Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кедергі болған балық

Кедергі болған балық


Базардан ары-бері өтіп жүріп «Arzan» маркетінің алдындағы ашық аспан астындағы балық сатушыларға көзім түсіп жүретін. Тек балық сатып тұратын шығар деген ойымды кенет «аршып, тазалап» беремін деген сөз кілт тоқтатып, өз көзіммен көруге итермеледі. Сатушының айтқаны өтірік емес, расында көзімізше тұтынушының қалаған балығын әп-сәтте ішек-қарнынан, қабыршығынан айырып тазалады. Кейін жарысып балық сататын екі апайды сөзге тартпаққа араға бірнеше күн салып қайта бардым. Әңгіме барысында сатушы апай балығының бағаларын айта бастады.
– Көбіне өтетін сазан болғандықтан 1300-ден 900 теңгеге дейін түсіп беремін. Күнделікті сатамын. Ертеңге қалдыру жоқ, – деп ағынан жарылды.
Үлкен сазанды нұсқап, алуымды талап еткендей өктем сөйлейді. Келісі 1300 тұратын сазанның бағасы сапасына тұрарлық, балғын дейді.
Жалпы балық ұстаушылар Шиелі ауданына қарасты көлдерден, оның ішінде Қарғалы ауылдық округіне қарасты көлінен аулайтын көрінеді. Кейде Атырау облысынан да келеді.
Ашық аспан астында сауда жасайтын бірінші балық сатушы ешкімге ешқандай ақша төлемей, өз бетінше жұмыс жасап тұрмын деді. Бір-бірінен оза шауып сөйлейтін апалар, бір-бірінің сөзіне мән беріп аңғармағанынан ба, екінші сатушы осы нан тауып отырған жеріне айына 20 мың теңге төлеп жалға алғанын жеткізді.
– Авто тұрақ пен фаст-фуд, банкомат, ашық аспандағы бір қатарлы сауда орындарымен қатар тұрған балық сатушылар жаяу жүргінші жолды жауып тұрғындарға кедергі жасап тұрғандарын біле ме екен? Жә, бұл жол ғой. Ал, заматында тазалағаны ше? Базарға келушілерді балықтың иісі тоқтатып, базардан жирентеді. Жиренткенімен қоймай қасына ит-мысығын жинап алған, шашыратып тазалап жатқандар санитарлық талапқа қарсы екенін біле ме?, – деді аудан тұрғыны Азамат.
Азаматтың сөзін негізге алып балық сатушыларға сауал қойғанымызда:
– Амал жоқ, күн көру керек қой, – деп ақталды.
Базар ішінде ет сататын дүкендер бар. Қатарында балық сататын дүкенде бар. Бір үлкен дүкенді бұрындары 5 адам жалға алған. Ал, қазір 3 адам жалға алып отыр. Бағасы 150 мың теңгені құрайды. Індетке байланысты сауда тұралап, қиналған саудагерлер жұмысын тоқтатқан. Себебі, жалға алған дүкеніңізден бөлек су мен жылу, жарық бағасы бар. Өткен жылдардағыдай емес, балық бағасы сәл-пәл жоғарылаған. Оған себеп, Сырдарияның су деңгейі төмендеген. Және көпшіліктің сұранысы тек сазан. Талапқа сай балық дүкеніндегі баға ашық аспан астында тұрған саудагерлердің бағасынан әлдеқайда төмен. Салқын жер, таза дүкен, зиянсыз сауда және мұздатқышы жанында.
Балық бір дүкенде сатылса, баға әртүрлі болмайды. Кез келген адам әр жерден іздеп жүрмей, бір дүкенге ғана келеді. Даладағы басқа адамдарға да зияны болмас еді. Осыны құзырлы мекемелер қарауына алса, шешімін таппайтын мәселе емес. Бірді айтып, екіге жалғасқан мәселеміздің ұзын-қысқасы далада сауда жасап тұрған сатушыларды біріктіріп, бір орынға қойып, жаяу жүргінші жолды ашса деген ұсынысты қолдайтындардың ойын жеткізу еді.

Ақбота МҰРАТҚЫЗЫ
14 мамыр 2021 ж. 420 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930