Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол көлік апатының себептері қандай?

Жол көлік апатының себептері қандай?


Бейсенбі күні Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында Шиелі ауданы Полиция бөлімінің Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Алтай Байділдаұлының қатысуымен брифинг өтті. Брифингте жыл басынан бері ауданда орын алған жол-көлік оқиғалары, азаматтарға салынған айыппұлдардың өндірілуі, істен шыққан бейнебақылау камералары мен бағдаршамдарды қалпына келтіру, ескірген жол белгілері мен жолақтарды қайта қалыпқа келтіру секілді өзекті мәселелер айтылды.
Біздің өңірде ғана емес, ел бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысы артқан сайын, одан туатын қауіп те көбейгендігі көпшілікті алаңдатады. Мәселен, жылына көлік апатының салдарынан әлем бойын­ша шамамен алғанда 1 миллион 240 мың адам көз жұмады екен. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғаларынан 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңнан астам адам жарақат алады екен. Мұны жол ережесін өрескел бұзатын көлік жүргізушісінің жүгенсіздігі дейміз бе, жоқ әлде жолдың сапасы сын көтермейді дейміз бе? Кім білсін? Десе де көлік оқиғасы азаймай тұр.
Дегенмен ағымдағы жылдың 6 айын­да аудан көлемінде 13 жол көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 1 азамат қайтыс болса, 24 азамат түрлі дене жарақаттарын алған. Апат айтып келмейді деген күннің өзінде ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені ақылға сыймайды. Талдау барысында орын алған жол-көлік оқиғаларының 7-і кент орталығында, 1-жол көлік оқиғасы Қызылорда-Жезқазған тас жолында, 4-і «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолында, 1-і аудандық маңызы бар тас жолда орын алған. Көбінесе, жол-көлік оқиғасына сиыр мен жылқы жолға шығып кетуі себеп болған.
– Жол-көлік оқиғаларын алдын алудың көптеген тетігі бар. Ал, соның ең тиімдісі әрине жедел профилактикалық шаралар. Осы мақсатта бөлім қызметкерлерімен бірге «Қауіпсіз жол», «Мотоцикл», «Құқықтық тәртіп», «Автобус» «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы», «Мас жүргізуші – қылмыскер», «Құқық тәртібі» секілді жедел профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Іс-шаралардың арқасында жыл басынан бері жол жүру ережесін бұзған 4145 азаматқа жалпы 13 млн 598 мың 945 теңге айыппұл салынып, алкогольді ішімдік ішіп, масаң күйде көлік басқарғаны үшін 47 азамат әкімшілік қамаққа алынып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айрылған. Дегенмен, осы шараларға қарамастан жол көлік оқиғаларының кент ішінде көбірек орын алуы қынжылтады, – дейді, полиция майоры Алтай Байділдаұлы.
Бүгінгі таңда аудандағы бағдаршамдардың істен шығуы мен бейнебақылудың жұмыс жасамауы­ жол-көлік оқиғалары мен осындай келеңсіз жағдайларға әкеп соқтыруда. «Сақтықта, қорлық жоқ» дегендей, аталмыш көшелердің қиылысына бағдаршам қою мәселесі бұл көпшіліктің сұрауы, әрі мәселенің басты шешімі болып отыр. Өйткені, жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын осы тұста кінәлі тарапты анықтау да қиынға соғып жатады. Бұған жауапты жергілікті полиция қызметі мамандарының айтуынша, бағдаршам орнату жөніндегі ұсыныс бұған дейін де аудандық әкімдікке жіберілген. Сондай-ақ, аудан көлемінде орналасқан мектептер мен балабақшалардың алдындағы көшелер күрделі жөндеуді қажет етеді, асфальттың беттері ойылған, жол үстіндегі жаяу жүргіншілерге арналған белгілер анық көрінбейді. Тіпті, орнатылған жалпы 300-дей жол белгілерінің 70 проценті ескірген, оларды жаңалау қажет. Орын алған жол апаттарының себептері зерделеніп, алдын-алу бағытында аудан орталығында автомобиль жолдарын жөндеуге, көшеге жаяу жүргіншілер жолдарын салуға, көшелерді жарықтандыру, жаңадан жол белгілерін қоюға аудан әкіміне жыл басынан 4 рет ұсыныстар берілген, алайда бұл бағыттағы жұмыстар қозғалыссыз қалуда.
Айта кететін келесі бір мәселе, жол көлік оқиғалары жиі орын алатын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізінде тәуліктің күндізгі және түнгі мезгілдерінде қараусыз жүрген ірі қара (сиыр, жылқы) малдарының жолдың бойына шығып, көлік қағу деректері салдарынан 2021 жылдың алғашқы 6 айында 9 жол көлік оқиғасы орын алған. Сол апаттан 5 адам дене жарақатын алып, жеке тұлғалардың 11 автокөлігіне мүліктік шығын келген.
Мұндай жағдайларда келтірілген шығынды мал егесі өтейтіні белгілі. Алайда, қағылған төрт түлік малдардың таңбалары болмауы салдарынан мал иесін анықтап, жауапкершілікке тарту қиындық тудырған жағдайлар көптеп кездеседі. Ал, мал қағу дерегін болдырмау үшін әр ауылдың тұсына арнайы мал сүреті бейнеленген макеттер орналастыру көзделуде. Бұған қоса жолдың бойындағы әр ауылдың тұрғындары арасында жеке меншіктегі үй жануарларына жарық шағылыстыратын мойындық тағу жұмыстарын ұйымдастыру керек. Бұл жағдайда қараусыз қалған малдың иесіне қатысты әкімшілік кодекстің 408-бабымен шара көру қарастырылған.
2021 жылдың 6 айында аудан көлемінде 4754 құқық бұзушылық анықталып, 1768 әкімшілік іс бойынша 22 млн 112 мың 715 теңге айыппұл салынып, 16 млн 612 мың 706, 5 теңгесі өндіріліп, өндіру көрсеткіші 75,1 процентті құрады.
Ал, жол қауіпсіздігі саласы бойынша 2337 құқық бұзушылық анықталып, 937 әкімшілік іске 11 млн 003 мың 895 теңге айыппұл салынып, 9 млн 548 мың 312 теңгесі өндірілсе, көрсеткіш 86,8 процентті құрады.
Қоғамдық қауіпсіздік саласы бойынша 2417 құқық бұзушылық анықталып, 831 әкімшілік іске 11 млн 108 мың 820 теңге айыппұл салынып, 7 млн 064 мың 394,5 теңгесі өндіріліп, оның көрсеткіші 63,6 процентке жетті. 2021 жылдың 6 айында ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабымен 47 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 12 азамат жүргізу куәлігі жоқ бола тұра көлік құралын басқарғаны үшін аудандық соттың қаулысымен 20 (жиырма) тәулікке әкімшілік қамауға алынса, 35 құқық бұзушы көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Түптеп келгенде орын алып жатқан апаттардың көбіне жолдың нашарлығы, көліктің ақауы емес, жүргізуші кінәлі. Жылдамдықты асырып, бір сәтте өте шығамын деп ойлады. Ал, сол кез сіздің өміріңіздің соңғы минуттары болуы мүмкін! Жамандық шақырмаймыз. Десе де, сақтансаң ғана сақтайды деген сөздің салмағы артатын секілді осы тұста.

Шапағат Тілеубаев
09 шілде 2021 ж. 1 918 0