Вакцина адам ағзасына қалай әсер етеді
Коронавирусқа қарсы вакцина неліктен 18 жастан асқандарға салынады және екпе алғаннан кейін жүктілікті жоспарлауға бола ма? Қалалық №4 емхананың дәрігер-эпидемиологы Айман Досанова вакцинацияның тиімділігі және оның адам ағзасына әсері туралы түсіндіріп берді, деп хабарлайды Елорда Инфо. Коронавирус пандемиясымен күрес екінші жылға созылып барады. Бұл саладағы үлкен күш денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық қызметкерлерге жүктеліп отыр. Жыл басынан бері дәрігерлерге көмек ретінде вакцинация жеткізілді. Бұл ұжымдық иммунитетті дамытудың және өмірдің бұрынғы жағдайына оралудың жалғыз, тиімді әдісі. «Қазір вакцина аларда оның түріне таңдау беріледі. Қолданыста Қазақстанның, Ресейдің, Қытайдың вакциналары бар. Оның бәрі ерікті түрде жасалады. Вакцинаның маңызы өте зор. Себебі жаппай вакциналау бүгінге дейін адамзатты түрлі індеттен құтқарып келді. Өкінішке қарай, ғаламтор беттерінде коронавирусқа қарсы вакцина жайлы шындыққа сай келмейтін, жалған ақпараттар бар. Ол вакцинаның бәрі қолданысқа енерден бұрын түрлі сынақтан өтті. Сондықтан жұрт жалған ақпаратқа емес, ғылыми түрде дәлелденген мәліметтерге сенуі тиіс», – деді дәрігер. Оның айтуынша, пандемияны тоқтату үшін халықтың шамамен 60-70% вакцинациядан өтуі тиіс. Сол кезде ғана ұжымдық иммунитет дамуы мүмкін, нәтижесінде вирус ешкімге жұқпайды. «Мүмкіндікті пайдалана отырып, жұртшылыққа қарапайым санитарлық талаптарды сақтауы керектігін айтқым келеді. Біз, дәрігерлер маска тағып, антисептиктерді тұрақты пайдаланамыз. Арақашықтық сақтау – басты міндетіміздің бірі. Бұл – вирустың таралуының алдын алатын бірден бір тәсіл. Жұрт арасында маска тағуға қарсылық білдіретін, адам көп жиналған орындарда алаңсыз жүретін, қонаққа еш қиналмастан баратын жандар бар. Мұндай алаңсыздық науқастар санын арттырады. Ал қазір үнді штамы деген атаумен белгілі инфекцияның ең қауіпті түрі таралып жатыр», – дейді Досанова. Вакцинация жайлы айта отырып, дәрігер коронавирусқа қарсы екпені 18 жастан асқандар ғана алатынын қозғап өтті. Вакцина алуға жүкті, бала емізетін, онкологиялық аурулары, сондай-ақ түрлі препараттарға аллергиялық реакциясы бар адамдарға болмайды. Маманның айтуынша, вакцина алғаннан кейін жүктілікті жоспарлауға болады. Алайда екі компоненттің арасында емес. Екпені толық алып болғаннан кейін бір жарым айдан кейін ғана жоспарлау қажет. Дегенмен вакцина коронавирустан толықтай қорғамайтынын, бірақ екпе алған адам коронавируспен ауыратын болса, жеңіл өтетінін мәлім етті. «Көбісі қандай да бір препаратқа қарсы аллергия пайда болса не істеу керек деп сұрайды. Мұндай жағдайда вакцина алардан бұрын учаскелік дәрігерге көріну қажет. Бұл сол сияқты ұзақ мерзімді жүрек ауруымен ауыратындарға да қатысты. Вакцина алғаннан кейін үш күн ішінде адамда әлсіздік, дене ауыруы, дене қызуының көтерілуі секілді өзгерістер болуы мүмкін. Мұндай әсер вакцинаның өзге де түрлерінде кездеседі. Сол себепті үш күн уақыт беріледі. Ал салғаннан кейін пациент қандай да бір реакциялар болған жағдайда дереу тиісті шаралар қабылдау үшін 30 минут бақылауда болады. Бірақ мұндай жағдай бізде әлі кездескен жоқ», – деп қосты спикер. Бас қалада 100-ден астам вакцинация пункті МСАК мекемелерінде, сауда ойын-сауық орталықтарында және қаланың түрлі сауда үйлерінде жұмыс істейді. Халықты вакцинациялау науқанын қолдау мақсатында елорда кәсіпкерлері бағалы сыйлықтар, тұрмыстық техника, жеңілдік сертификаттарын сыйға тартуда. Ал Mega Silk Way СОО-да вакцинаның бірінші компонентін 30 тамызға дейін алатындар арасында автокөлік ойнатылады.
https://24.kz
https://24.kz