Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекеңмен, балақай

Мерекеңмен, балақай


Бүгін 1 маусым барлық шаңыраққа шаттық сыйлайтын – Балаларды қорғау күні. Бұл мереке 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Айта кетейік, алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілген. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.
«Өмірдің бір қызығы – бала деген», «Балалы үй – базар», «Бала – болашағымыз». Бұл әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида кілті. Себебі, адам өмірінің мәні мен сәні де – бала. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. Өмірге бір сәби келсе өз несібесін ала келеді дейді дана халқымыз. Сондықтан жер бетіндегі балалардың күлкісі қымбат қазына. Сол қымбаттылығынан болар, үйге кіргеннен баланың тәтті иісі, күлімдеген көзі, іңгәлаған дауысының өзі неге тұрады? Балбөбегім, балапаным деп ата-ана сәбиін құшаққа алғанда жұмыстан шаршағанды, түрлі келеңсіз мәселелерді ұмытары анық. Ал осындай болашағым, ұрпағым деп санайтын баланың ертеңгі өмірін бірі ойласа, бірі ұмыт қалдырады. Тіпті, қателікпен келген деп қарайтындарды қайтерсің? «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, түрлі мәселелерге ортақ шешім таба алмай жастар екіге бөлініп, айырылысып жатады. Мұндайда, бірінші зардап шегетін бала. Баланы дүниеге әкелмес бұрын алдымен оның басты байлығымыз екенін естен шығармаған жөн. Ал, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Алайда, әр елдің балаларының бала тәрбиелеу ісі бір-біріне ұқсай бермейді. Әр ұлттың тәрбие беруі әрқилы болса да, бала атаулыға ортақ құндылықтар бар. Олар – туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі. Міне, осылар баланың санасын қалыптастыруға және тәрбиеленуіне әсер етеді.

Балалар күнінің тарихы қандай?
Бұл күннің тарихы Түркия елімен байланысты. Алғаш рет 1920 жылы 13 сәуірде Түркияда балалар күні аталып өтіледі. Одан соң, 1925 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен «Балалардың денсаулығы мен бейбіт өмір сүруі» туралы әлемдік конференцияда атаулы күннің негізі қаланды десе де болады. Неге басқа емес, дәл 1 мау­­сым күнінің таңдалғандығы жайында нақты дерек жоқ. Бір теория бойынша 1925 жылы 1 маусым күні Қытайдың АҚШ-тағы бас консулы Сан-Франциско қаласында «Айдаһар-қайық фестивалін» тойлау үшін жетім балаларды жинаған екен. Және де, жоғарыда айтылған Женевада өткен конференция да 1 маусым күні өтіпті. Екінші дерекке сүйенсек, 1949 жылы Парижде әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы болып өтеді. Бұл конгерссте балалар бақыты, әлем тыныштығы жайында сөздер айтылады. Себебі, екінші дүниежүзілік соғыстан соң балалар денсаулығы алдыңғы мәселелердің бірі болатын. Соғыстан соң көптеген балалар қараусыз қалып, олардың көз жасы мен зары әлем жұртшылығы назарын еріксіз өзіне аударған еді. Үшінші дерекке сүйенсек, 1954 жылы 20 қарашада БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында балалар күнін атап өту бастамасы көтеріліп, алғаш рет 1955 жылдың қазан айында Женевадағы «Балалардың әл-ауқаты Халықаралық Бірлігі» ұйымының ықпалымен дүниежүзі бойынша аталып өтіпті. Бұл бастама Бас Ассамблея қолдауымен БҰҰ-ға мүше елдерге ұсыныс ретінде айтылады. Аталған ұсынысты 61 мемлекет қолдайды. Кейін, яғни 1959 жылы 20 қараша күні «Балалар құқы жөніндегі декларация» қабылданады. Мұнан соң, 1989 жылы 20 қарашада «Балалар құқы жөніндегі конвенцияға» қол қойылған. Конвенцияға 191 мемлекет қол қойып келіседі.

Ал Қазақстанда ше?
Ал, біздің ел 2002 жылы тамызда «Балалар құқығы туралы» заң қабылдайды. Бұл заң 9 - тарау, 53 - баптан тұрады. Осы ережелерді бұлжытпай орындау – біздің Отанымыз, еліміз, халқымыз алдындағы парызымыз. Біздің өмірдегі кейбір келеңсіз жағдайлардың көбі осы заң талаптарын, тәртіп талаптарын білмейтінтіндігімізден туындап жатады.

Қызық екен...
Әлемнің көптеген елдері 1 маусымды «Халықаралық балалар күні» деп атап өтетіндігіне қарамастан, кейбір елдерде басқа күндері аталып өтеді екен. «Халықаралық балалар күні» Малайзияда қазан айының соңғы сенбісі күні, Оңтүстік Кореяда және Жапония­­да 5 мамыр күні, Сингапурда 1 қазан күні, Түркияда 23 сәуір күні тойланады. Біраз елде бастапқы кездегідей қазан айының ішінде тойланады. Енді мына қызықты қараңыз, Австралияда «Балалар күні» арнайы тіркеуден өткен сауда маркасы саналса, 20 қараша күні атақты фаст-фуд өнімдерінің атасы McDonald’s-тың рес­торандарында аты әлемге әйгілі өнер адамдары мен танымал спортшылар балалардың құрметіне қызмет көрсетеді екен.

Капернаум
2018 жылы Израильде түсірілген Капернаум фильмін көрдіңіз бе? Егер көрмеген болсаңыз аталған фильмді көруге кеңес береміз. Бұл туынды балалардың өміріндегі зорлық-зомбылықты, кедейшілікті, 12 жасар баланың басындағы түрлі қиындықты әсерлі жеткізген. Білім алмақ түгілі бір жұтым су мен бір тілім нанаға зар болған баланың тағдыры әлемдегі түрлі жағдайда өмір сүріп жатқан балалардың бір көрнісі ғана. Осы филімді көргеннен кейін балаларды қорғау күнін дұрыс және тиімді конвенция деп қос қолдап қолдайсыз.
Басты рөлдегі 12 жасар Зейн қанша ағасы мен қарындасы бар деген сұраққа нақты жауап бере алмайды. Бірақ, ол отбасындағы балалардың аз болғанын қалайды. Себебі, Капернаум қаласында тұратын кедей отбасы күнін әзер көреді. Ал, Зейн жас болғанына қарамастан заңсыз жұмыс істейді, кішісін қадағалайды, үлкендерге көмектеседі, Швецияға эмиграциялану үшін ақша мен құжаттар іздейді. Сондай-ақ, ол әлемге және ата-анасына өшпенділікпен қарайды. Себебі, Бейрут көшелеріндегі балалар барлығы қайыр сұрайды. Олар қант себілген мұз бен чипстерді жесе, қыздар мүмкіндігінше ертерек үйленуге тырысады. Тіпті, мәжбүрлікпен үйлендіреді. Себебі, отбасыға көмектесетін адам керек немесе отбасыдағы бір адамның азайғаны олар үшін қуаныш. Осындай қорлықпен өтіп жатқан өмірі үшін Зейн ата-анасын сотқа береді. Егерде ата-ана баласын қамтамасыз ете алмаса неге өмірге әкеледі деп налиды. Және ең өкініштісі бұл тек Зейннің ғана басынын өтіп жатқан тағдыр емес, әлемдегі кедейшіліктің, зорлық-зомбылықтың, құлдықтың тауқыметін көріп отырған әрбір баланың өміріндегі көрніс еді.
Кей ата-аналар балаларын бөтен адамдардың қоқанлоқысы мен күш көрсетуінен қорғағанымен, өздерінің теріс әрекеттерінен қорғамайды, яғни, өз кемшіліктерін білмейді. Басты қауіп – сол. Балалар ата-анасының мейірімімен өседі. Оларды мейірім мен жұмсақтықтан құр қалдырмау керек. Бала біздің бақытымыз, ұрапағымыз екенін естен шығармайық. Балаға берген білім, тәрбие, қамқорлық пен сүйіспеншілік жарқын болашақтың кепілі.

Ақбота Баянбай
01 маусым 2021 ж. 682 0