Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ол сондай адам...

Ол сондай адам...


Рысбайдың анасы Сәжда апамыз өте мейірбан, әлдеқалай үйіне бара қалсаң асты-үстіңе түсіп, сені өз баласындай айналып-толғанып, дастарханын жайып, бәйек болып жататыны әлі көз алдымнан кетпейді. Мәулен көкеміз болса, сен келдің бе, кеттің бе онымен шаруасы жоқ, бір ауыз ләм демей, өзімен-өзі саяқ жүретін кісі еді. Бірақ еңбек дегенде алдына жан салмайтын нағыз жанкештінің өзі болатын. Өткен елуінші жылдар мен алпысыншы жылдардың бас кезінде жерді инженерлік жүйемен тегістеу әлі еніп үлгірмеген кезеңде күріш егетін алқапты әуелі шеңгелі мен жыңғылынан трактормен арылтып жатқанда диқандар өздері басы-қасында жүретін. Сонда бүкіл саналы ғұмыры диқаншылықпен өткен Мәуленнің табаны көн болып қатып кеткені соншалықты ол шеңгелдің тікені түгіл, сояудай-сояудай шөңгелеріңді де бұйым көрмей, жалаң аяғымен таптап басып жүре беретінін ауылдастары жыр ғып айтатын.
Міне, сондай әкеден тәлім алып өскен Рысбай Мәуленовте жасынан еңбекке жақын болды. Бірақ, ол әкесінің ізімен кетпей, ағасы Сейдахметтің жолын қуып, ә дегенде трактор айдаудан бастаған. Содан күріш жинау науқаны басталғанда комбайн айдаса, егін-терін аяқталысымен қайтадан тракторына отырады. Бір Рысбай ғана емес, ауыл механизаторларының көпшілігі осылай жасайтын. Тек Рысбайдың бір ғана айырмашылығы сол, оның комбайны да, тракторы да ешқашан тоқтау дегенді білмейтін. Неге десеңіз, күріш орағының қызып жатқан уақытындағы түскі ас кезінде өзгелер дала қосына жетуге асықса, бұл комбайнының о жер, бұ жерін шұқылап, бұрап, майлап, әріптестері дәмдерін ішіп болып, қызу әңгімеге кірісіп, аздап тынығып алуға ыңғайланғанда ғана Рысбай келіп, қолын жуып жататын. Үзіліс біткен кезде ол көппен бірге комбайнына беттейтін. Трактормен жер жыртып, сеялкасымен дән сепкенде де осы көрініс қай­таланатын. Егін орағындағы бес күндік қоры­тындыларында да Рысбай аудандағы социа­листік жарыс озаттарының көш басында жүре­тін.
Ең қызығы сол, социалистік жарысыңмен де, бес күндігіңмен де, жарыс озатына берілетін ауыспалы қызыл жалаушаңмен де Рысбайдың шаруасы болмайтын. Жалаушаны ауданның белсенділері басқа шаруашылықтардағы әріптестерінен қайтарып алып, дала қосындағыларды жинап, елдің көзінше салтанатты жағдайда комбайнының маңдайшасына іліп жатса да ол былқ етпейтін. «Е-е...» – деп емеурін де білдірмейді, оған бәрібір сияқты. Ауданнан келген уәкіл: «Мына Мәуленов дегеніңіз қандай адам-ей өзі, тым болмаса жымиса нетті?!» – деп еңбегі зая кетіп, пәсі түсіп қалғандай күй кешетін. Сонда парторг Қазекең: «Оған сіз ренжімей-ақ қойыңыз, ол сондай адам, ал жұмысқа келгенде нағыз алапат, басқасы ол үшін түк те қызық емес, – дейтін.
Кейін 1974 жылы сол «Қызыл ту» (қазіргі Жақаев ауылы) колхозы басқармасының төрағасы болған Қазекеңе, Қазбек Оспановқа жаңа парторг Елтай Әбішев келіп: «Қазеке, мына Рысбай бізді шаршатып бітті, ауданнан да ұят болды, «партияға өздерің өте беріңдер» деп, қырсығып отыр, – дейді. Қазекең аз-кем ойланып барып: «Енді оған не айтарсың?! Аудан сұратып отырса, бір ойлағандары бар шығар. Сен соған комсомолыңның хатшысы Сұлтанбекті салып көрші, екеуі де осы ауылдың түлегі, жастары да шамалас. Тілін бір тапса, сол табар» – дегенде, Елтай: «Өзім де солай шешіп отырмын. Сәлден кейін аудандық комсомол комитетінен тағы бір Әбішев –– бірінші хатшы Сайлаубайдың өзі келіп, «Сұлтанбек үшеуміз барып сөйлесіп көреміз» дегенін Қазекең бірден құптаған.
Бұл күріш орағының қызып жатқан кезі. Айтқандай-ақ, көп күттірмей Шиеліден Сайлаубай да жетіп, үш хатшы түскі үзілісті пайдаланып, «Көкиірімдегі» диқан ана Жұмагүл Болсынбекованың күріштігіне Рысбайды іздеп барады. Бұлар өзге механизаторлар тамақтарын ішіп болып, дала қосында тігілген киіз үйге еніп, аздап демалып алуға қамданса, Рысбай әдеттегідей ұзын-ұзын тақтайлардан құрап жасалған үстелде жалғыз өзі түскі асына енді бас қойған кезінің үстінен түседі. Әңгімені Сұлтанбек бастап, арасында Елтай да, Сайлаубай да бұл оның келешек жарқын болашағы үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік, зор сенім екенін барынша тәптіштеп айтып баққан. Манадан үшеуін де үнсіз тыңдап отырған Рысбай бір мезет: «Мына науқанның қызып тұрған кезінде қайдағы партия туралы айтып отырсыздар. Рақмет. Мен өтпеймін, - деп нүктесін бір-ақ қойған.
Былай шыға бере Сайлаубай: «Бұл неткен адам еді. Осының бәрі кім үшін, ә Сұлтеке?!» – деп сұраулы жүзбен оған таңырқай қарайды. Сонда Сұлтанбек: «Шынын айтсам, оны жұмыстан өзге атақ та, даңқ та, ештеңе де қызықтырмайды. Сәке, қам жемеңіз, науқан бітсін, көндіремін, қайда барады дейсіз, өз комсомолым ғой... – деп аудандағы басшысының көңілін демеп қояды. Сайлаубай болса: «Ол сондай адам десеңші. Жоқ, мен ренжіп келе жатқан жоқпын. Керісінше, қайта оған риза болып келемін. Нағыз еңбектің адамы екен. Елімізді көгертетін де осындай адамдар. Қандай марапатқа да, мәртебеге де осылар лайық» – деп енді өзі де сабасына түскендей жүрек сөзін жайып салады. Не керек, Сұлтанбек сөзінде тұрып, күріш жинау науқаны аяқталып, шиеліліктердің «Алтын күз» мерекесінің тойы өткеннен кейін көп ұзамай аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде Рысбай Мәуленов коммунистік партияның мүшелігіне кандидаттыққа қабылданады.
Келер 1975 жылы да жарыс озаты атанған Рысбай Бүкіл Одақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Москвич» жеңіл авто­көлігін ұтып алып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланғанда барып қана ауылдастары оны билік басындағылардың пар­тия қатарына өткізуге неге соншалықты ұмтыл­ғанын ұққандай болған. Бұл сол қар­саң­­дағы партия мен үкіметтің республика парламентіне әр саланың саңлақтарынан және әсіресе жастар құрамы қатарынан көбірек қамту талабына, әділеттілік тұрғысынан алып қарағанда, Рысбайдың еңбек көрсеткіштері де, жасы да, әлеуметтік жағдайы да барлық жағынан сай келіп тұрғандығы маңыз атқарған-ды.
Араға бес жыл салып, 1980 жылы тағы да сол Бүкіл Одақтық көрменің социалистік жарыс жеңімпаздарына белгіленген «Жигули» жеңіл автокөлігін ұтып алған Рысбай бес жылдық қорытындысымен одан да үлкен қуанышқа бөленіп, Ленин орденімен марапатталғаны туралы хабарды радиодан естіген бүкіл ауылдастары келіп құтты болсын айтқан. Аудандық мәдениет Үйіндегі жыл қорытындысына орай өткен жиынға келген Рысбайға аупарткомның бөлім меңгерушісі Жиенбек Молдабеков: «Оу, Рысбай, бұдан жеті-сегіз жыл бұрын алған «Еңбек Қызыл Ту» орденің, «Лениннің 100 жылдығынан» бастап алған медальдарың қайда, бүгін соның бәрін неге төсіңе жарқыратып тағып келмедің?! Анау өзіңдей Айтасовтың омырауына қарашы жалт-жұлт етіп тұрған, – деді көпшілік арасындағы Сұлтанды нұсқап. Сосын партком хатшысы Әбішевке: –– Елтайжан-ау, қайда қарап жүрсіңдер? Қазір хатшы бізге ұрсатын болды ғой, – деп басын шайқап қойды.
– Кеше костюміңе бәрін тағып кел, – деп тәптіштеп тұрып айтқанбыз. Бұл өзі сондай адам. Көрмейсіз бе, бізді де ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Ендігі жолы үйінен өзіміз киіндіріп алып шықпасақ, басқа амалымыз жоқ, – деп күліп жеңген Елтай хатшы.
Сол жиында Рысбайдың омырауына Ленин орденін тағып жатып, бірінші хатшы Орынбасар Бәйімбетов: «Келесі жолы төсіңе барлық орден мен медальдарыңды тағып келетін бол, келістік пе? – дейді қолын қысып тұрып. Рысбай рақметін айтып, жымиып қана басын изеген. Бұл оның өміріндегі ең бір есте қаларлық жұлдызды шағы болатын. Өзіне жүктелген жұмысын мінсіз де мүлтіксіз атқарғанын ғана біліп, өзге әңгіме-сөзіңмен де, саясатыңмен де шаруасы жоқ Рысбай бұдан кейінгі жылдары да олжасыз қалып көрмеді. Әр кезеңдегі түрлі медальдарымен қоса екі рет үш дөңгелекті Ураль мотоциклін, бірнеше рет ақшалай-заттай сыйлықтарын иеленгенін де, оның таза еңбектің адамы екенін де жерлестері жақсы біледі.
Кезінде аудандық мәслихаттың жиырма екі жыл бойы хатшысы қызметін үздіксіз атқарып, одан соң күні кешеге дейін ардагерлер кеңесін басқарып келіп, бір-екі жылдан бері ғана жеке шаруашылығына біржола бет бұрған зейнеткер досым Сұлтанбек Оразымбетов: «Мен Рысбай туралы саған бір-ақ мысал айтайын, – деген ол жөнінде сыр тартқанымда. – 1977 жылы жеті-сегіз ай Алматы Жоғары партия мектебіне оқуға кеткенімше ауылда өндіріс бригадирі қызметін атқарғанымнан хабарың бар шығар. Сонда көктем шыға егіске дайындық жұмысы қызу жүріп, жер жыртуды бастап кеткенбіз. Жер қызғанша оны жыртып та, дәнді сеуіп те үлгіруіміз керек. Өйткені, «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген қанатты сөз миымызға сіңіп қалған.
Мен сол жерді жыртып жатқандардың маңайында болып, түнгі сағат 1-де үйге қайтамын да ертеңіне таңғы сағат 6-да егіс басына қайта келемін. Сонда ол кезде «К-700» тракторын айдап жүрген Рысбай мен түнгі 1-де үйге беттегенімде ол жерді әлі жыртып жатады. Ал таңғы сағат 6-да келсем, жер жыртып бара жатқан Рысбайды тағы көретінмін. Ол «ИЖ» мотоциклімен егіс басына қашан келіп, қашан кететінін біле алмай-ақ қойғанмын. Байқап отырсаңыз, сол аса жауапты науқан кезінде 20-25 күн бойы ол күніне небәрі 2-ақ сағат ұйқтап жүреді екен ғой. Неткен жанкештілік десеңші. Әрине, бұған екінің бірі шыдас бермейтіні белгілі. Міне, сенің Рысбай досың ол сондай адам» – деп сөзін бітірген.
Кейін еліміз тәуелсіздік алған соң іле-шала өкпені қысып, алқымнан алған нарық дүмпуімен басталған жекешелендіру желеуімен шаруашылықтар тарап, жері мен техникасы бөліске түскенде Рысбайдың үлесіне «Беларусь» тракторы тіркемесімен тиіп, өзіне сыйға тартылған. Міне, сол трактор Рысбайдың өзінің ғана емес, көрші-қолаңының да жем-шөбі мен отын-суына жарап, мінсіз қызмет етіп келе жатқанына да жиырма бес жылдан асыпты. Көрші Асан құдасы: «Бұл трактор Рекеңе емес, басқа біреудің еншісіне бұйырғанда, кім білген, баяғыда-ақ жайрап қалған болар ма еді. Құдамның ұқыптылығымен ғана әліге дейін күніне жарап, осының арқасында бала-шағасын да тарықтырмай, бір-бір үй ғып қойды ғой», – деген еді.
Иә, айтса айтқандай, ауыл мектебінің шаруашылық қызметін атқарып, зейнетке шыққан жары, алтын алқалы ана – Гүлжан екеуі бес қыз бен екі ұлды тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олар бір-бір шаңырақтың иелері атанып отыр. Тұңғышы Бақтыгүл де алтын алқа иегері – жеті баланың анасы. Кәсіпкер күйеу баласы Аят екеуі көрші Алғабас ауылында тұрады. Асан құданың ұлы Айдарханға тұрмысқа шыққан мұғалім қызы Айгүлдің бес баласының үлкені Есенжолы – Павлодарда геолог. Базарбайы мен Құттыбайы бірі Атыраудың, екіншісі «Құмкөлдің» мұнай компанияларында қызмет жасаса, келіндері Меруерт пен Сәбира – ауылда балабақша тәрбиешілері. Алматының Сәтпаев атындағы политехникалық университетін бітіріп, соның өзінде дәріс беретін Жақсыгүлі мен өрт сөндіру мекемесінің қызметкері, семейлік күйеу баласы Сержанның, Жиделідегі мұғалім қызы Жанат пен жеке кәсіпкер күйеу баласы Қайраттың – бәрінің төрт-бестен ұл-қыздары бар. Таяуда ғана күзет бөлімінде жұмыс істейтін Қайырбек деген азаматқа тұрмысқа шыққан кенже қызы Ақнұр Қызылорданың әлеуметтік қамсыздандыру саласында қызмет етеді.
Мен Рысбайға хабарласқанымда телефон құлағын Гүлжан көтерген.
– Рысбайды өзің де білесің ғой. Зейнетке шықса да, бейнеттен шықпаған құрдасыңның бүгінде қолы бос, содан да шығар түнде ұйқыға ерте жатып, таңғы 4-тен төсегінен тұрып алып, бір тыным көрмейді, түк таппаса тракторын барып шұқылайды. Оның үстіне ауылдастары да жамбасын жерге тигізбейді. Кеше түстен кейін көрші Темірәлі ағасы келіп, балаларының «Орыс түбек» жағынан жыңғыл шауып қойғанын айтып, соны үйге түсіріп алуға көмектесуін өтініп келген. Сонымен, қалаға жүргелі отырған ­Рысбай аяқ астынан менің өзімді ғана жіберіп, тракторын тырылдатып, сонда кетті. Бүгін келсем, міне, үйде тағы жоқ. Тракторы да көрінбейді. Ол сондай адам ғой... – деді Гүлжан да қайтеміз енді дегендей сыңайын танытып.
Рас, Гүлжанның сөзінің жаны бар. Оған не уәж айтарсың енді.

Мұрат КҮЛІМБЕТ, ардагер журналист

18 мамыр 2021 ж. 364 0