Туризмді дамытудың жолы көп
Қашанда зерттеліп, зерделеніп, фактісімен, тарихи нанымдарымен жазылған мақала оқырман шақыратыны аян. Көптен бері сондай шығарма «Өскен өңір» газеті бетіне «Туризмнен тоқырап тұрмыз» тақырыбымен жарқ ете қалды. Авторы Нұрболат Пірімбет – журналист-тарихшы. Оқып түсінген адамға жан-жақты мағлұмат беретіні сөзсіз. Аз жазса да саз жазатын журналист бүгінгі өмір талабын, мемлекетіміздің қайтсек экономикалық өсім бағытын жақсартамыз деген болашақ жоспарларын айқындай түсіп, оқырмандарға қарапайым тілмен, сенімді мысалдармен, айшықты цифрлармен түсіндіріп өткен. Қаншама проблемалық мәселелердің басын шалған.
Үкіметтің қазіргі басым бағыты шағын және орта кәсіп екені баршамызға белгілі. Халық мемлекеттің осы салаға салып отырған мол қаржысын тұтынып, пайдаланып қалуға тиіс. Аузыңды ашып отыра берме. Ол үшін мемлекеттік қызметкерлер халыққа қаржы алудың тиімді жолдарын жеткізіп, өзінен жоғарғы органдарға өзі қызмет ететін саланы жетілдіру жөнінде ұсыныстар бергені жөн дей келе, әрбір мемлекеттік қызметкер тек бұйрық пен тапсырманы орындаушы адам ретінде емес, керісінше, елдің, жердің, Отанның дамуы үшін, аудан экономикасының артуы үшін, Шиелінің көркеюі үшін, аудан әкімінің қызметінің алға басуы үшін серпіліс жасап, қай сала болмасын оңтайландыру бағытында ұсыныс-пікірлерін айтып, ой бөлісіп отыруға шақырады. Не болса соған бас шұлғи беру – кертартпалықтың белгісі. Жөн-жосықсыз әрекеттерге қарсы болу – әкімге немесе үкіметке қарсы шығу емес, қайта рухани жаңғыруға ұмтылыс жасаудың нышаны деп қарастырғанымыз жөн.
Үкіметтің қазіргі басым бағыты шағын және орта кәсіп екені баршамызға белгілі. Халық мемлекеттің осы салаға салып отырған мол қаржысын тұтынып, пайдаланып қалуға тиіс. Аузыңды ашып отыра берме. Ол үшін мемлекеттік қызметкерлер халыққа қаржы алудың тиімді жолдарын жеткізіп, өзінен жоғарғы органдарға өзі қызмет ететін саланы жетілдіру жөнінде ұсыныстар бергені жөн дей келе, әрбір мемлекеттік қызметкер тек бұйрық пен тапсырманы орындаушы адам ретінде емес, керісінше, елдің, жердің, Отанның дамуы үшін, аудан экономикасының артуы үшін, Шиелінің көркеюі үшін, аудан әкімінің қызметінің алға басуы үшін серпіліс жасап, қай сала болмасын оңтайландыру бағытында ұсыныс-пікірлерін айтып, ой бөлісіп отыруға шақырады. Не болса соған бас шұлғи беру – кертартпалықтың белгісі. Жөн-жосықсыз әрекеттерге қарсы болу – әкімге немесе үкіметке қарсы шығу емес, қайта рухани жаңғыруға ұмтылыс жасаудың нышаны деп қарастырғанымыз жөн.
Екінші қаузаған қызықты тақырыбы ауданда тоқырап қалған туризм саласы екен. Оқып көрелік: «Мақсатымыз аталған саланы дамыту, содан пайда табу, аудан экономикасына, бюджетіне қаражат түсіру, аудан әкімдігіне ұсыныс айту, сол арқылы жауапты салалық бөлімнің халыққа жауабын бергізу» – дейді Нұрболат. Дұрыс айтады. Мемлекеттік қызметкерлер дымсыз шапқылап жүре бермей, нақты жұмыс атқарып, халыққа қызмет етуге бағытталуы тиіс. Олар «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңды естерінен шығармауы керек. Заң талаптарын орындау – міндет. Сондай-ақ, Н.Пірімбетше ізденіп, ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық сайтына шығып, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №360 қаулысымен «Қазақстан Республикасының Туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» оқу керек шығар. Журналист айтпақшы, Қазақстанда туристтендірудің картасына маңызды туристік объектілерді іріктеп кіргізбесе, тізімге ендірмесе, оны кім қайдан білсін.
Шынында біздің ауданда туризмге сұранып тұрған аймақтар көп-ақ. Қарт Қаратау етегіндегі «Жалғыз ағаш» бұлағы маңындағы «Үңгір», Сарысу даласындағы қазақтың тұңғыш хирург-дәрігерлерінің бірі – Ахмет ишанның кесенесі, «Бестам» ауылындағы «Бестам бекінісі», Бала би ауылындағы «Жүніс тамы» маңындағы жерасты жолы, ондағы Мортықтар кімді болса да қызықтырары анық. Ертеректе марқұм Ақтөре Әміров ағамыз жазғы демалыс кезінде оқушылар экспедициясын ұйымдастырып, осы аймақта қазба жұмысын, зерттеулер жүргізгені әлі есімізде. Біздің білетініміз «Оқшы ата кесенесі» мен «Бала Сауысқандық» шатқалындағы тасқа қашалған көне суреттер: Осы туризм жайлы белгілі тарихшы-этнолог, журналист-жазушы Өтеген Әбдіраман ағамыз біраздан бері «Оқшы ата кесенесінің» айналасын кеңейтіп, осы жерде Қойлыбай бақсы атымен Сүлеймен, Қорқыт атадан соң үшінші болып есімі аталатын емші-әулие Қойлыбайға кесене салып, «Қойлыбай және Есабыз аталар атындағы рухани орталық» ашып, мұсылман әлемінің қасиетті орнына айналдыру идеясын айтып келеді. Тумасы қыпшақ Қойлыбай әулие Ұлытау жерінен еліне оралып жатса, ол жақта Қойлыбайға кесене тұрғызып, әулие ретінде табынушылар Сарыарқадан Сыр бойына, Шиелі өңіріне ағылмасына кім кепіл? Нұрболат та Өтеген көкесінің ойын дөп басқандай. Сонда Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалына келген туристер одан шығып, «Оқшы атаға немесе Қойлыбай мен Есабыз аталар рухани орталығына мінәжат етіп, бұл жерден ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп қасиетті Түркістанға аттанып жатса, сондай-ақ, керісінше туристер ағылып, «Түркістан-Шиелі-Қармақшы» маршруты әлемге әйгілі жобалардың бірі болар еді. Оған «Бәйгеқұмдағы» «Ханқожа» көлінің мөлдір суын, ыстық құмын қоссақ, жанға жайлы жер жәннаты осында екен ғой дейтін туристердің мол болатындығына, аудан бюджетіне миллиондаған доллар ақшаның еріксіз келіп құйылатындығына күмән жоқ. Ол жөнінде мен 2016 жылы «Өскен өңірге» «Бәйгеқұмдағы бизнес» деген мақала да жазғанмын. Туризм қай кезде, қашан дамиды? Аудандағы кәсіпкерлік, мәдениет, білім бөлімдері де атсалысып, назар салып, арнайы жоспарларын жасап, аудан басшыларын да, халықты да елітіп отырса.
Туризм – қызығушылық, қызықтау. Табиғаттың, Алланың ерекше жаратылған жерлерін көріп, таңғалу. Ғажайып салынған айрықша кесенелер, мавзолейлер мен мешіттерге таңырқай қарау. Әсем архитектуралар мен көркем табиғат көріністерінен ләззат алу. Әр елдің салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпымен танысып, сол елмен дос болу, бейбітшілікке ұмтылу, қазіргі жастарды біз қалайша Отансүйгіштікке, патриоттық рухта тәрбиелейміз? Ауданда жасөспірімдердің, оқушылардың туризмі атымен жоқ болса. Сонда ұлтты рухани сауықтырудың, материалдық – мәдени құндылықтарды жас ұрпаққа берудің, табиғатты аялай білу мәдениетін, туған өлкесін танып білу, оның экологиясына жанашырлық білдіру – осы бастан қамтылып, тәрбиеленбесе. Аудандық жастар ресурстары орталығы тарапынан балалар туризміне мән берілмесе. Орынды айтылған. Жас ұрпақ өткен тарих пен мәдениеттен сусындамай, туған жерінің жақсысы мен жаманын көрмей, айбынды азамат тәрбиелеп жатырмыз деу – әлсіздік. Өзімізді-өзіміз алдау ғана. Туризмді дамытудың түрлері де көп екен. Агротуризм, қолөнер туризмі, акватуризм, экологиялық туризм, аңшылық, балықшылық, саяхатшылық туризмдері, сондай-ақ этнографиялық туризм, тарихи-мәдени және балалардың өлкетану туризмі ауданымызда сұранып тұрған туризмдер емес пе?
Нұрболат тарихты жақсы біледі. Ол айтпақшы, Қаратаудағы «Дарбаза», «Қоскөл», «Ақбұлақтың» өзі бір ғажап туризм дерсіз. Ал, тау қойнауындағы шың басында арқарлары ойнақ салып жүретін, етекте бұлағы сарқыраған Әбілқасым жайлауы деп аталып кеткен көкорай сай көздің жауын алады. Бұл тарихи жер «Еңбекші» ауылының ақсақалы Сейдомар Ермекбаевтың айтуынша, «Батырбектің өрмесі» деп аталса, төмен қарай оң жақ беті «Аққұздың шаты» аталады екен. Керемет! Туристер шықпай қалатын жер. Шиелі төңірегінде осындай адам қызығар, көруге ынтығар, табиғаты әсем өңірлер көп-ақ. Журналист Н.Пірімбет ауданға табыс әкеліп, бюджетіміздің қоржынын қампитатын айтарлықтай мәселе көтеріпті. Оны әдемі жіліктеп таратып беріпті.
Мына капиталистік нарық заманында шет елдердің көбісі осы туризммен күн көріп, баю жолына түскен. Өзекті мәселеге өкпелейтін жайымыз жоқ. Жаңалыққа, рухани жаңғыруға ұмтылуымыз керек. Елге пайдалы нәрсені қолдауға тиіспіз. Содан қолға қалам алдырған «Туризмнен тоқырап тұрмыз» атты мақала болашаққа жол салып, аяңшылдарға асық деп, уақытты оздырмай, халықтың жүйкесін тоздырмай іске кірісіңіздер деп тұрғандай.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі