Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің Қазақстаным

Менің Қазақстаным


2021 жыл – біз үшін ерекше қастерлі, қасиетті жыл. Біз қазақ елі Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын­ тойлаймыз. 1991 жылы туған ұл-қыздарымыз орда бұзар отыз жасқа келді. Ұрпақ жалғасып, саналы, білімді де білікті жастарымыз өсіп келеді. «Кейінгіні көріп қартаясың» демекші, біздер шау тартып, солардың амандығын, еліміздің тыныш болғанын қалап, батагөй болмасақ та соған тырысып, Алланы аузымыздан тастамай, үйкешік қарияға айналдық. Қазақ елі не көрмеді?
Бәрін де көрді. Патшалық Ресейдің үш жүз жыл бодандық тепкісін көрсе, жетпіс жылдан аса уақыт Коммунистик партияның үстемшілдігін, отарлық күштің империялық салқынын әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Патриот ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай «мың өліп, мың тіріліп», әйтеуір, аман қалдық. Елімізді тоз-тоз еткен, бай адамдарымыздың малда­рын тартып алып, өздерін қаңғытып жіберген, қолдан ашаршылық жасап халықты миллиондап қырып салу тәсілдерін, қазақтың көрнекті зиялы азаматтарын жоспарлы түрде қуғын-сүргінге салып, жазықсыз атып тастау науқанын, фашистік Германиямен болған екінші дүниежүзілік соғысты Ұлы Отан соғысы деп атап, қазақ солдаттарын алдыңғы шептерде ұстап, олардың орыс жерін қорғаймыз деп қырылып қалуын, тың игереміз деген желеумен жерімізге өзге ұлт өкілдерін қоныстандырып, мыңдаған гектар жерімізді айдатып тастап эрозияға ұшыратуын, желтоқсан оқиғасында жас­тарымызды аяусыз қырып, халқымызды күштеп, қорқытып басқан, адам қиялына сыймайтын тарихи кезеңдерді қалай ұмытамыз. Осыған да шүкір дедік. Өзіміздің, ата-бабаларымыздың төзімді, шыдамды, мықты, батыл, батыр халық екенімізді «сабыр түбі – сары алтын» деп дәлелдеп шықтық. Оны қазір әлем мойындап, мемлекетімізбен тепе-тең санасып отырған жоқ па? Қазақстан Республикасының күннен-күнге қарыштап дамып келе жатқанына көңіліміз шалқып, қуанып ­жата­­мыз. Өз алдына отау құрған, тәуелсіздік алған мемлекетімізге оңай болмады. Заман өзгеріп, нарыққа көшкен халқымыз тағы да «тар жол, тайғақ кешуді» бастан кешті. Елбасы, тұңғыш Президент Н.Назарбаев қазақ халқын бұл қиыншылықтан да алып шықты. 1997 жылы мемлекет астанасы Алматыдан Ақмола қаласына көшіп барды. Ақмола ресми түрде ел астанасы болып, 1998 жылы Астана қаласы деп қайта аталды. 6-шы шілде – ҚР астанасының туған күні саналып, жылда тойланып жатады. Астана бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы делініп, Н.Назарбаевтың атына құрметпен берілді. Ел Президенті Н.Назарбаев 1997 жылы Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жолдады. Бұл жыл «Қазақстан – 2030» даму стратегиясының саяси тұрғыда жариялануымен есте қалды. «Қазақстан – 2030» стратегиясы ел экономикасы мен мемлекетіміздің берік іргетасын қамтамасыз ететін құжат болумен қатар, еліміздің одан әрі дамуын тұрлаулы етіп, осы заманға және болашағы зор экономикалық, әлеуметтік, саяси және әкімшілік негізде өркендетуге бағыт-бағдар береді. Қоғамымыздың келешектегі келбеті мен мемлекетіміздің мақсат-мұратын баян етеді. Сарабдал жоспар – сарабдал саясаттың бізге берген Алла тағаланың сыйы десек жаңылыспаймыз. Сол жылы басталған қиялымызды Елбасы: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарыстарында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады» деп айтқан екен. Қиял шындыққа ұласып, Сарыарқаның сайын даласына сәулеті мен дәулеті келіскен Нұр-Сұлтан қаласын салдық. Елімізге құт-береке әкелер Қасым-Жомарт Тоқаевтай жаңа Президентіміз, Елбасының ерен еңбегін жалғастырып, қазақ елінің мәртебесін көтеруде. Тәуелсіздігіміздің нығаюына, тұғырының биік болуына бізден бұрынғы өткен ақсақалдарымыз да, бүгінгі тілектес қарияларымыз да орасан мол үлес қосты. Олар әлі де болса, жастарға үлгі, өнеге болып, ақыл-кеңестерін айтып, бақуат жүре береді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойында неге қуанбасқа, неге шаттанбасқа, неге шабыттанып шалқымасқа?:
Тәуелсіздік – қасиетің, құнарың,
Тәуелсіздік – жарқыраған шынарың.
Тәуелсіздік – бар бақыттың бастауы,
Тәуелсіздік – ұлтың менен ұраның.
30 жыл толып, қазаққа таң атыпты,
30 жыл болып, қуаныш дәмін татыпты.
Азаттық алып, еңсесін тіктеп көтерген,
Қазағым неткен, халқымыз неткен
бақытты!
Тойла, тойла, тарқамасын тойларың,
Бұзылмасын бірлік, достық қаймағың.
Елдігімнің көк Туы желбіреп тұр,
Елтаңбасы, әнұраны айбарым.
Сырдың бойы кем емес асылдарға,
Көне алмаймыз өткенді жасырғанға.
Тәуелсіз Қазақстан елім менің,
Ат қондырар ғасырдан-ғасырларға.
Бақ-дәулет қазағымның басына бер,
Тілейміз соны мына ардагерлер.
Алға бастап келе жатыр Қ.Тоқаев,
Қазақстан ғажайып дамыған ел.
Ұлы далам, атым тұлпар, құралаймын,
Ешкімнен еш нәрсе де сұрамаймын.
Шежірелі Шиелінің қариясымын,
Елінен Ыбырай, Нартай, Бұдабайдың!
Өстіп, әрқайсымыз көңіл қошын білдіріп отырсақ, «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» болмай ма? Тәуелсіз қазақ елі жер шарының гүлденген, экономикасы мен әлеуеті дамыған мемлекет болатынына өз басым сенемін. Өйткені, ол – менің Қазақстаным, менің жүрегім, менің гимнім!

Өркен Исмаил,
Шиелі ауданының «Құрметті ­азаматы»
22 мамыр 2021 ж. 1 158 0