Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегінен ел таныр

Еңбегінен ел таныр

«Еңбек еткеннің еңсесі биік» демекші, әрқашан туған жері үшін ерінбей еңбек етіп, халқының құрметіне бөленіп жүрген ардақты азаматтар өскен өңірімізде де жетерлік. Иә, атаның қанымен сіңген қасиет, ананың ақ сүтімен дарыған кие адамның өмір жолында өсуге ықпал етері сөзсіз. Еңбегімен еңселі, еліне ардақты азаматтың бірі – Қанат Сәулебеков.
Қанат қандай іске болсын қабілетті, өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қоятын, өзгені құрметтеп, тіпті сол арқылы өзін де сыйлата біледі. Сондай-ақ, адамгершілік, кішіге ізет, үлкенге құрметті ту етіп, мансапқа мастанбай, халық үшін қиындықтан да жасқанбаған Қанаттай арда азаматтардың асыл қасиеттері кейінгі ұрпаққа үлгі. Ол Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе елді мекенінде 1972 жылы дүниеге келген. Кейін ата-анасының қызмет бабымен Жөлек ауылына келіп тұрақтаған. Содан балалық шағының бәрі осы жерде өткен. .Барлығымыз білетіндей ауылдық жердің негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Бұл азамат «Айболат-2004» шаруақожалығын ашқан. Бұл шаруашылыққа бет бұрмастан бұрын «Жөлек» акционерлік қоғамын басқарған. Одан соң совхозда электрик болып жұмыс атқарып жүріп, өз алдына жеке кәсіппен айналысып кеткен. «Айболат – 2004» шаруашылықтың негізгі пайда көзі мал шаруашылығы, соның ішінде ірі қара болған. Содан кейін қой басын өсірумен айналысып, оны үш отарға дейін жеткізген. Бүгінде мал ұстайтын 4 бірдей фазендасы бар.
Қанат жан-жақты шаруагер. Табандылық пен еңбекті жанына серік еткеннің арқасында ауылдың ажары күннен-күнге кіруде. Экономикалық ілгерілеу, әлеуметтік әлеуеттің күш алуы ауыл тұрғындарының ұйым-берекесінің арқасы. Ол өзінің иен даладағы игілікті ісінен ажырамады. Бүгінде 200 гектарға күріш, 40 гектарға жүгері дәнін егіп қана қоймай, мал шаруашылығын дамытумен, мал тұқымын асылдандырумен де жүйелі түрде айналысуда. Шаруашылықтың экономикалық жағдайы мығым, тракторлар жыл сайын отандық және шетелдік техникамен жаңартылуда, сондай-ақ мал тұқымын асылдандыру мақсатында қазақтың «Ақбас» тұқымды ірі қарасы өсірілуде. Мұнымен бірге ауылдың 19 тұрғынын егін мен мал шаруашылығы сияқты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Әр ай сайын сиыршылар 120-150 мың теңге алса, механизаторлар 150 мың теңге, қарапайым жұмысшылар 130-140 мың теңге жалақы мен қамтамасыз етілген. Өзінің арнайы техникалары — трактор, экскаватор, жүк тиегіш, комбайн жаңа заманның талабына жарап тұр. Аталған ауыл шаруашылық техникаларын ауылдың азаматтары тізгіндеп шаруасын өрге сүйреп келеді. Дүйім елдің алдында түзу де жарқын жол көрсетіп, ілкімді іс бастауға шақыратын ел ағасы ауылдағы ағайынға көмек беріп жүр. Ол канал қазу жұмыстарымен де айналысады. Мәселен Қызылқайың ауылынан басталатын жерден «Көзейарық» деген арықпен бойлай 13 шақырым жерді қазып, Жуантөбе ауылындағы «Үш молда» деген жердің арнасын кеңейте отырып, 200 гектар жерге су келтірген. Бұл осыдан 60-70 жылдай бұрын ауыл тұрғындар су келмейді деп жүрген жер екен. Соны Қанат барлай келе дәлдік нивелир құралымен өлшеп, өз қалтасынан 11 миллион ақшаға қаздырып, «Үш молда» кесененің түбіне суды жетектеп жеткізеді. Оның айтуынша, бұл істі ол ауыл халқына егін егу үшін жасаған. Енді міне сол жерге биыл ауылдың 60 шақты отбасысы егін егіп, несібесін көруде. Қанат канал қазу секілді жұмыстарда көрші ауылдарға да өз көмегін көрсетіп келеді. Атап айтар болсақ, Жуантөбе ауылынан ұзындығы 500 метр болатын, Ортақшыл ауылынан 750 метрлік канал қазып, ел алғысын арқалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ортақшыл ауылы сусыз қалған кезде аяқ су мәселесін де түбегейлі шешіп берген. Сондай-ақ, іскер Қанат бүгінде арнайы ақпараттық талдау жүйесі арқылы 150-дей кәсіпкерге кеңес беруде. Кеңес беру арқылы Шиелілік жүздеген шаруаға мемлекеттің қолдау-қаражатын, субсидия­­лап алуға ықпал етеді.
Кейіпкеріміз алдағы уақытта мал бордақылау алаңын ашуды көздеп отыр. Бұл аз дегендей механизатор, дәнекерлеуші-сварщик, жұмысшыға тұрғылықты басапана салып беретінін де жеткізді. Бірақ, ол үшін олардың шаруа қожалығында 5 жылдай жұмыс жасап, еңбек сіңірулері қажет. Сонымен бірге ауыл сыртындағы 50 гектар жерді қоршатып, жоңышқа ектіріп отыр. Тағы да 60 гектар жердің бетон қоршауын өзі қоршап, егіндік жерді дайындап беріпті.
Иә, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінген Қанат Сәулебеков ауылдың жағдайына ерекше мән береді. Биылғы жылы Мәдениет үйі, амбулатория, балабақша, мешіттің алдындағы жердің топырағын тыңайтып беруге 10 жүк машинасымен көң түсіріп беріпті. Сондай-ақ, 850 раушан гүлі мен 150 жеміс көшетін жоғарыда аталған мекемелерге сатып алып берген. Қазіргі кезде әлгі көшеттер ауылдың сәнін кіргізіп, барлығы дерлік көгеріп, көктеп тұр. Осы орайда, ауылдың тазалығына да ерекше мән беріп 30 қоқыс жәшігін жасап, ауылішілік көшелерге орнатып берген. Көмекке мұқтаж отбасыларға ақшалай, азық-түліктей де көмек беруді назарынан шығарған емес.
Мал басын арттыруды көздеген кәсіпкер қазақтың ақбас тұқымды қашарлардың басын көбейтуді жолға қоятынын айта кетті. Алдағы жылы Ортақшыл, Бәйгеқұм, Жөлек ауылдарының тұрғындарымен келісе ­отыр­­ып жылқы және басқа да малдарды топтап «Сарысу» және «Қаратау» секілді жайылымы мол жерлерге қарай қостап шығаруды жоспарлап отыр. Бұндағы мақсат ауылдағы жайылым жерлерді сақтай ­отыр­ып қыстаулық жердің мәселесін шешу болса керек. Тағдырын таза еңбекпен сабақтастырған азамат ауылдың іргесінде «Қырғызбай» деген жиде басып 600 гектар аумаққа тыңнан түрен салып, тегістеп айдап, су тартып беріп ауылдағы жұмыс жасаймын, еңбектенем деген қарапайым халыққа егістік жер әзірлеп бермекші. Ауылдағы бос жүрген атпалдай азаматтардың екі қолына бір күрек тауып беріп, тұрақты жұмысқа орналастырған Қанат секілді азаматтар қай кезде де мақтауға лайықты.
Әр ауылда өз алдына, «Ардагерлер кеңесі» мен «Қоғамдық кеңес» жұмыс жасап келеді. Қанат алдағы уақытта Қоғамдық кеңеспен бірлесе отырып, ауылдағы 5-6 ірі шаруа қожалығының басын қосып, меморандум жасап, жыл сайын ауыл тұрғындарына нарықтағы бағасынан жиырма процент арзан бағамен азық-түлік, күріш, жем-шөп беретіндігін жеткізді.
Қанекең сөзінің бір орайында атақты балуан, марқұм Жақсылық Үшкемпіровтың әйгілі сөзін еске алды. Балуан өз сөзінде: «Қазақстанда 5000 мың ауыл болса, одан 5000 мың азамат шығып еңбек етер болса, онда Қазақстан баяғыда гүлденіп кетер еді» демекші, ауылымның гүлденіп, жылда жаңарып, жасарып, шаруашылығы алға басқанын қалаймын. Біздің соңымыздан ерген ұрпақтарымыздың арасынан елім деп еңбек ететін азаматтар көбейе берсін демекпін. Әрбір саналы азамат үшін өз халқына қызмет етуден үлкен бақыт жоқ. Еліміздің абырой-беделі әрі қарай өрлей беру жолында әркез бар күшімді сала беремін деп ой түйді.
«…Адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рақмет табу, соның рақатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деген екен ғұлама әл-Фараби. Ендеше қай жағынан алсақ та еліміз үшін тер төгіп жүрген, халқына жанашыр осындай азамат халық қалаулысы болуға әбден лайық! Міне, еңбек майданында сүрініп көрмеген арда азаматтың өмірлік ісі, ұстанымы осы. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауылдың баласы – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.

Шапағат Тілеубаев
23 шілде 2021 ж. 2 114 0