Қураған ағаш нені білдіреді?
Шиелі кенті, Сырдария өзенінің оң жағалауына ойпаңдау жерге орналасқан жасыл желекті, табиғаты өзгеше әсем, көрікті жерлері жаныңды жадыратар, алысқа жол тартсаң қайтып келгенше сағынышқа бөлейтін, адам жатырқамайтын көркем мінезді тұрғындары бар, кеудесі күйдей күмбірлеген, пейілдері Сарыарқаның даласындай кең, өзіңе ыстық сезілетін айрықша мекен. Осындай туған жеріміздің табиғаты мен экологиясы, қазіргі таңдағы жай-күйі баршамызды ойландырып, қызықтырып, алаңдатып отырғаны дұрыс.
Кешеге дейін «Сарысудың» даласын, «Сегізсай» мен «Темірдің» тақырын басып қалатын, осы өңірлерді паналап қыстайтын түздің сәні жануар ақбөкендер де бұл маңға аяқтарын баспай қалды. Неге? Қайсыбір жылдары айналамызды жалаңаштап сексеуілі былай тұрсын, жыңғыл, жидеге дейін шауып, отынға отап тастадық. Балтаның дыбысынан шошыды ма, болып жатқан экологияны сезді ме, кім білсін? Шиелі өңіріне жарықтық жануарлар да жоламай қойды. Сондай-ақ, дала төсіне шыға қалсаңыз, сол азын-аулақ бейшара ақбөкендерден қолына мылтығын ұстап алып, шапқылап жүрген аңшы-броконьерлер көп пе деп қаласыз. Жауға шапқан жауынгерлердей барлық адамды далада көресіз. Аңдығандары аң, іздегендері балық, пыр еткен торғай да олардан аман қалмай барады. Тіршілікте адамдар да, аң-жануарлар да, ағаш-өсімдіктер де, жәндіктерге дейін табиғатпен байланысты. Олар да табиғаты қолайлы жерлерде өмір сүргенді ұнатады. Орман, тоғай, қалың жынысты аймақтарды паналап, нулы, сулы өңірлерде өсіп-өнеді. Ертеректе көкке оранған кент байқасаңыздар бұрынғыдай емес. А.Байтұрсынов көшесі Шиелінің орталығына алып келетін үлкен көше. Жүріп көріңіз. Көше жалаңаш. Бір ағаш жоқ. Көше бойына ешкім көшет отырғызбайды. Ы.Жақаев көшесіне бұрылыста ғана, «Сыр сұлуының» маңында бір шоғыр ағаш көгеріп, сол жерге азда болса, көрік беріп тұр. Қазалыда осындай көшелерге лоток орнатып, су ағызып қойған. Жағасына көшеттер отырғызып тастаған. Жауған жаңбыр да сол арыққа құйылып жатыр. Бізде жаңбыр жауса, тротуарда жатады. Көгалдандыруға биыл 90 млн теңге бөлінді деп қуанамыз. Қаражатты тиімді пайдаланып, көшелерге алдымен аяқ су әкелетін жобаларды жасаған дұрыс секілді. Ағаш сумен көгереді. Қымбат көшет сатып алып ексеңіз де су керек. Күтім қажет. Ағашты көгертпесек несіне отырғызамыз? Туған жеріне жанашыр азамат, «Nur Otan» партиясы жанындағы экология жөніндегі Шиелі аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Тілекең әзілдеп болсада «осы 90 млн ақшаны сол көгермей қалған көшеттерге іліп қойса, көшелер жап-жасыл болып тұрар еді» деуінде де шындық бар. Ойландыратын әзіл-сын. Сосын қымбат көшеттерге неменеге әуеспіз? Көгертсек жақсы. Көгермей қалса ше? «Ұшты, ұшты не ұшты?» деген балалар ойынына айналып, «көк қағаздар» аспанға ұшып кетпей ме?
Мен «Өскен өңір» газетінің 2 наурыз күнгі нөміріне «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» деп кентті көгалдандыру жөнінде мақала жаздым. Сондағы ойым, қымбат көшеттерден гөрі өзіміздің тоғай ағаштың тегін көшеттерін неге пайдаланбасқа, оған мысал ретінде Әл-Фараби көшесіне егілген осы ағаштың жайқалып келе жатқандығын айтып едім. Қымбат гүлдер егілді. Қайда кетті? Ешкім білмейді. Әңгіме біреулерді іздестіру емес, кентімізді көгалдандыру, экологияға жол бермеу жағдайында өрбіп отырғандығын айтқым келеді. «Қыт деген тауыққа тиеді» демекші, қит етсе, кемшін тұстарды айта бастасақ басшылардың шамданып қалатыны тағы бар. Шиеліні абаттандыру да, көгалдандыру да, табиғатын, экологиясын сақтап отыру да ортақ мәселе. Оған қоғам болып атсалысуға тиіспіз. Мақтау жағын қатыратын шақ алда. Жөнсіз мақтау – халық арасында біреу айтпақшы жиіркеніш тудырары анық. «Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші, жадырашы, назданшы, еркелеші» деп ән салған қандай рахат. Қарттар аман болса, мақтау қашып құтыла алмайды. Жақсы істер көңілде сайрап тұр. Ал, бүгінгі әңгіме – көкейкесті. Еккен ағаштар неге көгермейді? Оны тендерде жеңіп алған мекеме жауапкершілігіне алған ба? Әлде, тек көшеттерді қымбат бағаға сатып аламыз, оны егіп тастасақ болды деп міндеттелген бе? Ағаштарды суғару, күту, малдан қорғау, пәлен пайыз көгерту – тендерлік міндеттемелерінде көрсетілмеген бе, көрсетілсе, олар қайда жүр? Көктей солған көшеттерге біреу жауап беру керек шығар. Бюджеттің, халықтың салығынан түскен қаражатты оңды-солды жарата бергенді кім қалайды? Қоғамға, халыққа жаратылып жатса, саналы қауым жұмған ауыздарын ашпас та еді. Бұл мәселені «Nur Otan» партиясының қолға алуы – өте орынды.
Комиссияның жұмыс жоспарында аудан бойынша 16 мың 400 ағаш-бұта екпелерін отырғызып, оның шығымдылығын 65 процентке жеткізу көзделген. Оған қалай жетеміз? Егер көгалдандыру тендерін жеңіп алғандар жұмыс істемесе. Сондай-ақ, полигондарды экологиялық талаптарға 100 процент сәйкестендіру, елді мекендерде, кент орталығында сұрыптап 60 қоқыс контейнерлерін орнату, 2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» аясында Ш.Қодаманов елді мекеніне газ кіргізу, осы жылы «Жол картасы» бағдарламасымен бес ауылға газ апару жоспарланған. Осындай игілікті істерге уақтылы қаржы бөлініп отырса, бітпейтін шаруа жоқ. Бәрі қаражатқа тіреледі. Халық қалаулылары халыққа қажетті, мұқтаж тірліктерге қаржы бөлдіріп отырса, зерттеп, зерделеп, дәлелдеп, пікірлерін билікке ашық жеткізсе, «Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» деген болар еді. Ақыл айтудан аулақпыз, журналистік пайымдау деп қабылдаңыздар. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» деп менен бұрынғы қазекемдер айтып кеткен.
«Nur Otan» партиясының мүшесі, оның жанындағы экология жөніндегі комиссияның мүшесі болғандықтан бір-екі көшені аралап көрдім. Қожа Ахмет Яссауи көшесі бойында аспалы көпірдің алдында көшеттер қарықталып жақсы егілді. Не пайда? Суды мамырдың ортасында беріп жатыр. Көшеттер алып кетсе, жақсы болар еді. Алмай қалса, обал-ақ. Осы көше бойына былтыр, алдыңғы жылы отырғызылған ақ теректер қурап тұрғалы қашан. Олар көріксіз көз тартады. Құрғырды шауып тастауға болмай ма? Қураған ағаштарды алып тастау қай мекеменің құзырында, оның тендері кімде? Ата-бабаларымыз ежелден қураған ағашты ырымға жорып, елсіз, адамсыз, түрлі эпидемиялық (об, қызылша т.б.) ауруға ұшырап қалған елді мекендерді тастап кетіп, иесіз ауылдағы ағаштар қурап қалатын болған. Ол жерді жұрт сыртынан ғана бақылап, ол жаққа аяқ баспай шошынып отырған. Сондықтан, аулаларында бір ағаш қураса, шауып тастап орнына жас көшет еккен. Сонда қураған ағаш тозған елді, шарасыз жұртты, бізге бәрібір дейтін тобыр адамдарды білдіреді екен. Сол жердің сиқын қашырып тұрған қураған ағаш сөйтіп жаман ырымдар тізбесіне еніп кеткен екен. Сол секілді Яссауи көшесінің бойында қураған ағаштар самсап тұр. Сонымен қатар, ескі аурухананың дәл алдында үлкен екі ағаш «біз де қартайдық» дегендей, ыпынсыз жағдайда көзге түседі. Кентке, тендерге тиісті кісілер көше-көшені аралап көрсе, басқа жерлерде де кездесуі мүмкін. Бұл бір жағынан санитарлық әрекет болса, екіншіден кент көркін келтірудің, иесіз емес екенімізді білдіретін тиімді әдіс. Аудан әкімдігі тарапынан кентті көгалдандыруға оң тірліктер жасалып жатыр. Енді осы бастаманы шиеліліктер (кенті, ауылы бар) кент әкімдігі, ауыл әкімдері болып қолдап, туған елімізді, жерімізді гүлдентуге көмектесуіміз қажет. Бұрынғы бағбандардың ақыл-кеңестеріне, өзбек ағайындардың ағаш егістеріне құлақ асып отырсақ, көгермейтін көшет жоқ секілді. Жауапкершілік болса, үш ағаштың екеуін көгертіп, Алла тағаланың, мына халықтың, табиғаттың алғысын қалай болса, солай алуға болады. Сол сәтте ойға өлең шумақтары да келіп, тыныш жатқан қарияны мазалайды.
... Табиғат қарамаса жоғалады,
Жалаңаш адамдай боп тоналады.
Ел болып қолға алса, Жер-Ананы,
Құлпырып, сонда ғана оңалады.
Қоршаған ортаны адам қорғау керек,
Табиғатқа қиянат болмау керек.
Ұрпақтар да осы ауамен демалады,
Болашаққа аманат қып жолдау керек – деймін.
Өркен Исмаил,
«Nur Otan» партиясы жанындағы экология жөніндегі Шиелі аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі
«Nur Otan» партиясы жанындағы экология жөніндегі Шиелі аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі