Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғат – адамзатқа аманат

Табиғат – адамзатқа аманат


Қазақ халқының дүниетанымы оны қоршаған ортаға, кең далалық кеңістікке, географиялық жағдайға, баққан малға, шаруашылығына байланысты қалыптасты. Анаңның «ботам», «құлыным», «қошақаным» деген төрт түлік төлдерінің атау­ларымен, сүйіспеншілікпен, нәзіктікпен еміренуі жоғарыда айтылған жағдайлардың бірден-бір дәлелі болса керек. Біз, болашақтың иелері, даланы еркіндікке, тауды асқақ арманға, жерді анаға, самалды ананың аялы алақанына балаған бабаларымыздың туған жерінің табиғаты мен табиғи байлықтарын көшіп-қонып жүріп-ақ сақтағанын, өз жерін, суын, малын, қадірлеп келгенін құрметпен түсіндіруіміз керек.
Дала – қазақ халқының алтын бесігі. Көгінде қалықтаған қыраны, күн шуағы аймалаған, желмен жарысқан жүйріктері мен жұлдызды түнгі аспаны, көкжиекпен астасқан жазира дала келбеті мен философиясын бойына сіңірген, перзенттерінің асқақ қиялын қанаттандырған киіз үйі – бәрі-бәрі елдігіміздің Елтаңбасында көрініс тапқан. Дала – тауларын биіктете отырып, өзінің парасатты келбетін жоғалтпаған, қай кезде де ерекше сәнімен танылған. Ол – жасыл кілемін әдемі нақышымен өрген шебер, қамыс, селеу, шилерін үкілеп, көкжиекке көзін төңкерген бойжеткен, шаңқ етіп аспанға қалықтап, айналаның тыныштығын күзеткен қырағы қыран жігіт, самал желімен әлдилеп, жүрегінің тұсынан қаулап өскен астығымен аяулы перзенттерін асыраған ана, көкжиекке көз тігіп, ертеңгі күнге сабырмен қараған, жөңкіліп өткен ғасырлардан әжімінің сызықтарын таққан салмақты да парасатты баба. Дала – ғасырлар энциклопедиясы, онда телегей-теңіз білім бар, таусылмайтын тарих бар. Қазақ халқының асыл мұраларының бірі – табиғатқа деген аса үлкен сүйіспеншілігі болса керек.
5 маусым – қоршаған ортаны қорғау күні. Шиелі аудандық экология басқармасының басшысы болған, бүгінгі таңда бейнеттің зейнетін көріп отырған, ауданның «Құрметті азаматы» Жамалхан Баетов ауданның экологиясын сақтауда сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірі. Ауданда уран өндірісі көп жылдан бері жүріп жатыр. Қоршаған ортаға тигізер ықтимал залалын, әлсіз радиактивті қалдықтар, жерден шыққан, бөлінген қосындылар (500 метр тереңдіктен) пайдаланылған құбырлар мен жер астынан бірге шыққан, сүзгіден қалған қалдықтар, аспаптар залалсыздандырылып, сақталып, тиісті орынға жинақталып болғаннан кейін ол арнайы бөлінген орынға көмілуге тиісті. Аталған жұмыстар ауданнан көп жылдардан бері арнайы контейнерлерге салынып, басқа жердегі орындарға пойызға тиеп алып кететін.
Алайда, Жамалхан ағайдың айтуынша, «2000 жылдары «КАЗАТОМПРОМ» басшылығы сол қалдықтарды аудан аумағында көмуге шешім қабылдаған болатын. Осы мақсатта жер дайындауға кіріскен еді.
Оны «Сасқұмы» деп белгілеп, жобасын әзірлеп экологиялық комитетке алып келді. Дегенмен, мен оған түбегейлі қарсы шықтым. Себебі, ол елді мекендерге жақын. Сондықтан, қол қоймадым. Олар қайтадан екінші жобамен келді. Ол, Қаратаудың Дарбаза аймағы еді. Бұл жобаны да жөн деп санамадым. Себебі, бұл жерде де ауыл бар. Жайылым жер, демалатын жер бар. Ең соңында үшінші рет таудың ар жағында Майшыдан әрі Боздөңнің аумағындағы елсіз-сусыз шөл далаға апарып көмуге жоба жасатып алып келді. Сонда барып, бұл жобаға қол қойып, келісім бердік. Бұл жердің арнайы қоршауы, күзетшісі бар. Барлық талапқа сәйкес. Одан кейінгі жылдары, яғни 2004 жылдары «КАЗВЕРНАЛ» деген қиыршықтас өңдейтін мекеме басшылығы тас зауытын саламыз деп жоба әкелді. Ол Шиелінің ортасы, яғни қазіргі Ы.Жақаев паркінің шеті екен. Теміржол желісі бар. Сол жерді пайдаланбақшы. Айналасында үйлер, Шиелінің шаңқай беті. Қаратау беткейден жел соқса, шаң-тозаңды кент ішіне үйіреді. Біз бұған да қарсы шықтық. Содан олар тау беткейіне алып кетті. Мекеменің жұмыс істегені дұрыс дегенімен, жергілікті халықтың хал-жағдайын, денсаулығын да ойлау керекпіз ғой. Келбетті өлкенің экологиясына жанашырлық таныту әрбір азаматтың парызы деп білемін. Әрине, осының бәрі сол кездегі облыстық экология департаментінің басшысы Қуанышқали Шапшаңовпен келісіп, оның кеңесін алып отырып, бірге жұмыс жасағанымыздың арқасы деп білемін» – дейді өз ісінің маманы. Еңбек адамының адамгершілік қасиеті мен бітімі бөлек болмысы көпке үлгі боларлық. Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы басқармасында жұмыс жасап, колхоз басқарған Ж.Баетов жас ұрпаққа қоршаған ортаны қорғау керектігін түсіндіру қажет дейді.

Гүлнәр Дүйсебай
08 маусым 2021 ж. 2 823 0