ҚЫЗ ОЙНАҚТЫ ТАПҚАН ЖОҚПЫЗ БІЗ ОЙЛАП
Жалпы қоғамның басты байлығы – адам болса, парасатты да, тәрбиелі қыз баласы – қоғамның ортаймайтын ең құнды қазынасы. «Қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қағиданың мәні қаншалықты терең болса, мазмұны соншалықты салмақты.
«Қыз, әйел, ана» – қасиетті ұғымдар. Өйткені олар – өмірдің ұрпақ өрбітетін бастау-бұлағы. Ұлттың бар болмысын – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытады. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбиелеу – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның парызы. Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі деп танығандықтан, «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай», «қыз қылығымен ұнамды» деп жақсы нәрсені қызбен байланыстырған.
Халқымыздың ұғымында қыз – қонақ. Уақыты келгенде бауыр етін, жүрегінің бір бөлігін қиып жат жұртқа жіберетін әр қазақтың қалауы – қызының өзге отбасының, шаңырағының түтінін түзу түтетіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуі. Сондықтан қызын барынша аялай, мәпелей отырып ұлттық тәрбиені бойына сіңірген. Себебі, мұның атүсті қарауға болмайтын үрдіс, бір ғана қыздың емес, күллі ұлттың тәрбиесі екендігін жете түсінген.
Ата-ана «қыз бой жетсе, ұзатуға асық» дегендей халық қызының барған жеріне тастай батып, судай сіңуін тілейді. Өйткені «қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деп есептейді. Қазақтың батыр ұлы Б.Момышұлының келіні З.Ахметова: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл – өмір заңы» дейді. Күндердің бір күні олар өз ханзадасын кездестіріп, ұядан қанат қағып ұзатылады.
Ұзату демекші, қазіргі заманда тұрмысқа шыққалы жатқан қалыңдықтың құрбыларымен бас қосып жасайтын көңілді кешін естіп те, көріп те жүрген боларсыздар. Оны бүгінгі тілмен «Hen Party» деп атайды.
Қыз ойнақ деп сарсаң күйге салындық,
Құрбымыздың біз қасынан табылдық.
Таңға дейін көтерейік көңілді,
Бүгін бізбен қоштасады қалыңдық,-деп жырлап жүр бүгінгілер.
Иә, тұрмысқа шыққалы жатқан ақ көйлектегі аруға құрбыларының айтатын ұраны бұл. Осындай ұранмен бір топ қыздар қалыңдыққа «пати» жасап береді-мыс. Қыз ұзатылардан үш-төрт күн бұрын, достары оған арнайы кеш ұйымдастырады. Біреулері мейрамханада бас қосса, енді басқасы «пижамный» кеш өткізеді. Қалтасы қалыңдар лимузин жалдап, кешті шоуға айналдырады. Сылқымдар өздігінше сәнденіп, бастарына бірдей фата тағады. Одан қала берсе, барлығы бірдей көйлек киіп әп-сәтте ханшайымға айналып шыға келеді. Қолдарына түрлі жазудағы қағазды ұстап алып, естелік суретке түседі. Тіпті, торттың бетіне қалыңдықтың есімін жазып, балауыз шамдарын жағады. Қысқасы бір топ қыздар қалыңдықты қонаққа шақырып, таң атқанша асыр салады.
Жастар тілімен айтсақ, «Девищникті» ұйымдастыру үшін тоқсан мыңнан бастап қаржы кетеді. Бағаға шектеу жоқ. Қалыңдық пен құрбыларының ұйымдастырғанына қарай қаражат жұмсалады. Тіпті, миллион теңгеге дейін барады. Оның ішіне түрлі образдар, концерттік бағдарлама, дастархан т.б кіреді. Одан бөлек, қыздардың басқа тағатын фатасы, бірдей көйлектері, дәмді торттары да бар. Біздің қыздар өздерін ханшайымдай сезінеді ғой. Сондықтан елден ұят болмау үшін барын салады, – дейді аудан тұрғыны Назым Нұржанқызы.
Мұндай үрдіс негізінде ерте кезден бар. Атауы бір болғанымен, бүгінгіден бөлектеу. Бұрынырақта мұндай кештерді қыздың жеңгелері де, құрбылары да ұйымдастырған. Қалыңдыққа сырға салынбай тұрып, барлығы киіз үйде бас қосып, қызды қимай шығарып салатын болған. Таң атқанша бойжеткеннің жеңгелері оған бар білгенін үйретіп, болашақ келінге өнегелі әңгімелер айтатын. Ал, қалыңдық болса өз үйін қимай көз жасына ерік беретін. Уақыт өте келе мұндай қыз ойнақтың түрі көбейіп, көңілді кешке айналып кетті.
Көңілдісі былай тұрсын, қыз ойнақ жын ойнаққа айналып кеткен бе деп қаласың. Себебі, соңғы кезде елімізде «пати» жасаймыз деп, соңы сұмдық жайтпен аяқталып жатқан фактілер көп. Тіпті, қыздардың ішімдік ішіп, мас күйінде бір-бірімен төбелесіп жатқан видеосы желіде қаптап кетті. Мұндай жағдайдың бірі былтыр Қарағанды қаласында да тіркелген. Биылдың өзінде жағдай мәз емес. Күні кеше Алматы қаласында осындай кеш өткіземіз деп, соңы айқай-шуға ұласқан жағдайды естіген боларсыздар. Сонда да мұндай кеш өткізетіндердің саны көбеймесе, азаймай тұр.
«Қыздардың алып-ұшып билеп, ерсі қылықтар көрсетуі біздің менталитетке жат. Оның үстіне Еуропадан келген бұл үрдістің бізге үйретері жоқ. Ал, мұндай кештерге барып-бармау өз еркіңізде», – дейді алты баланың анасы Құралай Құлманова.
«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең ұлыңды тәрбиеле, қоғамды тәрбиелеймін десең қызыңды тәрбиеле» деп, аз сөздің аясына мәні зор салмақты ойды сыйғызған халқымыздың дана дәстүрімен бүгінгі қоғамның заманауи жастарын тәрбиелей алсақ қой...
Сымбат СҰЛТАН