Секілді бір, тау биігі Гималай, аты шыққан ер - Жақаев Ыбырай
Ыбырай атамыз еңбек сүйгіштіктің, адамдықтың, адалдықтың, азаматтықтың өлшемі. Өз дәуіріне ғана емес, болашаққа да өнеге болған еңбек адамының туылғанына биыл 130 жыл толып отыр. Ыбырай атамыз сабырлы, салмақты, ұстамды, ашудың емес, ақылдың, даудың емес, мәмленің адамы еді. Сөзге сараң, билік айтуға таласпайтын, көп көріп, көңілге түйгені мол болса да ақылгөйсінбейтін, сыр аша, сыр шаша бермейтін тұйық, жұмбақ тұлға. Сөздің емес, істің адамы болатын. Диқан баба бұл кісі жөнінде қалам тартпаған, пікір айтпаған сол замандағы қазақ зиялысы кемде кем. Соның бірі, бірегейі Әбділда Тәжібаев.
Ағатай!
Кешегі көшпелі қазақ баласы ең,
Үстінде туған ырғала басқан түйенің.
Бүкіл дүниеге даңқы тараған,
Диқан атамсың,
Сүйенерімсің, сүйерім.
Топырақтың, судың, жарықтың,
Сырына қанық киелім.
Мен бүгін сексенге келген тойыңда,
Ақ қырау басқан,
Аздап шаршаған басымды,
Алдыңа келіп иемін.
Өзіңмен бірге мерейі асты елдің де,
Қуанттың жұртты мен қазақпын деп келдің де,
Мандаттарымның қадірі өтпес жерлерде,
Өте беремін мен Жақаевпын деймін де, – деп жырлады. Диқан ата үлкен жиындарға жиі қатысып, ұзақ отыруға әбден үйренген. Шыдамдылығы соншалықты, жиын президиумдарында күн ұзақ тапжылмай, қимылсыз отыратын. «Тек көзін жыпылықтатқанынан ғана тірі адам дерсің, немесе құдды тас мүсін еді ғой», – дейтін білетін кісілер. Өзінің бір басынан асып-төгіліп жатқан атақ-даңқты жеке басына пайдаланған жан емес, қарапайым ел қатарлы өмір сүрді. Ол кісінің қарапайымдылығы мен кең пейілділігін замандастары былай сипаттайтын еді. Халықта: «Пейілі тар адамның ішіне қыл симайды деген сөз бар. Ал, біздің Ыбырай атамыз кеңпейілділігі сонша, ішінен ат ер-тұрманымен айналады», дейтін. Ыбырай атам ерте көктемде егіс басына көшіп барып, күзде күрішін жиып-теріп, елге бір-ақ қайтатын.Бұл ол кезде аты әлемге әйгілі бола қоймаған қарапайым күрішші Ыбырай Жақаев еді. Қазақта «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – Уәлі» дейді. Әпсанаға сүйенсек, күріштіктің басында бата берген ақсақал Қыдыр ата болса керек. Сол кезеңде қатардағы күрішшінің кейін рекорд жасап, «ақ күріштің атасы» атанатынын ешкім дөп басып айта алмады. Ол туралы Кеңестік кезеңде ұран болған: «Екі мәрте еңбек ері Ыбырай Жақаевтың өндірген күріші жер шарын мекендеген барша халықты бір ай асырауға жетеді» деген. Бұл дән атасының еселі еңбегіне берілген шынайы баға екені даусыз. Бірде ол жидеден, шеңгелден тазалап алған күріштікке су беріп болған соң таза ауамен тыныстап отырған-ды. Қызу қимыл қозғалыстан кейін еңбек адамының шаршайтын әдеті ғой. Денесі дел-сал болса да, көңілі тоқ ол тындырған тірлігін ойша саралап шықты. Қас қарайып, кеш болып қалған. Бірақ, үйге қайтуға асықпай, атыз бойындағы суға қарап ұзақ ойға шомды. Кенет күннің шапағымен таласып, дене тұрқы көрінер-көрінбес ақ сақалды, ақ желбегейлі кісі бұған қарай аяңдады. Күріш атызының үстімен келе жатыр. Жақындап келгенде ол да орнынан тұрды. Тұла бойы аппақ болып көрінген кісі жақындады да: «Шырағым, ырысың осы жерден болады. Бақытың өрлей берсін! Әумин!» – деді ап-анық даусымен. Осы сөзді айтты да жоқ болды. Күріштікте отырған еңбеккер болса, ес жия алмай әлек. Әйтеуір «Әумин!» дегені есінде.Атақты күрішші сөзге сараң болған. Дегенмен, сөзбен шаншып тиісе кеткен адамға есесін жібермейтін қасиеті де жоқ емес. Маңдайдан тері сорғалап, жұмысты белсеніп істейтін оның әбден шаршайтыны анық. Бірақ, оған мойып тұрған Ыбырай атам жоқ. Сондай бір күндері бір кісі «әбден шаршадың ғой, Ыбырай» деп көңілін білдірсе керек, сөйтсе, диқан «қатты жаның ашыса, екі әйеліңнің біреуін бермейсің бе?» деп күлкіге батырыпты жанындағыларды. Әйгілі күріш өсіруші Ыбырай Жақаев звено жетекшісі болған. Ол бірінші болып күріш егісін жоңышқа атызына орналастырды. Тұқымды себу алдында күнге қыздыру, көң мен суперфосфат ерітіндісіне бөктіріп, бүршіктендіріп себу, қамыс және күрмек арамшөптерімен күресу, күріш егісіне тыңайтқыш енгізу мөлшері мен мерзімін дұрыс анықтау сияқты агротехникалық шараларды өндіріске енгізді. Бұл технологиялық әдістер «Жақаев агротехникасы» деп аталды. Егістік маңайынан шықпайтын. Күріштік Ыбырай атамыз үшін бұл дүниенің пейіші-тін. Жерді өзі таңдайды, арық, атыздарын өзі белгілейді, өзі қаздырады, өзі соқтырады. Өзі мұрап, өзі агроном, бәрін біледі, оқымай тоқыған. Жердің тұздылығын тілімен анықтайды. Бір өзі – бір лаборатория. Күрішті қолмен сеуіп, су жіберер кезде бірер қап дәнді құлақтардың сағасына тастайды, атыздағы күрішпен бірге ол да бөртіп, өсіп жатады. Кейін оны күріш көшкен, сирек шыққан жерлерге, атыз жиектеріне қолдап себетін.Күріш су бетіне шыққан кезде жиі өскен жердің өскінін сирек тұсқа көшеттейтін. Сөйтіп, ол кісінің күріш атыздарында алақандай жер де бос болмайтын. Төбеден қарасаң жер көрінбейді, жанынан қарасаң ине өтпейді. Адам қаншалықты күшті, құдіретті болғанымен ол өз шыңына шығу үшін оған соншалықты көптеген қолдаушылар, жәрдемшілер, көмекшілер, кеңесшілер, тілектестер, бапкерлер керек. Ыбекеңе тағдыр осының бәрін оңынан кездестірді. Әсіресе, диқанның өмірлік бригадирі Қойшыбай Оразымбетов пен білгір, жаңашыл агроном Әнес Алтынбековтің еңбегі ерекше. Күріш жөніндегі ғылымды дамытуда, тәжірибені жетілдіруде, агротехниканы қалыптастыруда Ыбекеңнің, Әнекеңнің, Қойшыкеңнің бірігіп атқарған жұмыстары бір ғылыми-зерттеу институтының қызметіне пара-пар еді.
Ыбырай атамыздың шәкірттері көп. Олар ақ күріштен еңбегі жанып, бақытын тапқан жандар. Қарт диқанның құтты жолымен, ақ батасымен облыстағы 91 Социалистік Еңбек Ерінің, 35-і Шиелі ауданынан тәрбиеленіп шықты. Етене еңбектес болған, жақын шәкірттерінің бірі марқұм Зәкира Ержанова бір тәрбиелік мәні бар оқиғаны еске алады. «...Күріш себіліп жатқан кез. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін мезгілі – көктем. Жұрттың бәрі жарты құрсақ. Бір дорба күріш тұқымын, кейін көже қылып ішейік деп үйдегі жаман сандыққа тығып қойғанбыз. Түскі шәйдің үстінде Ыбекеңнің көзі сандықтың тесігінен көрініп тұрған күріш дәніне түсті. Қатты ашуланып, бәрімізді жиып алып тарыдай қуырды. «Бұл бізге аманат етіп тапсырылған бүкіл халықтың несібесі, ырзығы, ертеңгі азығы, өзегі, өмірі. Тұқым ұрлағанның тұқымы құриды деген, бұларың не қарақтарым. Апарып орнына салыңдар, ендігәрі аштан өлсеңдер де бұл жаман әдетті қайталамаңдар», деп еді. Осы әңгіме бәріміздің де бүкіл өмірімізге жетерлік сабақ болды».
Бүгінде Ыбырай атамыздың «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар», «Адам тастан берік, гүлден нәзік», «Ат қартайса есекпен достасады, адам қартайса, төсекпен достасады», «Еріншек егіншіден елгезек масақшы озады», «Малға жарлылық – жарлылық, ақылға жарлылық – сорлылық», «Өлім ақылы толмаған баланы да аямайды, ақылы асқан дананы да аямайды», «Бірінші би – халық, екінші би – тарих», «Көз – нұрдың ұясы, көңіл — сырдың ұясы», – деген ақылды сөздері елмен бірге жасауда. Ыбырай атамыз атақ үшін еңбек еткен жоқ. Сол кездегі аталарымыз атақ үшін еңбектеніпті дегенді естіген жоқпыз. Олар еңбектен нағыз адами бақыт, ләззаттанып, рахатқа бөленді. Соншама атақ-абырой, даңқ, бақ Ыбырай атамызды астырмады, тастырмады, састырмады. Ештеңе болмағандай бір қарапайым қалпынан айнымай, ауытқымай дүниеден озды, жарықтық.Қазақтың қара шалының далалық дана ақыл ойымен, бойындағы Алланың аманаты мен сыйы – жойқын күш жігерімен, киелі, күректей қолымен, кәрі бәйтеректің жер бетіне шығып кеткен тамырындай салалы саусақтарымен қара жерді қарс айырып жасаған бұл рекорды бүкіл әлемді таңдандырды, таңғалдырды. Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейінгі үш жыл қатарынан Ыбырай атам әлем жұртшылығының еріксіз таңдайын қаққызды. 1945 жылы күріштің әр гектарынан 156 центнерден, 1946 жылы 160, 1947 жылы 171 центнерден өнім жинап, дүниежүзілік рекорд жасады. Бұл рекорд өркениетке, озық технологияға, білімге, ғылымға бізден әлдеқайда бұрын жеткен жапондықтардың жағасын ұстатты, кәрістерді қайран қалдырды. Сөз соңын Асқар атамыздың өлеңімен аяқтасам.
Асқар Тоқмағамбетов:
«Отыр, міне, ортамызда, секілді бір,
тау биігі Гималай.
Рекорд жасап, бар әлемге аты шыққан,
Ер Жақаев Ыбырай», – деп жырлайды.
Нұрдәулет Нақыпов,
Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы
Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы