«Ashyg» аурудан қашық
Пандемия басталғалы көптеген бизнес түрлері түрлі шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр. Осы себепті кәсіпкерлер айтарлықтай шығынға ұшырап отыр. Қазірдің өзінде елімізде 13 мыңнан астам бизнес субьектісі әлі күнге дейін жабық тұрған көрінеді. Себебі, жабық ортада адамдардың вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары болады, дейді мамандар.
Жағдайды түзетудің жалғыз жолы бар, ол әрине екпе қабылдау. Дегенмен, екпе егу процесі баяу жүргізіліп жатқандықтан, вирустың одан әрі өршімеуіне тосқауыл болатын арнайы қосымша жасап шығарылды елімізде. Атауы өте қарапайым, «Ashyg» деп аталады. Атауы айтып тұрғандай қосымшаны жүктеп, вирустан аман екендігіңіз анықталса, сіз үшін барлық есіктер ашық болады. 2021 жылдың 17-ші қаңтарынан бастап сынақ режимінде жұмыс істеп келе жатқан бағдарлама министірліктің базасына да қосылған.
Ал, енді қосымшаны қолдану тәсіліне тоқталып өтейік. Бұл қосымша бизнес субьектілеріне орнатылады. Онда келген әрбір қонақ смартфонның және қосымшаның көмегімен арнайы QR кодты сканерлеп, мәртебесіне қарай мекемеге кіруге рұқсат алатыны, не рұқсат етілмейтіндігі анықталады. Мәртебеңіз жасыл болса, онда соңғы 3 күнде ПЦР-тест тапсырып, нәтижесі теріс болғандығының белгісі, көк түсті көрсетсе коронвирустық инфекция жұқтырғаныңыз жайлы ешқандай ақпарат тіркелмеген болып есептеледі.
Сары түсті көрсетсе, індет жұқтырған адаммен байланыста болғаныңыз, қызыл түс жанса коронавирустық инфекцияны жұқтырып, базада тіркелгеніңіз белгілі болады. Көк пен жасыл түс көрсеткен келушілерге шектеу қойылмайды. Ал бірақ, қызыл мен сары түстің шаруасы қиын. Себебі, сары түстегілерге кейбір орындарға кіруге тиым салынса, қызыл түстегілерге үйден шықпауға кеңес беріледі. Мониторингтік топтың тексерісі барысында қызыл түстегі келуші анықталса, оған 87 мың 517 теңге көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, бұл тәсілдің көмегімен мекемеде қанша адам барын онлайн түрде анықтап, тексеріс жүргізуге деген қажеттілік тумайды. «Мақаланы жазу барысында қосымшаның өзге елдерде баламасы бар ма?» деген сұрақ туындады. Зерттеп қарасақ, осыған ұқсас жүйені Гонконг, Сингапур, Малайзия елдерінде де қолданысқа енгізіп, сәтті пайдаланып жатқан көрінеді. Қосымша енгізілгелі коронавирустан болатын қайғылы жағдайлар Малайзияда 4,6 процентке, Сингапурде 0,05 процентке, Гонконгте 1,18 процентке дейін азайған.
Біздің елімізде де аталмыш қосымшаның енгізілгеніне бірнеше ай болғанымен, бұл уақытқа дейін бағдарлама сынақ режимінде ғана қолданылған болатын. Міне енді, осы сенбіден бастап бас дәрігердің қаулысына сай қосымшаны орнату көптеген кәсіпкерлік нысандарға міндеттеліп отыр. Бұл тізімде фитнес орталықтары, кинотеатрлар, сауналар мен бассейндер, компьютерлік клубтар, театрлар, қоғамдық тамақтану орындары, көрермендер қатысатын іс-шаралар, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Түркістан, Ақтау мен Қостанай қаласы әуежайлары бар. Қаулыға сай «Ashyg» қосымшасы ел аумағында қолданысқа толықтай енгізілетін болса, көптеген кәсіпкерлік субьектілердің жұмысы жанданып, аяққа тұрары сөзсіз. Сонымен қатар, індеттен аман азаматтарымыздың жүріп-тұруына шектеу қойылмай, олардың емін-еркін ойын-сауықтық орындарда демалуына мүмкіндік туады. Бұл шараларды «екпе қабылдауға мәжбүрлеудің бір жолы» деп қабылдау әбестік болары сөзсіз. Бастысы қосымша тиімділігін дәлелдеп, азаматтардың амандығын қамтамасыз етсе болғаны.
Рамазан ӘНӘПИЯ