Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сый мен құрмет төрінде су маманы

Сый мен құрмет төрінде су маманы


Әдетте көп мамандықтың атауының өзі қандай міндет атқаратынын айтып тұрады. Оның қызметін кез келген адам түсінеді. Мәселен, мұғалім оқытады, дәрігер емдейді, сот үкім шығаратыны секілді тағы басқа мамандықтардың бәсі жоғары. Ал, ауыл шаруашылық мамандарына келсек бөлек әңгіме. Бұл – тіршілік тінін ауыл шаруашылығына негіздеген халқымыздың берекесін арттырған, ырысын тасытатын мамандар. Қызметі көп, құрметі аз. Жауапкершілігі жоғары, жұмысы көрінбейді. Малдың бағып, атыз аралағысы келмейтінде бұл мамандыққа мұрнын шүйіріп қарайтыны жасырын емес. Десек те ауылдың жүрегі, байлығы, табысы, қала, одан қалды елді асырайтын осы ауыл шаруашылық саласын бәрі мойындайды. Осы ауыл шаруашылық саласындағы мамандықтардың бірі – «Гидротехник».
Ол су шаруашылығын реттейді. Мұны екінің бірі, әсіресе, қазіргі жас­тардың біле бермеуі мүмкін. «Су – тіршіліктің көзі» десек, осы су шаруашылығымен айналысатын­ маманның қадірі қаншалықты екенін ұғынуымыз керек. Өрісімізді, егістігімізді өзен суымен көлдетіп суарып алу солардың жұмысы. Су бар жерде байлық бар. Мал азығымыздың да, қамбамыздың астыққа толуы суға байланысты. Ал, енді осы мамандықты таңдап, өмір бойы сол жұмыспен айналысып абыройға жеткен адам бар ма деп ойлайтын шығарсыздар. Бар, әрине! Ол біз айтқалы отырған – Серік Ибаділдаев. Қырық жылғы тәжірибесі су шаруашылығы саласында сұранысқа ие болып, әлі күнге дейін қызмет атқарады. «Қазсушар» республикалық мем­лекеттік кәсіпорынның Қызылорда филиалының Шиелі өндірістік бөлімшесінің аға инженер-гидро­технигі С.Ибаділдаевтың негіз­гі міндеті аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы құрылымдарына уақытылы су жеткізіп беру. Яғни, егістік жерлерді судан қалдырмау.
Әлқисса, әңгімені басынан бастасақ. Жарық дүниеге Жаңақорғанда келсе де дәм-тұз осы өңірден бұйырған мұрап сонау 1978 жылы Қызылорда политехникумын бітіреді. Содан көп ұзамай, аудандық суландыру жүйесі бойынша О-2 каналына техник болып еңбек жолы басталып кетеді. Осылайша, тынымсыз ізденіс пен елгезектігінің нәтижесінде инженер-гидротехник, учаскелік инженер-техник, бөлімше бастығы, бас инженер, су пайдалану бөлімі бастығына дейін жұмысы жоғарылайды. Осы тұста айта кететін жайт, өмір болған соң жұмыс барысында түрлі адамдармен кездесесіз, тілдесесіз. Сонда қызметін асыра пайдаланушы, болмаса өзін өзгелерден асқақ ұстайтын жандармен ұшырасасыз. Ал, біз мақаламызға арқау етіп отырған жанның бойынан мұндай пенделіктің ұшқынын да байқамадық. Әңгіме адами қасиет жөнінде емес еді деулеріңіз бек мүмкін. Десе де, Серік Ибаділдаевтың қарапайым болмысы біздерді тәнті етті. Хош, тақырыбымызға ойыссақ, ол 1992 жылы Жамбыл гидромелиоративтік институтының инженер-гидротехник мамандығын алып шығады. Су шаруашылығы саласы саңлағымен әңгіме барысында әр саланың өзіне тән қиындығындай аталған мамандықтың да жеңіл еместігіне көз жеткіздік.
– Көп еңбек еткен адамға бақыт басын иеді. Рас. Маңдай термен келген еңбекпен қана бақытқа кенеліп жүрген жандарды көргенімізде «əп, бəрекелді!» деп қуанышпен кеуде керетініміз бар. Алайда, кез келген істің өзінің қиындығы бар. Егістік құрылымдардың сусыз қалмауы, дер кезінде қажетті суды алуы, т.б мәселелер бойынша сауатты жұмыс жасағанда ғана абырой әпереді бұл жұмыс. Өзге сала мамандары секілді жаз маусымында сенбі, жексенбіде демалыс болмайды. Кезекті еңбек демалысыңды тек қыс ауасында аласың. Міне, осы қиындықтарды еңсергенде ғана сен құрметке лайықсың, – дейді ол. «Алғаш еңбек жолыңызды осы саладан бастадыңыз. Қиындықтарын да көрдіңіз. Неге мамандық ауыстырмадыңыз?» деген сауалымызға сабырлы қалпынан таймаған кейіпкеріміз шынайы жауап қатты.
– Мен де ата-анамның тәлім-тәрбиесін алдым. Әкем шаруашылықта звено жетекшісі болды. Сонда мені қасынан қалдырмайтын еді. Жұмысқа деген айрықша қабілеттерін, шаршап шалдықпайтындығын, бір сөзбен айтқанда, еңбекқорлығын көріп, көңілге тоқып есейдік. Кешегі кеңес үкіметі тарқап, көп дүниенің болашағы бұлыңғырлана бастағанда менің саламдағы біраз жігіттер басқа жұмыстарға ауысып кетті. Мен өз мамандығымда қалуым арқылы әке жолын жалғағым келді. Енді мен де өз кезегімде балаларыма қиындықтан қашпауды, адал болуды, бақытты тек еңбектен табатындықтарын жеткізудемін – дейді Серік аға.
Салмақты сөзімен, абыройлы ісімен өз ортасында да сыйлы сушы зайыбы Жұпаркүлмен 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығын да оқытып, тәрбиелеп, жоғарғы білімге қол жеткізген әкенің еңбегі текке кетпеді. Қыздары қияға қонып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырса, ұлы өзінің жанында әке кәсібін жалғауда.
Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың еңселі саласы десек, осы жолда буыны бекіместен еңбекке араласқан, еңбекпен жетілген азамат бүгінде алпысты алқымдап, еңбегі еленіп, біраз құрметке де ие болған. Соның ішінде, ең салмақтысы жуырда аудан көлемінде дүркіреп өткен «Алтын күз» тойында иемденген «Үздік гидротехник» марапатына шаңырағының төрінен орын берген. «Әлемнің әміршісі еңбек, еңбек бәрін де жеңбек» демекші, дөңгеленген жер шарында жұмырбасты пенденің бір-бірінен абыройын асырып, маңдайын жарқырататын жалғыз құдірет – еңбек. Еңбек адамы қай қоғамда да сыйлы. Өйткені, адал іс пен төгілген тер түбі жемісін беріп, еңбекқор адам өз ортасында мойындалған. Олай болса, бейнеті батпан, мехнаты мол сала қызметкерлеріне қандай қошемет көрсетсек те артық емес.


Д.ӘБІЛАСАНҚЫЗЫ.
03 қараша 2018 ж. 857 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930