Темір жол – аса қауіпті аймақ
Темір жол қашаннан аса қауіпті аймақ болып саналады. Себебі, мыңдаған тонна жүк тиеп алып жүйіткіп келе жатқан пойыздың алдында болу ешкімге де жақсылық әкелмейді. Темір жол көлігінің жылдамдығының өсуі жолаушылардың жолда болу уақытын азайтып, жүктің жеткізілуін тездеткенімен, адамдарға көптеген қауіп төндіретін проблемалар тудырады.
Ең басты қиындық адамдардың немқұрайлығында, балаларға деген жауапкершіліктің аздығында. Ата-ананың бақылауын сезінбеген балалар вагондар үстіне мініп, темір жолды ойын алаңына айналдырады. Негізінен, темір жолда бөгде адамдармен жарақаттану жағдайларының болуына себеп – олардың темір жолда қауіпсіздік ережелерін білмеуі, сақтамауы, асығыс жүріп, арнайы аспалы көпірді пайдаланбауы және де балалардың бұзақылық істерге барып, ойын ойнауы. Жүріп келе жатқан пойыздың қажет кезінде дереу тоқтауы мүмкін емес, ол пойыздың салмағына, жолдың саласына байланысты орташа есеппен алғанда 1000 метрдей жүріп барып тоқтайды. Жылдамдығы 100-120 км/сағ жүріп келе жатқан пойыз секундына 30 метр жерді жүріп өтетінін ескерсек, жолаушының жолды кесіп өтуіне 5-6 секундтай уақыт кетеді. Жас жігіттер мен бойжеткендердің әуендерді жақсы көргені сонша, темір жолдан кесіп өтіп жатса да құлағынан плеер, құлаққаптарын шешпегендіктен локомотивтің гуілін естімейді, ал көру сезімі рельсты ыңғайлы аттап өтуге ғана бағытталған.
Бір қарағанда тұрған вагондар қауіп төндірмейтін сияқты, бірақ тұрған вагонға 5 метрден кем ара-қашыққа жақындауға, астынан өтуге болмайды. Өйткені, станцияда тұрған әрбір вагон жұмыс үстінде тұр деп есептеледі, әр секундта ол қозғалысқа келуі мүмкін. Вагоннан шығыңқы әрбір зат киімге ілініп қалса адамды дөңгелек астына тартып әкетеді. Әсіресе, қарсы бағытталған жылжымалы құрамалардың арасында қалып қою өте қауіпті, өйткені, қарсы бағыттағы құрамалар тудырған ауаның ағыны 16 тоннаны құрайды, мұндай жүктеме адамды пойыз астына тартып әкетеді. Сондай-ақ, темір жол маңына төрт түлігін жайып, қараусыз қалдырудың салдарынан да оқыс оқиғалар орын алып жатады. Сондықтан, сақтық шараларын сақтап, адам өмірін қатерге тігуден аулақ болайық!
Н.Төрәліұлы,
Шиелі ст ЖПб-ның полицейі,
Полиция аға сержанты
Шиелі ст ЖПб-ның полицейі,
Полиция аға сержанты