Шиелінің барысы – елінің арысы
Адамзат баласының тарихында 1941-1945 жылдары аралығында болған екінші дүниежүзілік соғыс өзінің қатыгездігімен ерекшеленеді. Себебі, бұл соғыста 28 млн адам өмірі құрбан болып, әлемнің 70-ке жуық мемлекеті соғысқа қатысты деген дерек бар. Соғыстың зардабын халқы көп көрген Ресей үкіметі 1940-1950 жылдар аралығында туған балаларды «соғыс балалары» – деп атап, оларға әлеуметтік жәрдем қарастырған деп естиміз. Біздер де 1946 жылы дүниеге келгеннен кейін соғыстың ауыр зардаптарын көрдік.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру халық үшін оңай болған жоқ. Бала болсақ та сол кезеңдегі халықтың қиналғаны әлі есімізде, себебі біз бала болып тойып тамақ ішпедік. Қазіргі заман балаларының шат күлкісін, дастархан толы тамақты көргенде «тоба» дейміз. Соғыс болмаса екен, балаларымыздың қуанышын ешкім бұзбаса екен деп Хақтан тілейміз. Аллаға шүкір, сол соғыстан кейін туған балалар, биыл 75 жасқа да келіп жатыр. 75 жас адам өмірінің еленер, зерделенер шағы ғой... Осы жасқа жете алмай Алла тұз-дәмін тауысқан қанша замандастарымыз өмірден өтті.
Бүгінгі ойтолғауымның кейіпкері – Шәмен досым тірі болғанда тамыздың 18 жұлдызында 75-тің қырқасына шығар еді. Бірақ жазмыштан озмыш жоқ, Алла өмірін қысқа қылыпты. Бірақ арамызда жоқ Шәменмен алғашқы танысуым 1952 жылдың жазында Еңбекшінің ортасындағы балалардың табиғи спорт алаңы – аппақ кебірде болды. Ойын балалары қолдары қалт етсе кебірге жиналып күреседі екен. Ол кезде спорт түрлері ауылға кең тарай қоймаған кезең ғой. Кейін футбол ойнай бастадық. Мен де балалардың көбісін танымаймын. Қызылтудан көктемде ғана көшіп келгенбіз. Келуін келсем де бірден араласып кете алмай шеттеу тұрғанмын. Бұрыннан танитындар бірден араласып кетті, орталарында жауырынды келген сары бала бәрін шетінен жамбасқа алып лақтырып жатыр. Тәуекел деп белдесіп қалып едім. Қалай екенін қайдам жерге топ ете қалдым. Қалай жеңілгенімді өзім де білмеймін. Шәмен өзінің қатарын, өзінен үлкендеу балаларды да алып ұрады екен. Оның бойында алапат күш бар екендігі байқалды.
Енді осы Шәменнің тектілігі, ата-бабасы туралы айта кетсек артық емес шығар. Бұрын қазақта ірі, қарулы адамдар көп болған ғой. Сондай ерекше жаратылған батыр, қарулы адамдардың арқасында жауларға төтеп беріп, әлемде тоғызыншы орындағы осыншама ұлан-ғайыр жерді иемденіп қалғанбыз. Қазақта осындай ірі адамдар шабатын баспақ көкпар болады екен. Ол көкпарға Жақаевтан Кәдір атамыз, Еңбекшіден Әбжапбар, Ермағамбет аталарымыз қатысады. Осы батырлар жерден баспақты көтеріп алдына бөктеруге шамасы келетін. Қарулы адамдар ғана қатысады. Еңбекшіден Әбжапбар атамыз кейінгі кезде көп қатыспайды, себебі қосымша тәуіпшілігі болғасын ауылдан көп шыға бермейді екен. Ал, Ермағамбет атамыз көкпардан қалмайды. Сол Ермағамбеттен Бимақ, одан Шәмен дүниеге келеді. Тектілік тұқым қуалайды деген рас қой. Шәменнің бойындағы алапат күш атадан дарыған. Бимақ ағамыз да қапсағай ірі кісі еді. Бала кезінде жамбасы шығып кетіп орнына түспей балдақпен жүреді. Шәмен үнемі жалғыз баласы болған соң ақсаңдап келіп, бізді сыртымыздан көріп кететін. Сөйтсек, баласы жас кезінде қатты ауырып зәресін алған екен. Беріде Әбжапбар тәуіптің үйіне Бимақ ағамыз баласын көтеріп, айқайлап кіріпті.
– Әбеке, мына жалғызым көзін ашпай қалды. Жалғыз тұяқ қой. Артымда ұрпақ қалмайтын болды ма деп зәрем жоқ деп жылап қоя беріпті. Әбжапбар тәуіп тамырын ұстап ішін басып көрсе іші кеуіп кеткен екен, дереу клизма жасаса артынан бір леген шикі жүгері түсіпті. Жас бала есіктің алдында жаюлы жатқан жүгерінің жас собығын жей берген. Содан қорқып қалған ағамыз баласын көзден таса қалмауға тырысатынын байқайтынбыз.
Бимақ ағамыз Шәмен төртінші сыныпқа көшкенде Үлгіліге қоныс аударды. 1960 жылы №47 М.В.Ломоносов мектебінің сегізінші сыныбында қайта кездесіп, 1963 жылы мектеп бітірдік. Шәмен бірден Жамбылдың гидромелиоративтік институтына түсіп, оны бітірген соң аудан орталығында қызмет істеді. Институт қабырғасында өзінің сүйікті күресімен айналысып Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды. Қазіргі тілмен айтқанда «Қазақстан барысы» сынды жарыстарда, қызмет барысында тек жақсы жағынан көрініп ПМК-31 мекемесінің бас инженеріне дейін көтерілді. Мен 1968 жылы Қызылорданың пединститутын бітіріп келгеннен кейін баяғы бала кездегі достығымыз жігіттік шаққа ұласып, өмірдің көп қызығын бірге өткіздік.
Шәмен өнерді, өмірді сүйетін, арманшыл еді. Ауданға Алматыдан т.б. жақтан өнер адамдары келсе бір жасап қалатын. Концерттеріне қайта-қайта бара беретін. Гүлдер ансамблі келген кезде бүкіл ауданды сол ансамблмен бірге аралап, Жаңақорғанға дейін шығарып салдық. Кейде «өмірің зулап жатыр ма, шаршадық қой, қайда асығасың?» десем, кәдімгідей ренжіп қалатын. Сөйтсем сезімтал жүрегі бұл фәниден ерте кететінін сезген-ау.
Өмірге құштар еді. Балаларын Мәрияшты жанындай жақсы көретін. Серік дүниеге келгенде менің серігім келді ғой. Мен енді жалғыз емеспін, Серігім бар, – деп шаттанушы еді. Сол Серік баламыз үлкен азамат болып Шымкент қаласында анасы Мәрияшты аялап әке шаңырағының отын маздатуда. Жақында біреу телефон шалып:
– Мен Айгүлмін, сіздің қызыңыз Айгүлмен бірге оқығанмын. Шәмен досыңыздың келінімін, атамыз туралы кітап шығарайық деп едік, соған сыныптасы ретінде естелік жазып беріңіз, – деді. Қазақта «Ұлым аман болсын, келінім адам болсын» деген тамаша тәмсіл бар. Ата әруағын биіктететін осындай адал келіндерге Алла ғұмыр берсін.
Шәмен аудан өміріне де белсене араласып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Спорттан біршама жарыстардың ұйымдастырушысы, ұйытқысы болды. Әсіресе, мен аудандық комсомол комитетінің хатшысы болған жылдары жастар өміріне белсене араласты. Шәменнің сол еңбектері жастар, замандас тарапынан еленбей қалған. Шәменнің атымен орталық стадионды атау керек – деп жастар бастама көтерді.
Аудан орталығындағы бір көшеге Шәменнің атын берейік деген бастамашылар тобы болды. Бірақ, халықтың ұсынысы сол кездегі билік тарапынан қолдау таппады. Шәменнің жастық шағы Н.Бекежанов ауылында өтті. Шәменнің достары Баттал, Абай да осы мәселені көтерумен болды. Биыл Н.Бекежанов ауылында соғылып жатқан спорт комплексіне Шәменнің атын береміз деп бастама тағы көтерілуде. Өте орынды бастама, оны билік те қолдайтын шығар деген сенімдеміз.
Шәмен өмірден ерте кеткенімен артына өшпейтін мұра қалдырды. Шәмен тұңғыш қазақтың барысы, Сырдың барысы, елі мақтан тұтатын арысы. Ел арысымен мақтанады. Елі тұрғанда елдің арысы азбайды. Ел оның әруағын биіктерге көтере береді. Сен еліңнің мәңгі жадындасың дегіміз келеді.
Есіркеп Шәдібеков,
ауданның «Құрметті азаматы»
ауданның «Құрметті азаматы»