Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күріштік басындағы Құндызай

Күріштік басындағы Құндызай

Елі үшін, халқы үшін аянбай тер төккен тау тұлғалы жандарды шыңның басына шығармасақ, шыңырауға түсірмеген елміз. Ал, халық деп қалтқысыз қызмет еткен сол бір асыл жандардың еткен еңбегі мен төккен терін көрсету, болмысын айшықтап, абыройын асқақтатып, еңбектің сара жолындағы дара ізін кейінгі ұрпаққа таныстыру журналистерге тән қасиет.
Бүгінгі қолымызға қалам алғызып, ойымызға арқау болғалы отырған кейіпкеріміз – өнегелі отбасының аяулы қызы, бір кездері күріштіктегі үлкен ұжымның ісін ұтымды ұйымдастырған, шаруасын алға бастырған звено жетекшісі болған, одан соң облыстық кеңестің депутаты болған, қоғам белсендісі Құндызай Дәрібаева. Ол қай жұмысты атқарса да адами қадір-қасиетін жоғалтпай, табиғи болмысынан жырақтамай, туған халқының қамын ойлап, аудан құрметіне бөленіп жүрген жан.
«Әлемнің әміршісі – еңбек, еңбек – бәрін де жеңбек» демекші, дөңгеленген дүгиеде жұмырбасты пенденің бір-бірінен абыройын асырып, маңдайын жарқырататын жалғыз құдірет – еңбек. Ол қай қоғамда да сыйлы. Өйткені, адал іс пен төгілген тер – түбі жемісін беріп, еңбекқор адам өз ортасында әрқашанда мойындалған.
Әңгімеміздің арқауы болып отырған Құндызай Дәрібаева – нағыз еңбек адамы. Ол, 1956 жылы 1 мамырда Қаратаудың етегінде дүние есігін ашады. Біздің халқымызда тұңғыш немере сұраусыз, ата мен әженікі деген ұғым баяғыдан бар. Әбілхан мен Зейнептен туған тұңғыш немересін атасы Дәрібай ақсақал мен Ұлбосын әжей өз қолдарына алып, бауырына басады. Барын беріп, аялап өсіреді. Кемпір мен шалдың қолында ерке өскен Құндызай үшін әлемдегі ең мейірімді, ең асыл жандар осы екеуі ғана болатын. Атасы мен әжесі 40 жылдан астам уақыт түйе шаруашылығын кәсіп көзіне айналдырған, тек маңдайын терлеткен адал еңбекпен ғана күн көрген қарапайым кісілер еді.
Кішкентай Құндызай да өзге қатарластары секілді, 1962 жылы Ақмая ауылындағы мектептің табалдырығын аттайды. Таңның атысы мен күннің батысы бір тынбайтын атасының бейнеткештігіне таң қалып өскен қыз, ертең мектеп бітірсе білім жолын емес, еңбек жолын бірден таңдауды ойлайды. Қазыналы қариялардан тәлім алған Құндызай өсе келе қатарластарының алды болып, мектептегі түрлі шараларда бой көрсетіп, өзінің алғырлығымен дараланады.
Алтын ұя мектебін 1973 жылы тәмамдаған ол бірден егістікке бет алады. «Ата-бабам мал бағудан кенде қалған жоқ, енді мен күріш өсіріп, бағымды сынап көрейін» деген шешімге келген ол өтініш жазып, шаруашылық директоры К.Хванның қабылдауына кіреді. Жастың талабына қуанған бастық арқасынан қағып, Те Василий басқаратын №3 өндіріс бригадасына жібереді. Сол жылдары ауыл шаруашылық жұмыстарының кез-келген саласы бойынша, ауыл-ауылда комсомол жастар бригадалары құрылып жатқан болатын. Бітірген түлектер ішінде Құндызай Дәрібаева мен Шахрибан Әбішова екеуі ғана алғашқы болып, «күріш егеміз» деп, өзге құрбыларына өнеге боларлық ерлікпен тең шешім қабылдаған еді. Олар ерлерге жүк болар ауыр жұмысты атқара білді. Арада алыстап қаншама күндер мен айлар, ақырын жылжып жылдар өтті десеңші...
Иә, бұл күндері күрішші Құндызай апамыз әбден ысылған, еңбектің тәтті дәмін сезінген, өзге де кәнігі диқандар сияқты күріш суғару, су деңгейін бір қалыпты ұстау тәсілдерін толық игеріп қана қоймай, су деңгейін көз таразысымен мөлшерлейтін дәрежеге жеткен еді.
Алғашқы 1974-1975 жылдары күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім жинады. Ал, 1976 жылы звено бойынша 94 гектардың әр гектарынан 75 центнерден келген болса, мұнда сол қамқорлықтың болғаны айқын. Алқаптың басында жүріп, ерінбей еңбек етті. Қыз баланың бойындағы қайсарлық, қарапайымдылық, еңбекқорлық секілді асыл қасиеттердің арқасында абыройдың биігінен көрінді. Ауылдастары оған зор сенім көрсетіп, алдымен коммунистік пария қатарына алды. Содан көп ұзамай, 1976 жылдың 7-28 қазаны аралығында Қызылорда облысы бойынша 22 адамның ішінен Шиеліден бір өзі туристік жолдамамен Пәкістан, Шри Ланка елдеріне барып қайтты. Бұл да болса еңбегінің еленгені деуге болады.
1979 жылдың 19 маусымы – ССР Жергілікті Кеңестерінің сайлауы күні жақын қалды. Бар жоғы 21 жастағы жалындаған жас қыз ауылдастарының қызу қолдауымен облыстық Кеңеске депутат болып сайланды.
1982 жылы алқап басында жүріп күріш еккеніне сегізінші жыл дегенде, денсаулығы сыр бере бастады. Қанша жерден «мен өжетпін, қайсармын, қайраттымын» дегенмен, заты нәзік әйел адам ғой, белуардан су кешіп, бел жазбай кетпен шапқан ауыр жұмыстың денсаулыққа әсері сезіле бастады. Емделді, қаралды, құдайдың қуат беруінің арқасында аяғынан тік тұрып, қайтадан еңбек майданынының бел ортасынан бір-ақ шығады. Басшылар оған «Техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер» міндетін сеніп тапсырады. 1982-1987 жылдар аралығында жауапкершілігі жоғары жұмыста жемісті еңбек етті. 1987-1991 жылы «Агроном-химик» болып еселі еңбек етсе, 1991-1997 жылдарда «Қырман меңгерушісі» болды. 1997-2001 жылы ауыл әкімдігінде коммуналдық, көлік салығы ақша жинау жұмысында жүріп, қайтадан бұрынғы жұмысқа келуді ұйғарады. 2001-2014 жылға дейін «Ақмая» ауылына қарасты қырманда меңгерушілікті абыроймен атқарады. Ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қосып, 2014 жылы зейнет демалысына шығады.
Бүгінгі күні еңбек демалысына шықса да ауылдың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, шешілмеген күрделі мәселелердің шешілуіне атсалысып отырады. Сондай-ақ, халықтың тыныс-тіршілігі мен күнкөріс көзі болып табылатын ауыз су мәселесіне ерекше мән беріп, оның күндіз-түні ағып тұруын басшылармен ақылдаса отырып, түбегейлі шешіп беруіне атсалысты.
Құндызай апамыз былай дейді: «Көзімді ашқалы осы ұжымшардың ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан жанмын. Сол еңбегім арқылы еліме танылдым, абыройым асқақтады, депутат та болдым, бәріне шүкірлік етемін. Басшылар бір ауыз сөзімді жерге тастамайды, оларға мың алғыс! Соның бірі, бір кездері күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған, еш жөндеу көрмеген шұрқ-тесік көшені тегістетуге атсалыстым. Мына заманда көшеңнің айнадай жарқырап, халықтың емін-еркін жүріп-тұрғанына не жетсін! Тұрғындардың көптен бері шешілмей жүрген мәселесі қатынас көлігі болған еді, оны да жолға қоюға атсалыстым, кезінде біз қиналдық, жолдан да, көліктен де, енді халық қиналмасын деген ой!
Тағы бір айтайын дегенім, ақмаялықтар мен шиеліліктерге әбден адал еңбегімен танымал болған, кезінде мені, мен сияқты жастарды жұмысқа қабылдап, адал еңбек етудің, бейнеттің наны тәтті екенін үйреткен, әсіресе маған әкемдей қамқорлық танытқан «Хван көкеме», яғни бүкіл саналы ғұмырын, білігі мен білімін Шиелі ауданының өркендеуіне, ауыл шаруашылығының дамуына арнаған азамат Константин Хван жайында.
Ол кісі ұзақ жылдар Авангард шаруашылығын абыроймен басқарған. Сондықтан, тек мен ғана емес, бүкіл ауыл ол кісіні «Хван көке» деп кеткен. Хванның еңбек жолы Шиелі жерінде «Гигант» ұжымшарында бас мал дәрігерінен бастап, аудандық атқару комитетінің кеңес төрағасына дейін жалғасқан. Осы кісіге тиісті құрмет көрсетілсе деймін.
Иә, Құндызай Дәрібаева апамыздың «кезінде еңбек еттім, болды» деп қоя салмай, әлі де халық қамын ойлап жүргенін ол кісінің ойлы сөздерінен аңғардық. Қара жұмыстан қашпай, ақ бидайдың ақ күрішін егіп, ­Жақаев атамыздың жолын жалғастырған, Шиелінің атын шығарған талай танымал апаларымыздың болғанын білеміз, оны баспасөз беттерінен оқып өскеніміз рас. Олар кезінде абырой-атақтың ең жоғарғы деңгейлерінде бағаланды.
Ал, солардың ізімен жүріп, белуардан су кешіп, денсаулығынан айрылса да, қайнаған еңбектің бел ортасынан шықпаған Құндызай апамыздың еңбек жолын саралай отырып, сондай марапаттарға, атақ-абыройға өз дәрежесінде кенеле алды ма екен деген түйткіл ой да қалды көңілімізде.

Шапағат Тілеубаев
16 шілде 2021 ж. 524 0