Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақынның «Ағатайы»

Ақынның «Ағатайы»

Бұ жолы да ақынды кіндік қаны тамған киелі жерге деген іңкәрлік үйінен алып шығып, пойызға отырғызған еді. Доңғалақтар бір тәуліктей тынбастан тарсыл қағып, Шиелі бекетіне алып жетті. Пойыздан түскен бетте қаумалап мол қауым күтіп алғанмен, ақын көңілі елеңдеп, алыстан аңсап келгенде жүрегіне ең жақын бір адамға тезірек кездессем екен деп атбасын Қызылтуға бұрды. Қыстақтан екі жарым шақырым жердегі колхоз орталығына жеткенде асыққан жүрегі лүпілдеп қоя берді. Жеңіл машина он минутқа жеткізбей тас жолдың бойындағы бойшаң теректермен көмкерілген зәулім үйдің алдына келіп тоқтады. Ешкім көріне қоймады. Табалдырықтан аттай бергенде Ыбекеңнің жан серігі Бибіжар жеңгесі алдынан шыға келді де:
– Өз көзіме өзім сенбей тұрмын. Ақын қайным ба мынау? – деп жақындай берді. Әбділда жеңгесінің бетінен өпті.
– Ағаңа қазір кісі жіберейін. Қырманға барып қайтамын деп кетіп еді. Әбден далада жүріп үйренген ағаң... Үйде, мына менің қасымда отырғысы келмейді.
Ақын жеңгесінің әзіліне кеңкілдеп күліп алды да:
– Қырманға мен-ақ барайын. Ел тілегі егін үстінде тұрған осындай қарбаласта менің Ыбекеңді шақыртып алуым болмас.
– Қой, қайным. Биылғы егіннің беті жаман емес. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы атасы алдынан шығады» деген. Ағаң дәл бүгін келеріңді білгенде жолыңды тосар еді.
Ақын жаны қайтадан толқып кетті: «Қазір-ақ келіп қалар, айналайын алтын шал, елімнің еңбекпен даңқын шығарған майталманы». Он минут өтті ме, өтпеді ме, есікті елеңдей бағып отырған ақын құлағына әуелі тоқтаған машина гүрілі естілді. Сол-ақ екен, таяғын қолына алып, отырған орнынан көтеріле берді де, есіктен жай басып кірген тұлғасы тұтас қара шалға қарсы жүрді.
– Ассалаумағалейкум!
– Әбділда, өзің екенсің ғой. Аман-саумысың? Бір сәт аға мен іні құшағы айқасып қалды.
– Елің аман ба?
– Еліме келіп отырмын ғой, Ыбеке. Ел ризығы мол болсын, қырман тасысын! Биылғы егіннің бітімі жаман емес дегенді естіп келемін.
– Жаман емес, бәрі де жақсы. Көктен жаңбыр, арықта су болса, егін де болады.
Диқан тұнық көздерін жаюлы дастарқанға қадап біраз отырды да, сөзін жалғастырды:
– Екі-үш күн бұрын Алматыдан бір тілші жігіт келіп, егіннің жайын сұрады. Бір кезде соғыста опат болған Ақылбегімді қозғағаны. «Ұлыңыз туралы айтсаңыз...», – дейді. Қапелімде не дерімді білмедім...
Диқан ойға шомды. Ақын басын шалт көтеріп алды.
– Көремісің мына қартты,
Танимысың қарашы.
Келеді ойлап,
Соғыста өлген баласын, –
деп, мен де сіздің Ақылбегіңіздің қайғысын өлеңге орап жыр жазғанмын.
Көз жанарында арғы күндердің табынан от тұтатқан ұшқындар... Ойлы, кәрі көзі аздап шаршаған жүзіне ерекше бір мұң, мұң емес дәл қазір қартқа тән жарасым беріп тұр.
– Шыда, шалым, шыдап бақ,
Енді жанар шырағыңнан түңілме,
Жүзе білгін өзенде.
Кетпеніңді қайта шап,
Керек жерің болар әлі бүгінге.
Адам болып туған соң
Дамыл жоқ қой аяқ-қолдың бірінде, – дегенсіз менің поэмамда.
Әбділда ақын аға көңілінде осы бір сәл мұң пайда болған сәтті сейілткісі келгендей жыр оқуға жаралған ашық дауысын созып барып тоқтады.
– Иә, аяқ-қолға дамыл жоқ. Адам бұл өмірге тынымсыз тіршілік үшін, сол тірлікте жеңіске жету үшін келсе керек.
Әбділда Тәжібаев «Монологтар» атты драмалық поэмасында Қазақстанның маңдайалды ұл-қыздары: Сәкен мен генерал Панфилов, Төлеген мен Мәншүк, Күләш пен Қаныштың катарында Ыбырайды да негізгі кейіпкер етіп алған. Мұнда ел сыйлаған үлкен жүректі еңбек адамының соғыста ұлынан айы­рылып мұңға батқан шағы мен жер бетінде жалғыз еместігін ұғынып өзін-өзі жұбатуы ақын, уақыт және кейіпкер диалогтары арқылы берілген.
– Елу қалып артымда,
Алпыс тосып алдымнан,
Ағарып мөлдір қара шаштарым, – деп өткенін өлеңге түйіп отыратын ақынның дастарқан үстінде ағасына оқып берген жыры осы алпысты алқымдаған шағында туған шабыттың нөсері еді.
– Әбділда, сенің мені көргенше асығатыныңды сеземін. Сен астанада ел мен жерді сағынып жүретін сияқтысың, – деп әзілдеген Ыбырай ақсақал орнынан көтеріле бастады. – Екеуміз машинамен қырманға барайық, егінді аралайық. Сен өлең жаз, мен жаңа астықты тамашалайын.
– Менің ойымды сіздің айтпай білетін әдетіңіз, – деп таяқ сүйенген ақын орнынан көтеріле берген диқанға қолын ұсынды.
Шабыты жыр боп, халқын тамсандырған ақын мен заман даңқын еңбекпен көтеріскен диқан шаңдауыт соқпақпен егінжайға жол тартты.
Алпыстан асып, шашының ағы көбейген ақын алдыңғы ағасы – алып тұлғалы еңбек адамының 80-ге толар күнін сезіп жүргенмен, дәл бүгін тосын шақырту келеді деп ойламаған еді. Әлгінде ғана Ыбырай Жақаевқа Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын Жұлдызы берілгенінен хабардар болғанда, мына шақыру сол қуанышын аспандатып әкетті де, бас-аяғы бес-алты сағаттың ішінде Мұқамеджан Қаратаев пен Сырбай Мәуленов үшеуі жолға шықты. Жол... Ойдың ең тәттісі жол үстінде туады. Таяғына сүйеніп, купеде ойға шомған Әбділда қазақтың бір шалының еңбекпен өшпестей етіп атын жазғанын ойлайды. Содан соң пойыз терезесінен иен далаға көз тігіп, осы тусырап жатқан даланың түгін тартып, бермесін алған адамның қай сәтте де далаға іңкәр көзбен, ғашық жүрекпен қарайтынын ойлайды. «Бұл жолы кайтер екен, Ыбекең?! «Даланы сағынып келген шығарсыңдар, жігіттер, егінді көріп қайтыңдар», – дей ме екен? Күлімсірей пойыз әйнегінен тесіліп ойға шомған ақын енді диқанның мұңайған сәтін көз алдыңа әкелді. «Ақылбектер болмағанда жеңіс те болмас еді». Әкенің дастарқан басында айтқан сөзі жүрегін шырмаған ол «Ағатай!» деп қойын дәптеріне түртіп қойды. Тұнжырап, жалт еткізіп далаға бір көз тастап, купенің есігін жапты да «Ағатай!» деген сөздің астына қаламын жорғалата жөнелді.
Сексенге жеттің, қартайдың,
Сонда да келген жоқ әлі жантайғың.
Бауырым, сымбатың неткен сом еді.
Сұңқылдап тұрған секілді жыры Нартайдың...
Доңғалақтар тарс-тұрс етеді. Акын қолындағы қалам пойыз ырғағымен қағаз бетінде жорғалай берді. «Ағатай!..»
Салтанат әлдеқашан басталған еді. Әуелі көз көргендер, кетпен иықтасып арық қазысқандар сөйледі. Бір сәт жиналыс төрағасы орнынан тұрып:
– Құттықтау сөз қазақтың атақты ақыны Әбділда Тәжібаевқа беріледі, – деді.
Қашанда отырыста өзінің оң жағынан орын алатын ақын інісіне сөз берілгенде диқан көзін бір жұмып, мойнын бұрып мінбеге қарады. Кәрілік келіп, күңгірт тартқан көзіне оң жағында отырған бурыл бас Әбділданың жанары жасаурап тұрғаны көрінді, құлағына «Ағатай!» деген сөзі шалынды.
– Өзіңмен бірге мерейі асты елдің де,
Қуанттың жұртты мен қазақпын деп келдің де.
Мандаттарымның қадірі өтпес жерлерде,
Өте беремін, мен Жақаевпын деймін де...
Мойнын бұрып диқанға қараған ақын қияқ, мұртының ұшы селдіреп, шын пейілмен күлімсіреген үлкен жүректі адамның көкірегінде күмбір қаққан талай сыр мен сөз барын жыр оқып тұрып тағы бір рет жадына түйгендей болды. Әбділда даусы өзінің қарапайым да сымбатты ырғағымен әрі қарай жалғаса берді:
– Ағатай!
Кешегі көшпелі қазақ баласы ең,
Үстінде туған ырғала басқан түйенің.
Бүгін дүниеге даңқы тараған
Диқан атамсың,
Сүйінерімсің, сүйерім.
Топырақтың,
Судың,
Жарықтың,
Сырына қанық киелім.
Мен де бүгін, сексенге келген тойыңда
Ақ қырау басқан,
Аздап шаршаған басымды,
Алдыңда тұрып иемін!
Ақын ақ қырау басқан басын иді де, орнынан жайлап көтеріліп келе жатқан еңбек адамына құшағын ашты. Диқан жуан саусақты алақанын жайып, ақын інісін кеудесіне басты. Қос құшақ мың сан жанардың астында ыстық мейіріммен айқасып тұрып қалды.

Қуандық Түменбай,
Алаш және Махмұд Қашқари түркі дүниесі Халықаралық әдеби сыйлықтарының лауреаты
10 қыркүйек 2019 ж. 1 046 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930