құрылысшылары ауа райының қолайсыздығына қарамай қысы- жазы еңбек етіп, ел құрметіне бөленуде.
«ҚР Құрметті құрылысшысы» атағына ие болған азаматтар ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға өз деңгейінде үлесін қосқан құрылысшылар деп білеміз.
Ал, құрылысшы ардагерлер ауданның әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосып, зейнетке шықса да белсене араласып, қолдау жасап, ауданның көркеюіне ат салысып келеді.
Қуандық Әлтай,
Шиелі ауданының ардагер құрылысшыларының бастауыш ұйымының төрағасы, еңбек ардагері
Шиелі ауданының ардагер құрылысшыларының бастауыш ұйымының төрағасы, еңбек ардагері