Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке туралы эссе. Әкем мен Жәкем

Әке туралы эссе. Әкем мен Жәкем

Әкем, ол-менің әкем! Жәкем- оның жар дегенде жалғыз інісі. Мен ес білгелі Жәкем біздің үйде жүретін. Өзінің үйі, бала-шағасы бар. Бірақ, таңғы, түскі, кешкі асын біздің үйден ішетін. Сқабылдың жеті шуылдағының ортасында тамақтың ең дәмдісін асап қойып, әңгіме айтып отырады. Әкем де жылы-жұмсақты алдымен соның алдына қарай икемдейді. Кейде үйге қонақ келеді. Мұндайда Жәкем тіпті маңғаз. Әкем оны қонақпен қатар отырғызады. Қойдың басы, жамбас сүйегі дегендерді Жәкем қонақтан кейін ауыз тиіп, шетке ысырып қояды. Оны кешке үйіне алып кететінін білеміз. Алғысы келмесе де әкем орап береді. Өйткені, ол жалғыз інісі ғой. Әкелері соғыстан оралмаған сонау қиын заманнан бері екеуі осылай жетектесіп бірге келеді. Жәкем-әкемнің сегізінші баласы секілді. Оған біздің анамыз да, біз де үйренгенбіз, көнгенбіз. Жәкем ешқашан жаңа киім сатып алмайды. Ағасы «завсклад» болса, оның әр жаңа киімі бірер айдан соң өзінікі боларын білсе қайдан сатып алсын! Рахат! Бірде әкеме сұрақты төтесінен қойдым.
-Әке, Жәкемді неге еркелете бересің? Жасы қырыққа келсе де сіздің балаңыз сияқты,-дедім іштегі қызғаныш әлде өкпені жасыра алмай…
-Балам! Мұның дұрыс емес!- деді әкем күрсініп, -Әкемізді соғыс жұтқанда мен он үште, ол екі жаста ғана болатын. Сол әкенің алдында берген сертім бар еді…Інімді ешқашан тастамаймын деген…Содан бері әлі жетектеп келемін, ғұмырым жеткенше жетектей беремін.
Екеуміз де үнсіз қаламыз. Шіркін, деймін іштей, мынадай ағасы бар Жәкем қандай бақытты! Жәкем-керемет домбырашы!
Облыстық «Жетісу» газетіне ол туралы шыққан мақалада сексен күй білетіні, тартатыны жазылған. Ол домбыра шерткенде дүниенің барын ұмытып, басқа әлемге еніп кеткеніңді білмей де қаласың. Өзінің айтуынша домбыраны алғаш әкем үйреткен. Енді маған ол үйретпек. Күнде сабақтан келе сала нота жаттаймын. Жәкем қабырғаға оның суретін салып, іліп қойған. «Слух» жоқ адам ештеңеге көнбейді екен ғой! Бес жасымда газет, журнал оқыған басым музыкаға жоқ болып шықты. Ұрысты, қорқытты.Болмады! Домбыраның өзімен үйретіп көрді. Домбыра бір жаққа, мен бір жаққа қуып кеттік…
Бір күні әкем үйге қуанып келді.
-Менің інім жарады!-деді көзі жалт,жұрт етіп, -Облыста тұңғыш халық аспаптары оркестрін құрды. Енді Ленинградқа барып концерт қойып, қазақтың домбырасының құдыретін көрсетпек… Өзі концерт қоятындай қуанып жүр.
Кешкі асқа әдеттегідей Жәкем келді. Рас екен! Алдымен Алматыда, сосын Ресейде концерт қоймақ. Үйге әкем шақырған соң көрші-қолаң, туыстар жиналды. Жәкем күй тартты. Бірінен соң бірін. Беріліп тыңдап отырмыз. Әкеме қарағанмын. Ол да сүйсіне Жәкеме қарап қалыпты. Көзінде жас… Жәкем күй тартады. «Балбырауынмен» бастап, «Қайран шешеммен» аяқтайды. Беріліп тыңдаймыз. Күйдің құдыреті-ай! Бала болсақ та көп нәрсені түйсінеміз. Көз алдымыздан ұшы қиырсыз сары дала, жапанда тұрған жалғыз үй, жылаған бала, жұбатқан ана өтіп жатады. Бірде күй аяқталған соң Жәкем Құрманғазының «Қайран шешем» күйінің шығу тарихын айтып берді.
Түрмеге айдалып бара жатқан күйші анасымен қоштасарда көз жасына ерік берсе керек. Ұлының бұлай босаңсығанына ашуланған ана «Ез болма! Еркек бол! Мен ұл туғанмын!» деп шапалақпен тартып жіберіпті. Ұлы күйші анасынан кешірім сұрап, осы күйді түрмеде шығарған екен.Үйдегі жетеу Жәкемнің әңгімесін ертегідей ұйып тыңдаймыз. Кейін ойлап қарасам, мынау өмірде дені дұрыс азамат болып қалыптасуымызға Жәкемнің щерткен күйлерінің әсері де аз болмаған сияқты…
Жәкем әдеттегіше үйге жиі келіп, тамақтанып кетіп жүрді. Үй дегенде енді құрқылтайдың ұясындай ғана бірдеңе. Өзіміздің үлкен үй Қаратоғанда, ауылда қалған. Қазір аудан орталығындамыз. Мына үй қатты тарлық ететін. Бір күні Жәкем «үй саламын» деді. Өзіне емес, ағасына! Әкем біреудің құлайын деп тұрған үйін жерімен қосып сатып алды да Жәкеме берді. Жәкем іске кірісті.Домбыра сыйпаған нәзік саусақтар енді балға, балта ұстады. Үйді үш жыл салды. Жалғыз өзі! Анда-санда ауылдықтар асарлатып көмектесіп қоятын. Қалған уақытта Жәкем бір өзі ғана қарағайдан қиып, өрнектеп әсем үй салып бітірді. Бітірді де ағасына берді. Улап-шулап көшіп алдық.
-Жәке!-дедім бірде,-Үйді сіз салдыңыз ғой! Неге өзіңіз тұрмадыңыз? Жәкем басымнан сыйпап, ауыр күрсінді. -Аға тұрсын бұл үйде! Оның бала-шағасы сендер тұрыңдар!-деді сәлден соң,-Білесің бе, соғыс жылдары ағам үйде қалған мені аштан өлмесін деп қалтасына бір уыс бидай тығып әкелетін. Сол үшін ақсақ бригадир талай рет қамшының астына да алған.Шешемнің емшегінен сүт шықпай қалған кезде таудағы қойшының үйінен ешкінің сүтін тасыпты. Жаяу, ондаған шақырым…Шешеміз қасқыр жеп кете ме деп шыбын жанын шүберекке түйіп отырады екен…Ал, сен үй дейсің? Аға болмаса бұл күнге жетер ме едік?..
Аз да болса ақыл бар ғой. Бұл әңгімеге қайта оралмадым.Жәкем сол жылы аяқ астынан қала жаққа көшетін болды. Жеңгемнің қылқылдап жүргенін білетінбіз. Көндірген сияқты. Әкемнің қабағы ашылмайтын болды. Жәкем де үйге келуді сиретті. Бала көңілімнен бір сауалдың кетпей қойғаны-ай. Жәкем әкемсіз қалай өмір сүрер екен?Жоқ, әкем Жәкемсіз қалай жүрмек? Жәкем ақыры қалаға жақын ауылдардың біріне көшіп кетті. Біздің ауылдан алыстау. Үш жүз шақырым. Әкем Жәкеме ештеңе демеді. Өзі де біртоға адам еді. Енді тіпті тұйықталып кетті. Сыртқа ештеңе шығармайды. Не болса да ішінде.
Өз басым әкем мен Жәкемнің бір-біріне дауыс көтергенін көрген емеспін. Ең бір қатты айтатын сөздері «жарықтық» еді. Онда да сыртынан. «Ана жарықтықтан мұны күткен жоқпын» , «жарықтық-ай, неге ойланбады екен» тәріздес өкпе-назы аралас сөздер ғана айтылатын. Жәкем көшкелі үй ішін бір көңілсіздік жайлады. Ортаға қойылған асты Жәкеңсіз ішкен де біртүрлі. «Әй, нан қосып же, әйтпесе тоймай қаласың!» деп тамақтың еті молдау тұсын өзіне қарай тартып, картөшкесін саған ысырып қоятын әдетін де сағынатын болдық. «Жарықтық тамақсау еді. Қарны тоймай жүрген шығар…» деп қояды әкем де анда-санда. Әкем осыны айтқанда еріксіз мырс еткенмін.
Есіме түсіп кеткені. Жаздыкүні болатын. Үйге қонақ шақырып, Жәкем солармен болып, қонақ кеткен соң солардан қалған етке пакетін толтырып үйіне кеткен. Шала мүжілген бас, еті бүтін сүйектер Жәкемнің үйіне бірге аттанған. Тұратын жері онша алыс емес еді. Сәлден соң Жәкем жақтан шу шықты. Жүгіріп барсақ, Жәкем көршісінің итін қуалап жүр.Қолында таяқ. Иттің аузында пакет! Жәкем әлгісін есіктің алдына қоя салып, асығыс дәретханаға кеткен кезде қағып түскен ғой, сұмырай ит! Қораны айнала қашқан ит шынымен де «ит» екен! Аузындағысын тастамайды. Жәкем де қайтпайды. Бір кезде ит қоршаудың тесігінен сыртқа зып берді. Жәкемнің қайран еті кетті. Жиналағандар дуылдап күліп жатыр. Көршісі де сыртқа шығып күліп тұр екен. Жәкеммен құрдас еді.
-Неменеңе ұры ит секілді жылмиып тұрсың?-деді ашулы Жәкем ентігіп,- Итің де өзіңнен аумайды. Әй, бір қолыма түсер. Көрсетемін оған… Әй, Жәкем-ай! «Таз ашуынан тырнадан аладының» керін келтірді. Көрші ештеме демеді. Күлген күйі үйіне кіріп кетті. Әкем Жәкемнің осы тамақсаулығын меңзеген-ді. Қала жақтан келгендер Жәкемнің жағдайы жаман емес дейді. Үйінің айналасы алма бақ, жүзім деседі. Өзі де бізге сәлем айтыпты. Жақында келіп-кететін көрінеді. Ағасының балаларын жазғы каникулда үйіне әкетпек. Жеміс-жидек жеп жетісіп қалсын дегені ғой. Әкем сонда да Жәкемді уайымдап отыр. «Шөп-шалам тамақ дейсің бе? Етті сағынып жүрген шығар…» деп қояды. Сөмкемді арқалап таңертең есік алдына шықсам әкем поштаның мәшинесін айдайтын Тұрдақын ағамен сөйлесіп тұр екен. Сөздерін анық естідім.
-Бір қойды сойдырып қойдым. Ішек-қарнына дейін тазалатып, қапқа салдырдым. Қалаға күнде қатынап жүрсің ғой! Жол-жөнекей ана жарықтыққа тастай кет! –деді.
Тұрдақын ағам басын шұлғып жатты. Мектепке жөнелдім. Әкем де Жәкемді сағынып жүр-ау!.. Көп кешікпей мектепті бітіріп, Алматыға оқуға кеттім. Жолым болды. Анау-мынау емес, КазГУ-дің журфагының студенті атандық. Алып-ұшып ауылға телефон шалғанмын.
-Жәкеңе бар!-деді әкем,-Қуанып қалсын. Алыс емес қой, ауылы Алматыға тиіп тұр… Мен Жәкемнің үйіне жеткенде күн батқан, ымырт кезі еді. Үйінде балалары ғана бар екен. Жәкем мен жеңгем тойға кетіпті. Ауылдың тойы белгілі ғой, түн ауа келетіндері анық. Тамағымды ішіп, балаларымен біраз әңгіме айтып, жатып қалдым. Түнде түрлі дауыстардан оянып кеттім. Жәкемдер келген екен.
-Арман ағам келді!-деді үлкен қызы Шолпан ақырын сыбырлап,-Оқуға түсіпті. Журналист болады. -Қой,ей!-деді Жәкем дауысын көтеріп,-Өзі қайда? -Ұйықтап жатыр. -Шақыр бәрін!-деді Жәкем жеңгеме гүжілдеп,- Ана Төлегендерді шақыр! Бүкіл ауылды шақыр! Той жасаймын! Той! Тойдан қайтқан адамның сау қайтпайтыны да белгілі ғой. Жәкем аздап ұрттап алған секілді. Ұйықтаған болып жатырмын.
-Қой енді!-деді жеңгем,-Ертең де күн бар ғой! Жұрт ұйықтап жатыр! Шулатпа!
-Сен не деп тұрсың?-деді Жәкем дауысын одан әрі көтеріп,-Менің ағамның ұлы оқуға түсті! Журналист болады! Қанша жыл күттік бұл күнді! О, жаратқан мұныңа да тәуба! Ағам қуанып жатыр-ау! Болды! Мен қораға кеттім. Мал соямын! Шақыр жұртты!
-Ойбай, мына жынды жалғыз сиырды соймақ па? Қоя қойшы енді, ертең шақырамыз жұртты… Жеңгемнің дауысы жыламсырап шықты. Бұдан әрі шыдай алмадым. Орнымнан тұрып, ауыз үйде пышақ, қайрақтарын іздеп жүрген Жәкемді ту сыртынан құшақтай алдым. Жәкем жалт бұрылып мені құшағына ала берді. Көзінде жас… Ертесі сиыр сойылмаса да қонақ бәрібір шақырылды. Жәкем менің құрметіме қой сойып, ауыл адамдарын қонақ қылды. Кеш бойы күй тартты. Ағасы екеуінің ауыр балалық шақтары жайлы естелік айтты.
-Үйдің үлкені ағам болды!-деді Жәкем жиналғандарға,-Кенжесі-мен! Арамызда екі әкпем бар. Ағам сол үшеумізді «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» осы күнге жеткізді. Әке орнына әке болды. Әлі күнге солай! Мына балалардың аузынан жырып қарындастарына бірді-екілі малын апарып тастайды. Ал, мен… Осы жерде Жәкем сөзін үзіп маған қарады. Үні дірілдей бастады.
-Ал мен…тірі болсам ағамның жақсылығын мына балаларына қайтарамын. Түгел қайтара алмаймын! Оны білемін. Ол мүмкін де емес! Бәрібір қолымнан келгенше…Шамам жеткенше…
Студенттік өмірдің қызығы енді басталып жатқан шақ еді. Ақша деген құрғыр бірде бар, бірде жоқ. Бірде тоқ, бірде аш. Көбіне ашқұрсақ болып жүресің. Бір бөлмеде тұратындар- Табылды, Болатбек үшеуміз сабақтан жатаханаға қайтып барамыз. Жол-жөнекей асхана бар. Оның тұсынан үнсіз өттік. Білемін, ешкімде ақша жоқ. Оның біткеніне де бірнеше күн болған. Кеше түнде балконда тұрған Аралдың кепкен балығын мүжіп, соңынан шелектеп су ішіп, асқазанды алдап әзер ұйықтағанбыз. Бүгін қайтер екенбіз?Менің ойымды оқып қойғандай Табыл мен Болатбек жарыса сөйледі.
-Сәл шыдайық, жігіттер! Келесі аптада Атырау жақтан да ақша келіп қалар,-деді Тәкең бізді жұбатып.
-Мен де үйге хат жазып жібергенмін,-деп Бөкең де бір жақсы әңгіменің шетін шығарды. Мен үндемедім. Біздің ауыл жақын ғой! Барып, қайтқан жөн шығар?
Қиналып кеттік. Жатаханаға жете бере өз көзіме өзім сенбей тұрып қалғаным. Жәкем, әкемнің інісі Жәкем отыр есік алдында. Жанында аузы-мұрнынан шыға азық толтырылған ауыр сөмке. Маған қарай құшағын жайып, жымиып келе жатыр. -Жұмыстан қол тимей…келе алмай жүр едім. Сенің қалай оқып жатқаныңды көрейін деп…Оның үстіне кеше қолға айлық тиіп, кішкене ақша тастасам ба деп… Саған келе алмай, ағадан да ұят болып жүр еді. Қайран,Жәкем-ай! Мынау сұрғылт дүние бір-ақ сәтте гүлденіп, жарқ ете қалғандай болды-ау! Жәкемді құшақтап жатаханаға кіріп барамыз. Табыл мен Болатбек жымың-жымың етеді. Қолдарында ауыр сөмке.
Ауылдамын. Кеше келгенмін. Әкем су жаңа құдаларына есік-төр көрсетпек. Алыс-жақын жерлерден туыстарды да шақырыпты. Бала-шағасын алып Жәкем де келіп жетті. Төрт көзіміз түгел болған секілді.
-Ешкім ұмыт қалған жоқ па?-деді әкем шешеме, -Айтпақшы, ана Асан мен Үсенге де айт! Келсін! Мұндай қуанышта Жанай атамның балалары болмағанда кім болады?
-Келмейді олар! Бірі отырған жерге екіншісінің бармайтынын білмейсің бе?-деді шешем, -Құдалар кеткен соң екеуін бөлек-бөлек шақырмасаң… Әкем ойланып қалды. Ағайынды екеудің араласпай кеткеніне пәленбай жыл болып қалғанын мен де білемін. Араларында не болғанын әркім әрқалай айтады. Олар да бір атадан екеуі ғана еді. Жастары Жәкем қатарлы. Әке-шешеден ерте жетім қалған Асан мен Үсеннің бір-біріне пана болып ержеткенін әкем айтып отыратын. Алдымен Асан, сосын Үсен үйленген. Бөлек шаңырақ көтерген соң-ақ екі бауырдың арасы суый бастайды. Біреулер Асанның әйелі нашар десті. Біреулер Үсеннің үйіндегі жеңгеміз кінәлі дейтін. Әйтеуір, аздаған кикілжіңнен басталған өкпе үлкен араздыққа ұласып, ағайынды екеу бір ауылда тұрып бір-бірімен амандаспайтын жағдайға жетті. Бұл жағдай әкемнің де жанына батып жүретінін білетінмін. Қазір не дер екен?
-Екеуіне бөлек-бөлек хабарлас, -деді әкем шешеме, -Асанға Үсен болмайды де, Үсенге де солай айт! Келсін екеуі де! Қалғанын көре жатармыз… Шешем басын изеді. Жәкеме қарағанмын. Ағасына қарап қалыпты. Онша қоштай қоймағаны түрінен байқалып тұр. Дастархан басында ағайындылар ұрыс шығарып жатса құдалардан ұят болады-ау деген ой мені де қорқытып тұр еді. …Кешке қарай көптен күткен құдаларымыз да келіп жетті. Ырым жасап, шашу шашып күтіп алдық. Қонақтарды төрге шығарып, Жәкем өзі асабалық етіп, отырыс қызып жүре берді. Бір кезде әйелімен Асан келді. Құрақ ұшып құдалардың қасына отырғыздық. Бір-екі құдаға сөз беріп, соңынан Жәкем күй тартып бола бергенде Үсен кірді. Қасында жеңгеміз бар. Төрге қарай отырған бауырын көріп, түсі бұзылып кетті. Бұрылып кетуге айналды. Осы сәтте әкем орнынан тұрып келіп, Үсенді бос орынға қарай жетектей жөнелді. Жеңгеміз де соңдарынан ерді. Әкемнің жасы Асан мен Үсеннен біршама үлкен болатын. Екеуі де кәдімгідей ығып жүретін. Бұл жолы да солай болды. Әкеме қарсы ештеңе айта алмады. Екеуі де үнсіз. Бір кезде сөз кезегі әкемізге тиді. Әкем алдымен құдаларына, туыстарына тәтті тілектерін айтып келіп, сөзін бауыр жайлы аңызбен бітірді.
-Сонау «Ақтабан шұбарынды» болған аласапыран заманда ауылға жау шауыпты, -деді әкем дауысы жарықшақтанып, -Аяқ астынан келген дұшпан ешкімді аямапты. Содан бір батыр баласын мінгестіріп, жау қоршауынан сытылып шыға бергенде жалғыз бауыры «Көке, құтқаршы!» деп шылбырына жабыса кеткен екен. Батыр ойланбастан баласын тастап, бауырын қырғыннан аман алып шыққан екен! Бұл қылығына таң қалып сұрағандарға жауабы біреу болыпты. «Маған әлі бала табылуы мүмкін, ал,бауыр ешқашан табылмайды!» Шыныменде, мынау қамшының сабындай қысқа ғұмырда бізге енді ешкім басқа бауыр бермейді. Бар бауырларымызды бағалайық! Солар аман болсын! Әкемнің сөзінен соң Асан мен Үсенге қарағанмын. Екеуі де жер шұқығандай төмен қарап қалыпты. Осы сәтте құдалардың бірі домбыраны қолына алып, бауыр туралы бір терме бастады. Неткен әуен, неткен сөз!
Кеудеңде жаның барында,
Бауырлық таныт бауырға!
Өзектен теуіп өзгені,
Өзімшілдікпен ауырма!..
Өмірден талай пенде өтер,
Сен де, мен де, ол да өтер..
Бұл жалған қамшы сабындай,
Сыйласа алмасаң сол бекер…
Көңілінен достың шығарсың,
Туыстың ісін сынарсың.
Қадірін білмей жүргенде,
Қабірін қазып жыларсың…
…Құдалар кетіп, өзіміз оңаша шәй ішіп отырмыз.
-Әй, әлгі екеуі бәрібір араласпайтын шығар?-деді Жәкем. -Оны өздері білер. Ағайынды татуластыру-біздің парыз!-деді әкем. Мен үндемедім. Шынымен де адам неге өзімшіл? Құдалар кеткен соң туған-туыс үйлеріне тарады. Жәкемнің отбасы да дайын көлікпен қалаға кетті. Жәкем ғана қайтпады. Үйде , әкемнің қасында қалды. Айтпақшы, Асан мен Үсеннің әңгімесін осы жерден аяқтай салайын. Әкемнің бауыр жайындағы әңгімесі бұл екеуіне онша әсер етпеген сыңайлы. Екеуінің де әйелдері кетерлерінде шешеме біраз әңгіме айтып кетіпті. Әкем қолды бір-ақ сілтеді. Енді екеуін де мұндай жерге шақырмайды. Біз әкенің мінезін жақсы білеміз. Көңілі қатты қалған болды… …
Түн. Жәкем екеумізге бір бөлмеге төсек салыныпты. Ұйқым келмей аунақшып жатырмын.
-Әбөу!-деді бір кезде Жәкем,-Ұйықтап қалған жоқсың ба?
-Жоқ!
-Ағам ауырып жүрген сияқты ғой! Байқадың ба?
-Жоқ, Жәке! Қайдан білдіңіз?
Жаспыз ғой. Көп нәрсеге мән бермейміз. Әкенің алпыстың үшеуіне келгенін, оның да ет пен сүйектен жаратылғанын, бүгін болмаса ертең денсаулығының сыр беруі мүмкін екенін сол кезде ойламаған едік.
-Өткенде екі-үш рет мұрнынан қан кетіпті. Жеңгем айтты!-деді Жәкем үнсіздікті бұзып,-Дәрігерлер қан қысымы кез-келген сәтте қатты көтеріліп кетуі мүмкін депті. Шұғыл қарату керек,Әбөу! Аға жиырма сегізінші жылғы ғой. Соғыс басталғанда он үште болатын. Тылдағы бар ауыртпалықты осы кісілер көтерді. Көздерін тырнап ашып, таң бозынан колхоздың жұмысына жегіліп, аяқтарынан сыз, бастарынан күн өтіп жүріп майданға кеткен әкелерінің орнын жоқтатпады. Ауылда ағаның осындай оншақты құрдасы болған.Солар алпысқа толмай бірінен соң бірі кетіп жатыр. Сұм соғыстың зардабы ғой. Ағаның денсаулығынан қорқамын. Өзі мән бермейді. Мына жинаған малы ешқандай денсаулықты алмастыра алмайды. Бір жақсы санаторийге барсын, Алматының мықты дәрігерлеріне көрінсін! Сені тыңдайды ғой! Айтып көрші!
Жәкемнің дауысы дірілдеп шықты. Мен де тамағыма тас тұрып қалғандай жұтына алмай ұзақ жаттым. Қайран әке! Өзіңнен алғанды білген екенбіз…Ал, бергенді, қайтарғанды ойлаған да жоқ екенбіз… Не деген санасыз едік? Айтамын ертең! Шешеме де айтамын. Барсын, емделсін! Осылай ойлап жатып ұйықтап кетіптім. Біреу жұлқылап оятты.Жәкем екен! -Тұра ғой!-деді бір сағаттан соң Алматыға автобус жүреді. Мен де сенімен бірге шығамын. Жол-жөнекей түсіп қалармын… …Менің әкем, оның ағасының салып берген оны-мұнысын әзер көтеріп Жәкем екеуміз ауладан шығып барамыз. Әкем әдетінше мені маңдайымнан сүйді. Інісіне «Аман жүр!» деп қысқа ғана қайырды. Екеуінің ел көзінше бір-біріне еміренгенін ешқашан көрген емеспін. Қазір ойлаймын, бір-бірін жүрекпен жақсы көрген екен ғой.
Жәкем де «Аға,жақсы! Аман болыңыз!» деп сыртқа беттеді. Бірақ, қақпадан шыға бере тоқтап, ағасына ұзақ қарады. Менің де жүрегімнің атқақтай жөнелгені. Бекер емес! Менің ішкі түйсігім алдамайды. Жәкем ..Жәкемнің жүрегі алдамаған екен. Көп кешікпей әкем ауырмай, сырқамай бұл жалғанды тастап кете барды. Оқуды енді ғана бітіріп, журналистік жолымды жаңа бастап жатқан кезім еді. Түнімен жүріп ауылға жетсем туған-туыстар жиналып қалыпты. Жәкем де осында. Бес ұлы есік алдында тізіліп жылап тұрдық. Жәкем қора жақта өзімен өзі жүрді де қойды. Әкемді өзінің туған жері Қаратоғанға қоятын болдық. Ол аудан орталығынан жиырма шақырымдай жерде еді. Әкем мен Жәкемнің анасы Гүлжәмилә әжемнің қабірі сонда болатын.
Табыт тиелген мәшиненің үстіне балалары мен Жәкем отырдық. Қалған қалың көлік соңымыздан еріп келеді. Жәкем жол-жөнекей үнсіз келді. Тек Қаратоғанның қарасы көрініп, Бозтөбенің тұсынан өте бере боздап қоя берді. Кешеден бері зарлы запыранының барлығы кеудесіне жиналып қалған екен. -Апа! Апатайым! Ұлыңды алып келе жатырмын!-деді тау етегін күңірентіп,
– Ағатайым саған кетіп барады мені тастап…Аға, мен енді жалғыз қалдым ғой! Аға, қош бол! Аға, еркелігім көп болса кешір мені! Ағааа!..
…Жәкем ағасының қазасынан соң қатты тұйықталып кетті. Өзімен өзі. Әкемнің басындағы мазардың кірпішін де өзі қалады. Жылын өткіздік. Бір күні редакцияда жұмыс істеп отырсам Жәкем кіріп келгені. Орнымнан атып тұрып амандасып жатырмын. Әлдекімді жақсылап сыбап тастады.
-Аға жайында естелік жазып, газетке шығарайын десем ешқайсысы баспайды иттердің!-дейді күйініп, – Көлемі үлкен дейді. Аға туралы мен аз жаза алмаймын! Бәрібір басады олар! Шығармай қоймаймын!
Басу айтып, жазғанын сұрап алдым. Үйге әкеліп, үстінен бір қарап шықтым. Көлемі үлкендеу екені рас, бірақ, шын жүректен жазылыпты. Жылап отырып оқыдым. «Аға! Мен сізді күнде түсімде көремін. Сонау Хан Тәңірі жақтан маған ылғи жымиып қарап тұрасыз. Төменде қыбыр-қыбыр тірлікпен жүріп жоғарыда қарап тұрған сіз есіме түссеңіз селк ете қаламын. Жаман қылық жасамауға тырысамын. Не істесемде сізді ойлап жүремін…» деп басталатын естелік екеуінің қиын балалығы, аға тәрбиесі жайлы болып кете барады.
Бір аптадан соң Жәкемнің аға туралы естелігі «Жетісу» газетіне жарық көрді. Бұл күні Жәкемнен бақытты адам болмаған шығар. Бір бума газетті сатып алып кетіп, туыстарға таратып жүргені… …Әңгімемнің басында Жәкемді сексен күй білетін домбырашы деп едім. Әкем қайтыс болған соң Жәкем домбыра тартпайтын болды. Тіпті қолына ұстағанын да көрмейтінбіз. Алғашында ағасының қазасынан соң уақытша болар дегенбіз. Жоқ олай болмады. Талай қуаныш болды. Дүрілдеп тойлар өтті. Жәкемнің домбырасы үнсіз.
-Жәке, күйлеріңізді сағындық. Тым болмаса біреуін орындап беріңізші!-деп қиылғанмын бір қуанышта. Менің сөзімді жерге тастамаушы еді. Бұл жолы бас тартты. -Ренжімеші, Абөу! -деді мені бала күнімдегідей еркелетіп, -Неге екенін домбыраны қолыма ұстап, шерте бастасам болды басым шаншып, қатты ауырады. Себебін дәрігерлер де айта алмады. Тарта алмаймын!
Себебін…мен сезетін сияқтымын. Жәкемнің өзі де біледі. Өмірінің домбырасы-ағасы алғаш қасиетті домбыраны үйретпеп пе еді…Сол қасиетті өзімен бірге ала кеткен жоқ па екен? …Былтыр жазда Жәкем де ағасының артынан келмес сапарға аттанды. Кетерінде жалғыз ұлына өтініш айтыпты. -Балам, менің басыма ауыр тас қойып әуре болмаңдар! Суреттің де қажеті жоқ! Тек қоршауыма домбыраның суретін іліп қойыңдаршы!..
Қайран Жәкем!
Авторы Арман Сқабылұлы
13 маусым 2021 ж. 895 0