Туризмнен тоқырап тұрмыз...
Соңғы жылдары еліміздің экономикасын әртараптандыру бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр. Осыған дейін мұнай-газ, тау-кен саласы арқылы қазына қаражатын толтырып келген Қазақстан болашақтағы экономикалық өсім бағытын басқаша жоспарлай бастады. Себебі, баяғыдай арқаны кеңге салып, шикізатқа сеніп отыратын заманның ауылы алыстап бара жатыр. Жаһан жұрты дамудың жаңа сатысына көтерілді. Инновациялық идеялар, ақпараттық, цифрлық әлем, сервистік қызметтер, логистика экономиканың драйверіне айналды. Өз кезегінде ел билігі бұның барлығын бағамдап отыр. Бақылап отыр. Соған сай әрекет те етіп жатыр.
Бүгінгі басым бағыт шағын және орта кәсіп. Мемлекеттің бұл салаға бағытталған қыруар мол қаржысы бар. Көмек қолдауы бар. Осы қаржы мен көмек қолдауды алып, тиісті жеріне бағыттап, тиімді жұмсай білуіміз керек. Ол үшін жауапты саладағы жауапты мамандар мен бөлім басшылары бүгінгіден де артық белсенді жұмыс жасай білуі керек. Тиісті ұсыным, жобалар арқылы облыс, республикалық бюджеттен қаражат тарту, кәсіпкерлерге көмек қолдау көрсетіп, жүгіре еңбек ету шарт. Әрбір уақыт, әрбір күн қымбат. «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның бір парасында төменгі сатыдағы мемлекеттік қызметкерлер өз басшыларына, өзінен жоғарғы тұрған органға өзі қызмет ететін саланы жетілдіру бойынша ұсыным-пікір білдіруі тиіс деп тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр.
Бүгінгі басым бағыт шағын және орта кәсіп. Мемлекеттің бұл салаға бағытталған қыруар мол қаржысы бар. Көмек қолдауы бар. Осы қаржы мен көмек қолдауды алып, тиісті жеріне бағыттап, тиімді жұмсай білуіміз керек. Ол үшін жауапты саладағы жауапты мамандар мен бөлім басшылары бүгінгіден де артық белсенді жұмыс жасай білуі керек. Тиісті ұсыным, жобалар арқылы облыс, республикалық бюджеттен қаражат тарту, кәсіпкерлерге көмек қолдау көрсетіп, жүгіре еңбек ету шарт. Әрбір уақыт, әрбір күн қымбат. «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның бір парасында төменгі сатыдағы мемлекеттік қызметкерлер өз басшыларына, өзінен жоғарғы тұрған органға өзі қызмет ететін саланы жетілдіру бойынша ұсыным-пікір білдіруі тиіс деп тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр.
Олай болса, біздегі әрбір мемлекеттік қызметкер тек бұйрық пен тапсырманы орындаушы ғана емес елдің, жердің, Отанның дамуы үшін, ауданның көркеюі үшін өз саласы бойынша жанашырлық таныта отырып, аудан әкіміне қызмет етіп жатқан саласын оңтайландыру бағытындағы ұсыным-пікірлерен білдіру, ой қосуы шарт. Әлқисса, басын шағын және орта кәсіпкерліктің дамуынан бастадық. Олай болса мақалаға арқау болған тақырыпты ары қарай тарқата түссек.
Шиелі тоғыз жолдың торабында орналасқан өңір. Қарт Қаратау мен Сұлу сырдың бойында деп сылдырата цифр жазбай-ақ, көкейде жүрген кейбір мәселені төтесінен қозғасақ дейміз.
Бізде агросектор айтарлықтай дамыған, бизнестен де біраз аудандардан көш ілгеріміз, индустриялық-инновациялық ірі жобалар да жүзеге асып жатыр. Тау-кен өндірісінен де құр алақан емеспіз. Кәсіпкерліктің сервистік бағыты да бұрынғыдай емес өсіп, өніп, жандана түскен.
Біздегі ендігі тоқырап тұрған сала туризм. Тоқыраған туризм дегенге оқырман дұрыс түсінбей қалмасын. Біз бұл пікіріміз арқылы осыдан тура 70 жыл бұрын тікен тілді түрік жазушысы Әзиз Несиннің туризм саласы туралы жазған сатирасындай бұл саланы терістей, сынап-мінегелі отырған жоқпыз.
Мақсатымыз аталған саланы дамыту, содан пайда табу, аудан эконоикасына, бюджетіне қаражат түсіру, аудан әкімдігіне ұсыныс айту, сол арқылы жауапты салалық бөлімнің халыққа жауабын бергізу.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық сайтында «ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №360 қаулысымен «Қазақстан Республикасының Туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаны толық оқып, танысып шықсаңыз алдағы бес жылда елімізде бұл салаға мол қаражат құйылмақ. Туризмді дамытудың түрлі механизмдерін бүге-шүгесіне дейін жазып көрсеткен. Онда агротуризм, қолөнер туризмі, акватуризм, экологиялық туризм, балықшылық, аңшылық, саятшылық туризмдері, этнографиялық туризм, тарихи-мәдени туризм мен балалардың өлкетану туризімін дамытудың тың идеялары көрсетілген. Осы бағыттар бойынша ақсап жатқан жұмыстар мен бұл салаларға баса мән бермей отырған аймақтар, облыстардың аты аталған. Қазақстанды туристтендірудің картасына маңызды туристік объектілерді іріктеу жұмысы жасалған. Іріктеу критерилеріне объектілердің тарихи-мәдени маңызы ескерілген, оның ішінде ЮНЕСКО немесе Ұлы жібек жолы объектілерінің тізбесіне енген ескерткіштер, сондай-ақ, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасынының киелі объектілері енген.
Бағдарлама жоспарына сәйкес, Түркістанның тарихи-мәдени туризімін дамыту әлеуетін 1 жылда 1 500 000 адамға дейін жеткізу көзделген. Киелі қаланың қазіргі әлеуеті 500 000 адам. Байқап отырғандарыңыздай алдағы бес жылда туризм саласын дамытуға үш есе басымдық бермек. Түркістан бізге алыс емес. Бар-жоғы 160 шақырым. Айнадай тегіс жол жатыр сайрап. Түркістанға келген туристі Шиеліге де тартудың тың жоспарларын жасай беруіміз керек. Бізде де ежелгі қорғанды қала, қамалдар бар. Жер асты жолдары бар. Тауымыз бар. Сырын ішіне бүгіп жатқан Қаратау қойнауларында неше түрлі аңыз-әфсаналарға негіз боларлық жер-суларымыз бар. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасына сәйкес келетін киелі объектілеріміз бар. Баяғы сақтар дәуірінен сыр шертетін Қарауыл төбелеріміз бар. Сақ патшайымы, әйгілі Тұмар-Томиристің парсы патшасы Кирдің басын шапқан жері Шиелінің Қаратау бөктері деп тарихшылар тың тақырып пен тарихи зерттеулерге негіздеп тұжырымдар жасап жатыр. Кешегі Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақ КСР астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіп келгенде қызылдар мен қазақ байларының арасындағы қақтығыстың дені осы Шиелінің Қаратауы мен Сарысу бойында өткендігі туралы мәліметтер бар. Сәкен Сейфулиннің «Бандыны қуған Хамитіндегі» Құдіре мен Хамиттің бірін-бірі қуып жүрген жері осы Шиелінің Қаратау, Сарысуы. Абдолла Қарсақбаев түсірген кинодағы Құдіренің тау шатқалында Хамитке ұсталатын жері Шиелінің Қаратауындағы Дарбаза. Сол бай Құдіренің бау-бақшасы, шаруашылығы бүгінгі Шиелі кентінің Тәуелсіздік көшесі бойындағы Ы.Жақаев ауылына қарай тартылған жолдың жағасы. Қазақ хандығы алғаш орнап жатқан кезде Керей мен Жәнібек сұлтандар сонау Жетісудан, Моғолстан жерінен қалың қол жиып келіп, Дешті-Қыпшақ даласының әйгілі астанасы – Сығанақ қаласын Әбілқайыр-Шайбаниден шауып алар кезде әуелі Шиелі қамалында ат суытып, әскер тынықтырғаны туралы тың мәліметтер бар бүгінде. Одан бергі Жоңғар ханы Цеван-Рабданның қалың қолы Жаңақорғанды басып өтіп, Сығанаққа таяу жазыққа келіп жатқан кезінде қазақ ханы Әбілқайырдың 20 мың қолмен Шиеліде бекініп, 40 мың әскермен Арқадан жылжыған Сәмеке қолын күтуі, Әбілқайыр ханға Көкше жерінен көмекке келген Баян Батырдың 10 мың әскері Шиелінің Дарбазасынан лек-легімен өткені, сол өткен күндердің ақиқаты тарихта сайрап жатыр. Оны тек сөйлету керек. Көрсету керек.
Қазақтың басына нәубетті, зұлмат заманды тудырған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» уақытында мұқым қазақтың көз жасымен жазылғандай болған «Елім-ай» әні Шиелінің Бестам қаласында жарыққа шыққан. Мұқым Түрік, Әзірбайжан, Түркімен тектес туыстардың арғы атасы саналатын оғыздар дәуірінен сыр шертетін қамалды қорғандар жатыр. Жер, су атаулары бар. Осының бәрі туризмге сұранып тұрған дүниелер емес пе? Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кесенесіне барып, одан Түркістандағы Әзіреті сұлтанға жүретін оғыз баласы түркімен, түрік, әзірбайжан бауырлар үшін қақ ортадағы Шиеліге де тоқтап, тыныс алып, өңірдің туризміне тиындай болсын үлесін қосып жатса қуаныш емес пе?
Жасөспірімдердің өлкетану туризмі деген бізде атымен жоқ деседі. Егер бұл бағыттағы туризмді қолға алсақ балаларды отансүйгіштікке, ұлтшылдыққа тәрбиелеуде таптырмас құралы болар еді.
Балалар-жасөспірімдер туризмі деген бар. Бұл ұлтты рухани сауықтырудың, материалдық-мәдени құндылықтарды жас ұрпаққа берудің, табиғатта өзін-өзі ұстау мәдениетін дамыту, туған өлкені тәжірибеде танып-білу жолымен тәрбиелеудің бірегей моделі болып табылады. Бұл кәсіп балалар мен 18 жасқа толмаған жастарды қамтиды. Статистикаға сәйкес, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша біздегі осы санаттағы жастардың саны 3 050 770 баланы құраған, оның 2,6 проценті ғана туристік-өлкетану бағытымен қамтылған. Еуропада бұл көрсеткіш 20 процент, Ресейде 14 процент.
Қостанай және Қызылорда облыстарында туристік-өлкетану бағытындағы ұйымдар мүлдем жоқ дейді ҚР Үкіметінің жоғарыда жазған мемлекеттік бағдарламасында. Не үшін? Неге жоқ? Бұлда басы ашық күйінде қалған сұрақтың бірі.
Көлдер де, су айдындарын да балық аулау қызметін ұйымдастырып, кәсіп етушілерді акватуризмді дамытушылар дейді. Бізде көл мен су айдындары да баршылық емес пе?
Ал, аңшылық туризм ше? Мысалы, осы жерде шет елдіктердің осы саладан тауып отырған пайдасы туралы қысқаша мәлімет келтіре кетсек. АҚШ Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша аңшылық туризмнен ел экономикасына түскен табыс 2017 жылы 156 млрд АҚШ долларын құраған. АҚШ-тың аңшылық шаруашылықтары 700 мыңнан астам жұмыс орынын ашып, жылына 16 млрд АҚШ долларынан астам жалақыны қамтамасыз еткен. Бұл кәсіп өткен ғасырдың 60 жылдарында-ақ Еуропада күрт танымал бола бастаған. Қазіргі уақытта аңшылық туризм Испанияда, Мажарстанда, Францияда, Германияда жақсы жолға қойылған.
Африкадағы сафари тұтынушыларға кеңінен танымал аңшылық – туристік өнім. Осы мақсатта ОАР-ға жылына 8000-нан астам турист барады екен. Осыдан бірнеше уақыт бұрын әлеуметтік желіде «керік атып, кекірейіп жүр» деп бірқатар қазақстандықтар туралы видео түсіріліп, оны көпшіліктің көргені бар. Керік атып жүрген қазақтар сол жирафтың етіне жерік болды ғой дейсіз бе? Әрине, қызық үшін. Бізде болмаған дүниені өзге жақтан іздеп жүргені үшін олар жазықты ма?
Бізде тау да, тоғай да, су да, көл де бар. Тарихи, мәдени орындар да бар. Тек соның оңтайын тауып, табыс құрай білсек, туризмді дамыта білсек болғаны. Ол үшін бәлкім, жеке кәсіпкерлерге арнайы ұсыныстармен шығу керек шығармыз. Жол, жоба-жоспар беруіміз кемшін шығар. Бәйгеқұмдағы бір ғана Ханқожа көліне Жаңақорған мен Қызылордадан жаз шығып, күн ысыса адамдар ағылады. Бұлда туризмнің бір бағыты. Ал, осы Ханқожа көлі секілді бірнеше көл бар ғой басқа ауылдық округтерде де. Мәселен, Ы.Жақаев ауылы мен Бәйтерек, Ақмая ауылдық округтерінде ірі көлдер бар. Инфрақұрылым жақын. Ақмаядағы көлдің құрамында тұз мол. Адам терісіне шыққан бөртпе, жараны жұлып алады. Тек насихаты кем. Сосын біздегі осындай елді-мекендердің етегінде жатқан, инфрақұрылымы бар, акватуризмге ыңғайлы көлдерді балық үшін жекеге алып алады да басқасына бас қатырмайды. Бұлда назар аударатын мәселе. Еңбекшіден әрі жатқан Қаратаудың ішіндегі ғажайып жерлерді де орынмен пайдалануға болады. Мәселен, сол таудың ішіндегі Қоскөлдің айналасын қыс мезгілінде шаңғы спортына бейімдеп, дамытуға болады. Әрине, айтқанға оңай, жазғанға жеңіл шығар. Бірақ, осындай мәселелерді көтеріп, ұсына берсек қызығушылық танытатын инвесторлар, кәсіпкерлер табылып қалуы да ғажап емес.
Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған. Біздегі алғашқы туристік ұйымдар 20 ғасырдың 20-30 жылдары пайда болған екен. 1929 жылы Алматы қаласында тұңғыш туристік жорық ұйымдастырылған. Интернеттен іздей отырып білгеніміздей оған Г.И.Белоглазов пен Ф.Л. Савин басқарған 17 мектеп мұғалімдері қатысыпты. Жорық Алматы төңірегінен басталып 62 шақырым төңіректі қамти отырып, Есік көлінде аяқталды. 1930 жылы Алматы өлкетану мұражайы жанынан туризм және экскурция қоғамының өлкелік бөлімшесі жұмыс істей бастады. (Бұрындары мектеп оқушыларын экскурцияға шығарып отыратын. Мектептерде өлкетану сабағын өткізудің маңызы зор. Себебі кейінгі жастар өз өлкесін білмейді.) 1931 жылы қаңтар айында Алматыда алғаш шаңғышылар жорығы ұйымдастырылған. Әуесқой туристердің бастауымен Алатау қойнауының Күйгенсай шатқалында туристер үшін шағын үй салынған. 1936 жылы бұл жерде 50 кісілік «Горельник» туристік базаның шаңырағы көтерілген. 1943 жылы Көкжайлау шатқалында алғаш қазақстандық туристер слеті өтіп, оған 200-дей турист қатысқан. 1943 жылы «Горельник» турбазасында Кеңес армиясының тау атқыштарын даярлайтын Бүкілодақтың нұсқаушылар мектебі орналасқан. 1950-60 жылдары Алматы жоғарғы оқу орындарында тау туризімі, альпинизм, спорттық туризм дами бастады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда туризмнің барлық түрлері яғни, танымдық, ойын-сауық, этника, экология, денсаулық сауықтыру, балалар, спорттық, аң аулау, атпен серуендеу т.б бойынша жүзеге асады. Қазақстанда 1000-ға жуық саяхаттық маршруттар белгіленген екен. Көріп отырғандарыңыздай Алматының өзінде алғаш 17 адамдық мектеп мұғалімдері арқылы жасақталған экспедиция Алатау бөктерін мұқым Кеңестер елінен асырып дүниежүзіне әйгілі еткен. Бізге де осындай экспедициялар ұйымдастыру керек секілді. Ол үшін мәдениет, білім, кәсіпкерлік бөлімдері бас қосып, арнайы жоспар жасағаны жөн.
Туризм саласы бойынша бізде қандай қадамдар, жұмыстар жасалғандығын білмек мақсатында аудан әкімдігінің ресми сайтындағы туризм саласы бойынша жарияланған ақпараттарды сүзіп шықтық.
Онда «Туризм саласы бойынша Шиелі ауданында орналасқан тарихи мұра «Оқшы ата» кесенесі, «Бала Сауысқандық» шатқалындағы тасқа қашалған көне суреттер, «Нартай Бекежанов» мемориалды музейі, «Ыбырай Жақаев» мемориалды музейлерін аудан қонақтары келіп тамашалауда. Сонымен қатар, Бәйгеқұм ауылдық округінде орналасқан «Ханқожа» көлінің жағалауында жазғы маусымда көл жағасынан демалыс орындарын ашып, ақылы қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер тіркеліп жұмыс жасауда» дегеннен басқа тұшымды мәлімет көре алмадық. Әкім сайтындағы осындай 5-6 жолдан басқа іліп аларлық ақпараттың болмауы біздегі туризмнің тоқырап тұрғандығын білдірсе керек. Әрине, бұл пікіріміз арқылы біз тоқыраған туризмге аудан әкімі Қ.Мүбараков кінәлі деуден аулақпыз. Тіптен, санамызда ондай ойдың да ұшқыны жоқ. Туризмді дамыту бір-екі жылда біте салатын жұмыс емес. Бұған бірнеше жылдық қажырлы еңбек, жоба, жоспарлар керек. Бүгінде әлем жұрты «кадры жақсының қадірі жақсы» дейтін заманда өмір сүріп жатыр. Біз бұл пікіріміз арқылы сала мамандары салғырт деп те отырған жоқпыз. Жасалып жатқан жұмыс бар болса сайтқа жарқыратып неге көрсетпеске? Егер ірі жоба, жоспарлары болса БАҚ, газет бетінде неге жарнамалап жазбасқа? «Шиелі аудандық кәсiпкерлiк, өнеркәсiп және туризм бөлiмi» коммуналдық мемлекеттiк мекемесi ережесiнің 2 тарауының тиісті тармақтарына сәйкес мемлекеттiк органның миссиясы, негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi төмендегіше өрбиді:
1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында туристiк қызмет саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру және үйлестiрудi жүзеге асыру;
2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында туризмдi дамыту туралы ақпарат жинақтап, талдап және оны Қызылорда облысының кәсiпкерлiк және туризм басқармасына ұсыну;
3) аудандық туристiк ресурстарды қорғау жөнiндегi шараларды әзiрлеу және енгiзу;
4) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында туристiк индустрия объектiлерiн жоспарлау және салу жөнiндегi қызметтi үйлестiру;
5) балалар мен жастар лагерьлерiнiң, туристер бiрлестiктерiнiң қызметiне және өз бетiнше туризмдi дамытуға жәрдем көрсету;
6) туристiк ақпаратты, оның iшiнде туристiк әлеует, туризм объектiлерi және туристiк қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпарат беру;
7) аудандағы туристiк маршруттар мен соқпақтардың тiзiмiн жүргiзу.
Осы орайда, бөлім ережесінің көрсетілген тармақшаларына және ҚР Үкіметінің №360 қаулысы бойынша қабылданған туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы бойынша жоспарланған жұмыстардың бағыты бойынша аудандық кәсiпкерлiк, өнеркәсiп және туризм бөлiмi «ҚР БАҚ туралы» Заңының 18 және 19 бабтарына сәйкес редакцияға жазбаша жауап берсе деген ұсынысымыз бар.
Нұрболат ПІРІМБЕТ