Елге қызмет еткен ер
Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен – алтын бесігін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды.
Иә, туған жер топырағы арқылы қанына қасиет сіңген азамат қай ортада, жердің қай бұрышында жүрсе де ұлытының қадір-қасиетін сақтап, өзгелерге халқының өр болмысын, тектілігін танытып жүреді. Отанын ұмытпайды. Қадірлейді, қастерлейді. Жүрегінің бір түкпірінде Отанға, Туған жерге деген сағыныш, сүйіспеншілік сәулесі жарқырап тұрады. Кез келген уақытта кіндік қаны тамған топырағына тартып тұрады. Сондай азаматтың бірі – бүгінгі біз мақаламызға арқау етіп отырған Жандарбекұлы Насриддин.
Қазақ тарихына көз жүгіртер болсаңыз өткен ғасырда халқымыз небір қиын-қыстау заманды басынан өткерген. Сұрапыл соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргін атты зұлматты көрмеген отбасы жоқ шығар қазақта, сірә!
Сондай сүргінді біздің кейіпкерімізде көзімен көрді. Жан дүниесімен сезінді, басынан өткерді. Десе де тағдырдың тепірешіне төтеп берді. Өзге елде жүрсе де жүні жығылмады. Еңбек етті. Еленді. Өз ортасында абыройға кенелді. Бақытқа бөленді. Деседе туған жеріне деген сүйіспеншілігі бір сәт бәсеңдемей бәрін тастап, Отанына оралған еді. Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге маңдай терін төгіп еңбек еткен кісілер насихатталуы тиіс делінген ғой. Осы орайда әңгімені соза бермей қазақ тарихындағы қуғын-сүргін, зұлматты жылдарды басынан өткерген жігерлі, жауапкершілігі мол адамгершілік қасиеттерінің бәрін бойына жиған жанның бірі – Насриддин Жандарбекұлы жайлы әңгімені әрі қарай өрбітсем деймін. Ол 1928 жылы Тартоғай ауылында дүниеге келген. 1930 жылдан бастау алған ашаршылық кезеңінде ата-анасы Өзбекстан Республикасы, Ферғана облысында қоныстанған. Еңбекқор тұлға 7-жылдық мектепті тәмамдап, 1956 жылы жүргізуші оқуын бітірген. МЧС мекемесінде қызмет еткен. Сол жылы Дәнеш Әлсерікқызымен шаңырақ құрады. 1960 жылы механик қызметін атқарады. 1964-1965 жылдары ауылдарды электр желісіне қосу жұмыстары басталған кезеңде сол жұмысшыларға басшылық жасайды. Аталған салада айтарлықтай көзге түсіп, еңбегі жанған Насриддинді жетпісінші жылдардың басында Өзбек Республикасы Ферғана жеріндегі орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне басшылыққа жібереді. Ақсап жатқан салаға жан бітіру тапсырылады. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара жүріп, күндіз-түні еңбек етудің арқасында бірнеше мақтау қағаздар, алғыс хаттар, медальдар, орденьмен марапатталады.
Облыстық пленумда орман шаруашылығын дамытуға ерекше қосқан үлесі үшін 1971 жылы «Урал» мотоциклын иеленеді. Облыстың құрмет тақтасына суреті ілінді. 1978 жылы еңбегі еленіп, сыйлыққа «Жигули» жеңіл автокөлігінің кілтін Өзбекстан республикасының бірінші секретарының өзі табыс еткен. Бұл жетістіктерінің өзі берілген жоспарларды асыра орындағанының нәтижесі. Бірнеше шәкірттерді өз мамандығы бойынша үйретіп, маман иесі болуға бағыттаған.
1985 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылына қоныс аударады. Сол кезеңнен бастап Бәйгеқұм көкөніс бақша совхозына жұмысқа қабылданды. Өзбекстан Республикасыннан қоныс аударған отбасылар 10 жанұя болды. Барлық көшіп келушілер №3 бригадаға жұмысқа қабылданып, жұмыстарын бастады. Сонымен бірге тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де өз шешімін тауып, тұрғын-үй құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілді. Насриддин Жандарбекұлы өзінің жұмыста іскерлігімен, жауаптылығымен көзге түсіп, егілген егіннен мол өнім жинап және белгіленген межелерді ұдайы артығымен орындап отырды. Бұл жұмыстардың жемісі жастайынан ауыл шаруашылығы саласын жетік білетіндігінің арқасы. Бәйгеқұм совхозынның негізігі жұмыс бағыты, көкөніс, бақша, картоп өнімдерін егумен айналысты. Бұл өнімдер КСРО мемлекетінің барлық қалаларына жеткізіліп отырды. Әсіресе бақша өнімдері Ресей республикасының (Федерациясының) солтүстік қиыр шығыс қала халқын көкөніс бақша өнімдерімен қамтамасыз етті. Бұл жұмыстарда Бәйгеқұм совхозында қызмет еткен жандардың үлесі ерекше деуге болады. Өзге ұлт өкілдері де ерекше атсалысып, совхоздың ілгерілеуі мен дамуына аянбай еңбек етті. Ауылымызда неміс, шешен, орыс, кәріс, әзірбайжан ұлттары көп болды. Бүгінгі кейіпкеріміз Бәйгеқұм совхозының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін басшылық тарапынан құрмет грамотасы мен мақтау қағаздарымен марапатталып отырды. Зейнет жасына шыққаннан кейін де жұмыстан қол үзбей ауылдың бірлігі мен татулығын арттыру мақсатында ауыл ақсақалдарымен бірлесіп жұмыс істеді.
Тәуелсіздіктің таңы атып, халық енді еңсесін тіктей бастаған сәттерде Насриддин Жандарбекұлы әкесінен үйренген ескіше ілімдерін халық арасында насихаттап, намаз оқу, ораза ұстау сынды парыздарды үйрете бастады. 1990 жылдары ауыл имамы Егемберген Әлайдар ақсақал дін жолындағы жұмысын абыроймен атқарып, жасы ұлғайған соң ауыл имамы міндетін Насриддинге сеніп тапсырады. Ол 1995-2008 жылдары ауыл имамы қызметін атқарып, кейін өзінің шәкірті Палымша Жүнісовты орнына қалдырады.
Жақсы істің қасынан табылатын Н.Жандарбекұлы ауыл ақсақалдарымен бірлесіп, Оқшы-Ата мазаратын тазалау, көркейту, халықтың діни сауаттылығын арттыру жұмыстарына баса мән берді. Оқшы-Ата мазаратында Пірдауыс Әбішев ақсақал шырақшы болып жұмыс істеуде. 1998 жылдары аудан халқы кең көлемде Оқшы-Ата мазаратының басында ас берді. Бұл жұмыстарды да аудан халқы жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Ауылдағы №251 М.Әуезов атындағы мектебі жаңадан соғылып, бастау алған кезде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылысы аяқталмай тоқтап қалды. 1998 жылы сол кездегі аудан әкімі Ж.Тұрабаев бұл жұмыстарды қайтадан қолға алып, бастау керек екендігіне нақты тапсырма берді. Аудан көлеміндегі мекемелерге бір бөлмеден бөліп беріп, қалған жұмыстарды асар әдісімен құрылыс монтаж жұмыстарды жүргізіп бітіруге мекеме басшылары, аудан кәсіпкерлері, ауыл халқы ұйымшылдықпен атсалысып бітірді. Бұл жұмыстарға да сол кездегі ауыл әкімі М.Әлсериковпен бірге ауыл ақсақалдары ұйымшылдық танытты. 1999 жылы 25 мамырда ашылу рәсіміне сол кездегі облыс әкімі С.Нұрғисаев арнайы келіп салтанатты түрде лентасын қиды. Ауылда әсем ғимараттар көбейіп, алдағы уақытта да басқа ғимараттар бой көтеруді жалғастырды. Сол ғимараттардың бірі – ауыл мешітінің құрылысы асар әдісімен 2000 жылы басталды. Яғни, ауылдың 7 азаматы 2 жыл бойы өздері құрылысына жауапты болып, істі бастады. Ауыл халқы да жәрдемін ұсынды. Осы жұмыстардың басында ауыл имамы Насриддин Жандарбекұлы мен Темірхан Әлімқұловтың еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Бұл күндері жолдасы Дәнеш Әлсерікқызы екеуінен өрбіген 7 ұл-қызы жоғары білім алып, егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып қызмет атқаруда. Одан тараған 30 немере, 33 шөбере бар. Бұл күндері немерелерінің өзі еліміздің әр қалаларында білім алып еңбек етуде. Ұрпақ сабақтастығы жалғасуда. Туған жердің әрбір қырқасын, сайы мен тасын қадір тұтып, оның түрленуіне бар ғұмырын сарп еткен кейіпкеріміз Насриддин Жандарбекұлының арамыздан кеткеніне де жыл толыпты. Десек те «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген қазекемнің байламы бар емес пе? Біз де сол жақсы жанның жақсы амалдарын айтып, ұрпаққа үлгі етуді ғана көздейміз.
Киікбай Ысмайылұлы,
Облыстық дәрежедегі дербес
зейнеткер, ауданның
«Құрметті азаматы»
Облыстық дәрежедегі дербес
зейнеткер, ауданның
«Құрметті азаматы»