Вакцина алу қауіпті сейілтеді
Сәрсенбі күні эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Манзура Сүйіндікова мен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әмір брифинг өткізді.
Брифинг барысында қазіргі ауданның эпид ахуал көрсеткіші тұрақты екені айтылды. Аудан халқы вакцинаның қаншалықты тиімді және отбасылық, ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың соншалықты маңызды екенін түсінгені және вокцина егу жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатқаны жайлы ақпар берді.
– Вакцина салдыру көрсеткіші бойынша біздің аудан болжамдалған межені орындап отыр. Наурыз айынан бері ауданда, ауылдық округтерде вакцина салушы топтар жұмыс жасап жатыр. Вакцина салдырушы тұрғындарды арнайы топ алдымен тексереді, кейін вакцина салады. Одан кейін қайтадан тексеріп, жарты сағат уақыт бақылауға алады. Сондай-ақ, 3 күн ішінде суық суға шомылмау, суық су ішпеу міндеттеледі. Әрине, бірінші кезекте бұл сіздің денсаулығыңызға байланысты болғандықтан айтылған сөзді ескеру керек. Олай болмаған жағдайда сізде қысым, температура көтерілуі мүмкін. Әзірге ауданда вакцина салдырғаннан кейін кері әсерін берді деген шағым болған жоқ. Вакцина алу – өзіңіздің өміріңіз бен денсаулығыңыз үшін маңызды екенін ұмытпаңыздар. Сонымен бірге, сақтық шараларын сақтап, үнемі бетперде киіп жүру де маңызды, – дейді бас дәрігер Н.Әмір.
– Аудан бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Және вакцина салдырушылардың барлығы да өз еркімен салдырған тұрғындар. Әлеуметтік желідегі түрлі қауесеттерге сенудің қажеті жоқ. Магнит жабысады, чип бар дейді, мұның барлығы өтірік. Санаға қонымсыз іріткі салуышардың әрекеті. Кішкентай инеге ешқандай да чип сыймайды. Ал, магнит вакцина алмаған адамның қолына да жабысады. Себебі адамның денесінде темір элементі бар.
Ауданда вакцина егу топтары жұмыс жасауда. Қазір вакцина егу жұмысы аудандық емхана, Көкшоқы мөлтек ауданы, Болашақ дәрігерлік амбулаториясында және ауылдық округтерде жүріп жатыр. Сондай-ақ, орталық базардағы Әл-Тайыр сауда орталығына да вакцина салушы арнайы топ орналастырылды. Ұжымдық, отбасылық иммунитетті қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалуда, – дейді М.Сүйіндікова.
Ауданға 1 тур бойынша спутник-V вакцинасынан 8210, «Hayat» вакцинасынан 4700 дана келсе, 2-інші тур бойынша «спутник-V» вакцинасынан 4210, «Hayat» вакцинасынан 2700 дана келді. Қазіргі таңда, аудан тұрғындары 4220 «спутник-V» және 3879 «Hayat» вакцинасын алып отыр. Яғни, барлығы 8099 аудан тұрғынына вакцина егілді. Негізі 7399 тұрғын вакцина салдырады деп болжамдалған.
Айта кетейік, күніне екпе алушылардың қатары көбеюіне байланысты цифр көрсеткіші жиі өзгерісте.
Ақбота Баянбай