Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл – ойнайтын, әзілдейтін нәрсе емес

Бұл – ойнайтын, әзілдейтін нәрсе емес


Көше – тұрғындардың тұрғылықты жерін анықтайтын жол бойы. Қатар-қатар орналасқан үйлер, қаздай тізілген көше атаулары мен нөмірлер. Сырттан келген қонақтар Сізді іздесе, осы көшенің атымен жағалап, үй нөміріңізбен тауып алады. Үй нөмірленбесе, қонағыңыз сандалып, «кімнің үйі қайсы, ым, е, анау, мал дәрігері ше?» деп жүргені. Жолдан шаршап келе жатқан адам іздеген жерін дөп баспағасын ашуға булығады, сергелдеңге түседі. Сондай-ақ, көше мәдениеті осы нөмірлеуден, сосын атын жазып қоюдан басталады. Осындай қарапайым көше ережелері Шиелі кентінде қалай сақталады?
Кент халқы жылдан-жылға өсіп, тұрғындар саны артуда. Жас отаулар көбейіп, дүниеге нәресте ұрпақтар келуде. Жастар ата-анасынан енші алып, бөлек тұрғанды ұнататын, Мөңке би айтып кеткен кер заман болды. Кентте бұрын жүзден аса көше болса, қазір екі жүзді алқымдап қалған болар. Көптеген жаңа көшелер ашылып, жұрт сол көшелерге үй-жай салуда. Осындай көшелердің аты барда, заты жоқ. Заты дегеніміз – үйдің нөмірі. Үй иесі «пәленшеев көшесінде тұрамын» дейді. Бірақ нөмірі жоқ. Анықталмаған. Осы жағдай кент тұрғындарының әлеуметтік күйлеріне де кері әсер етуде. Ол аяқ астынан кредит алмай ма? Оқушы балаларына, балабақшаға баратын немерелеріне тұрғылықты жерін анықтайтын анықтама сұрамай ма? Үйін сататын болса, нотариуске не береді? Айта берсек, бір нөмір қаншама келеңсіздіктер тудырып жатады. Көше бойындағы үйлер нөмірленсе, онда қанша қоныс барын білу де оңайға түспей ме? Мұндай мемлекеттік іске жауапсыздық таныту – заң талаптарының орындалмауы деп қарауға болады. Халық неге қай көшеде, нешінші үйде тұратынын білмей жапа шегулері керек? Бір-ақ мысал айтайын, Әзімхан Исмаил көшесінің ашылғанына он жыл болды. Көше басындағы №1 үйге Азимхан Исмайл деп қате жазылған. Сосын арада ештеңе жоқ, №10 үйде Әзімхан Исмаил деп дұрыс жазылыпты. Онан әрі сол баяғы таз қалпы. Маған нөмірлер түгел ілінді дегендеріне үш ай болды. Бұл сонда не? Облысқа белгілі қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагеріне көрсетілген құрмет пе, әлде мазақ па? Басқа көшелерге жауап бере алмаймын.
Барлығына жауап беретін біреу бар шығар? Біз үшін емес, өлгендер үшін емес, қоғам үшін атқарылатын мемлекеттік жұмыстар тиісті дәрежесінде орындалып жатса, «сен тимесең мен тиме, бадырақ көз» болар еді. Оның үстіне биыл қыркүйек-қазан айларында елімізде халық санағы жүргізілетіні айқын. Оған да аз қалды. Ал, мынандай тасбақа аяңмен қайда барамыз?
Халық санағы Тәуелсіздік алғалы екінші мәрте өткелі жатыр. Бірінші халық санағы 2009 жылы өткені аян. Сол тұстағы бұқаралық ақпарат құралдарынан санақ дұрыс болмады, еліміздегі мемлекет құрушы ұлт – қазақтардың саны кемітіліп көрсетілді. Санаққа бюджеттен бөлінген 1,1 млрд теңгенің 700 млн теңгесін ұрлап, статистика комитетінің сол кездегі басшысы кінәлі деп табылып, ол 2014 жылы жеті жылға сотталғаны жайлы атышулы хабарларды оқып, бас шайқағанбыз. Биылғы жылы санаққа да алдын ала хабарлағандай 8 млрд 211 млн теңге жұмсалады деген болжам айтылуда. Бұл аз ақша емес, орасан зор деуге келеді. Сондықтан ең алдымен бізге халық санағының дұрыс өтіп, қазақтың санын, елдегі этнос өкілдерінің қанша болғанын айқын, нақты, дәл әрі шынайы дерегін көрсеткені абзал.
Жоғарыда айтылғандай, халық санағы – үлкен саясат. Елдегі қазақтың үлесін кемітіп көрсету де сол баяғы кеңес одағынан қалған жалған саясаттың ұшқыны секілді. Статистика комитеті жуыр­­­да «Қазақтың саны 13 млн адамнан асты. Бұл 1989 жылғы КСРО-да болған санақтан кейін ұлтымыздың саны екі есе артқанын көрсетеді» деді. Халқымыздың тұрақты өсімі бізді қуантады. Кең байтақ жеріміз адамға да, малға да толғаны жақсы.
Еліміздің қауіпсіздігі үшін де, халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін де, экономикамызды қарышты дамытып, өркениетті мемлекеттер қатарына жету үшін де адам капиталы өте қажет. Қазақстанда бала санын арттырып, демографиялық өсімді тоқтатпауға тиістіміз. Мысалға, көрші өзбек ағайындар бір жылда 15 мыңға артып, бізде 620 мың адамға жеткен. Ал, өз елінде олардың саны 35 млн-нан аса делінеді. Қазақстандағы орыстардың саны 3 млн 478 деп көрсетілген. Енді пайызға шақсақ, мемлекет құрушы ұлт – қазақтар 69,01 процентке жетсек, орыс этносы – 18,42, өзбектер – 3,29, ұйғырлар – 1,48, украиндар – 1,36, татарлар – 1,06 процентті құрапты. Алдағы санақ әділ өтсе, дәл көрсетілсе, сараптаушылардың қазақтың саны 72-75 процентке жетті деген болжамы «Айтқаныңыз айдай келді» деп алдымыздан шықса, неге қуанбасқа?
Ертеңгі халық санағының салмағы зор. Қазақ елінің болашағы да адам санына байланысты. Аз халықтар айдаһар мемлекеттерге жұтылып, жерінен де, елінен де, тілінен де, дінімен ділінен де айрылып қалып жатқан жоқ па? Оның беті аулақ. Етек-жеңімізді жиып отырсақ, саясатымыз сарабдал болса, құрдымға кетуге құқымыз жоқ. Кезекті халық санағын ұйымшылдықпен, ауызбіршілікпен, белсенділікпен өткізе алсақ, ұлтымыздың мәртебесі артып, көсегесі көгерері сөзсіз. Ол үшін ауыл, кент әкімдері халық санағына саналы түрде мән беріп, көше кемшіліктерін жөндеп, халық санағы әзілдейтін, ойнайтын нәрсе емес екенін білгендері дұрыс. Ендеше, «Өзін тәрбиелей білмеген, өзгеге өнеге көрсете алмайды» деген Абай атамыздан асып не айта аламыз?!

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі


12 маусым 2021 ж. 467 0