Тамыз айында Өскемен туралы көркем фильмнің түсірілімі басталады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір фильмнің идеясы дайын. Сценаристер мен басты рөлге үміткерлер де таңдалып қойды. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.
«Неге екені белгісіз, көпшілік қауым Өскеменді экологиясы нашар, климаты суық, қысы қатал қала ретінде ғана таниды. Біз оны басқа қырынан көрсеткіміз келеді. Шығыстың бас шаһарындағы көрікті қыздар, қайырымды жігіттер, қатал металлургтер және әсем табиғат туралы неге айтпасқа. Жұмыс жүріп жатыр. Тамыз айында түсірілімді бастауды жоспарлап отырмыз. Фильм Өскеменнен 16 жасында басқа қалаға немесе елге оқуға кеткен 30-35 жастағы жігіт туралы болмақ. Ол туған қаласына еш қайтқысы келмейді. Алайда белгілі бір жағдайға байланысты қайтып орлауына тура келеді. Осылайша өмірін қайта бастайды. Қысқаша айтқанда осылай, – дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Серік Жеңісов.
Әзірге сценарийдің нобайы ғана бар.
«Идея бар, бірақ өзгеруі де мүмкін. Бәрі режиссер Әнуар Матжановтың ұсынысына байланысты. Сонымен қатар, фильмнің атауы жоқ. Оған ат қоюға барлығыңыз қатыса аласыздар. Ол үшін Instagram әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашылады. Қала тұрғындары сол жерде картинаның атауын ұсына алады. Фильм осы жылдың соңына қарай прокатқа шығады», - дейді продюсер Әсел Сәдуақасова.