Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атамды мақтан тұтамын

Атамды мақтан тұтамын

«Жеңіс» – тіршілік атаулының, оның ішінде, адам баласының мәңгі ғашық сөзі. Сөйте тұра, небәрі бес әріптен тұрар бір ғана осы атаудың тарихында қаншама мұң, қаншама зар, қайғы-қасірет, қаншама сағыныш пен қаншама жүрек жарды керемет шаттық бар десеңізші. «Өмір» атты керуеннің өзекті арқауы – жақсылық пен жамандықтан қосарланып, жіптің тіні секілді есілгендей. Осы заманда өмір сүріп, ешқандай қиындыққа тап келмей өмір кешіп жатқан ұрпақтың арманы бар ма екен?-деп ойлап, ойыңның ұштығына жеткенше сол бақытты, шаттықпен өмір сүріп отырған жас ұрпақтың, бақытты, – деп отырған кейіпкеріңіздің өзі өмірде орны толмас арманын арқалап, шын жүрегінен егіліп, алдыңыздан қарсы шыға келгенін байқамай да қалады екенсің. Арманы сағынышпен суарылып өткен жас ұрпақтың өкілі, қарапайым еңбегімен өз әріптестерінің қалаулысына айналған немере қызы Гаухар Таркешева: «Менің атам туралы ұғымым өз әке-шешемнен естуім бойынша, марқұм атамнан майданда қаза тапты, деп екі рет «Қара қағаз» келгенін естіген күннен басталған-ау», – дейді. Ел басына зұлмат күн туып, қанқұйлы жаумен шайқаста толарсақтан қан кешіп, елім, туған жерім деп, басын қатерге тігіп, өмірін өлімге қиған Қызылорда облысы Шиелі ауданынан аттанған төрт мыңға жуық жауынгердің бірі болған атасы Байдүйсен Тәркешовтің немересі алыста қалған сағынышты балалығын осылай еске алады.
Байдүйсен Тәркешов Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты «Ақмая» аулында 1914 жылы дүниеге келген. Өмірге келуінен бастап қиындықпен күресуге тура келген, жарық дүние есігін енді ғана ашқан, тағдырдың сынағына тап болған нәресте алты айлығында шала туылып, сол туылған күннен бастап кереге басында ілулі тұрған тымаққа салынып өсіріліп, аман-есен қалады. Әкесі Тәркеш сол заманның талабы, сол кезеңдегі қолына түскен жұмыстарды атқара жүріп баласы Байдүйсенді сол кездегі арабша лепкезге оқуға беріп оқытады. Өмірдің сол кезеңдегі қатаң талабы Байдүйсенді ерте буынын қатайтып, ерте есейтеді. Сөйтіп, ол еңбекке ерте араласып, 1929 жылы Көкжиде жеріндегі «Ұйымшыл» деген атпен ұйымдастырылған артельге мүше болып кіріп, өзінен жасы кіші, көп алшақ болғанына қарамастан Жұпаркүл есімді қызбен 1942 жылы шаңырақ құрады.
Қазақ халқы – жалпы қыз, келіншек, ана, әйелді қастерлеген, сыйлаған. Анаға деген ұлы сүйіспеншілікті ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ұлы халық. Аналар біздің ұлттық дамуымызда жеткіншектерімізді адалдыққа, бауырмалдыққа, кеңпейілділікке, бітімгершілікке, ешкімге есе жібермейтін намысшылдыққа, ата-ананың ақ тілеуін, жар сыйластығына адал бола білген, қандай да бір қиындықтардан халқымызды аман алып шыққан да осы қыз, келіншек, аналар екені жасырын емес. Міне, осындай үлкен жауапкершілікті арқалап, жоғарыда айтылған талаптарды өз бойына дарытқан Жұпаркүл өзінің жары Байдүйсеннен майдан даласында ерлікпен қаза тапты деген екі рет «Қара қағаз» келгеніне қарамастан, қазақтың нағыз келіндеріне тән қазақы қалыппен көтере білген нағыз батыр, намысшыл ана, – деп қалай айтпаймыз. Сондай үлкен ауыртпалықты көтере жүріп, Жұпаркүл Әлімбетова сол кезеңдерде «Тасбөгет» плотинасын салуға және Шиелі каналын қазуға қатысқан еңбек майдангерінің бірі болғанын қазіргі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейтіні – өмір шындығы.
1942 жылдың ызғырық сәуірінде әскер қатарына алынған Байдүйсен Тәркешов Украина аумағында болып жатқан қанды қырғын майданға жөнелтіледі. Кіші сержант шеніндегі Байдүйсен №410 атқыштар полкінде жүріп талай өлім мен өмір қатарласқан қанды қырғынды бастан өткерді. 1944 жылы ауыр жараланып, сол маңдағы әскери госпитальға түсіп, жарақатының ауырлығына қарамастан, қысқа мерзімді ем алып, сол жылдың қыркүйек айында жедел түрде госпитальдан шығарылып, бөлімше командирлігіне тағайындалып, қайтадан кескілескен ұрыс даласындағы майданға жіберіледі. Майдан шебіндегі көрсеткен ерліктерін есепке алған жоғарғы шенді командирлер Байдүйсенді взвод командирінің орынбасары етіп тағайындайды. Өз қарауындағы яғни, взводындағы жауынгерлердің жағдайын жасап, олармен тез арада тіл табысуының нәтижесінде жауынгерлерін жігерлендіріп, талай рет шабуылға бас­тап шыққан Байдүйсеннің ерлігі елеусіз қалған жоқ.
Ол «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Әскери қызметі үшін», «Германияны жеңгені үшін» Кеңес Одағының бас қолбасшысы И.В.Сталиннің, Кеңес Одағының маршалы, Кеңес әскерлерінің окупациялық Германиядағы бас қолбасшысы Г.Жуков пен әскери кеңесші Телегиннің алғыс хаттарымен марапатталды. Ұлы Отан соғысында жүргенде жоғарыда айтып өткендей өзінің сүйікті жары Жұпаркүлге, туған-туысқандарына екі рет майдан даласында ерлікпен қаза тапты деген күні, айы, сағаты қойылған «Қара қағаз» келіп, жүрегін жаралап, қайғы-мұңға батырғанымен 1946 жылдың қазан айында туған ауылына оралып, өзінің сүйікті жары Жұпаркүлмен және де туған-туыстарымен қайта табысқанының өзі – бір тарих.
Байдүйсен ақсақал соғыстан оралғаннан кейін алғашқылардың бірі болып сол кездің заманауи алып техникасы болып есептелінген «ХТЗ» тракторын жүргізуді меңгеріп, колхоздың шаруасына араласып кетеді. Ол кезде мұндай техникалардың саны да көп емес. Кім көрінгенге сол кездің бұл алып техникасын жүргізуге сенім арта бермейтіні – заман талабы болғаны жасырын емес. Сонымен қатар, мұндай техникалар әр колхоз бен шаруашылықтарға жетпейтін. Тек аудан бойынша қызмет көрсететін МТС-терде шоғырланып, кез келген колхоздар бойынша кезекпен жұмыс жасайтын кезеңі болды. Алғашқы шыққан механизмді кім көрінген меңгеріп, жүргізе алған жоқ. Аты трактор дегені болмаса, тек оны жүргізу үшін қайсарлық пен іскерлікті, табандылық пен шыдамдылықты қажет етті. Байдүйсен ақсақал бұл техниканы жүргізудің нағыз шебері болып, сол өзі еңбек еткен «Төңкеріс» колхозында ең алғашқы озат тракторист атанды. Соғыстан кейінгі ұрпақ болсақ та, бұл алғашқы тракторды жүргізушілерді көзіміз көрді. Бұл техника ауылшаруашылық жұмыстарын атқаруда көптеген қиындықтар келтіретін, тез арада істен шығып, оны сол дала қостарында қайта жөндеп, іске қосатын және оның жүруіне су шақ келмейтін. Иін ағашпен алыс жерлерден су тасып беру өз алдына бір жұмыс болатын. Талай аналарымыз бен жеңгелеріміздің күні бойы су тасып беріп, сол «НАТИ», «ХТЗ» тракторының үзіліссіз жүруіне мүмкіндік жасағанының куәсы болып, өзіміз де бала да болсақ та, сол жұмысты атқаруға талай қатынастық.
Қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтың осы тақырыптағы мына бір өлең шумақтары еріксіз ойыңа оралады.
Қырық түтін шығады қырық тамнан,
Қырық торғай ұшады қырық талдан.
Қырық әже күзетіп отырады,
Қырық ұлдың орынын суып қалған.
Осы бір шумақ өлеңде қаншама тарих, қаншама философия, қаншама елдің басындағы тағдыры анық айтылып тұр емес пе?
Бала кезімізде соғыстың соңғы жылдары деген әңгімені үлкендерден көп естіп, көп тыңдайтынымыз есімізде қалды. Оған құлағымыз үйреніп еді. Енді Жеңістің 76 жылдығы Ұлы мерекесін тойлау сәтін де көрдік. Жеңістің 76 жылдығы Ұлы мерекесін сол соғыстың соңғы солдаттарымен бірге тойлаудың сәтін бергей, – деп көбірек ойлайтынбыз.
Әрине, отыздан енді асып бара жатқан біздің ұрпақ соғыс түгілі, әлдеқашан орны суып қалған ұлының, қаншама жас келіншек жарының жолын күтіп, ала жіптен аттамай, күн сайын кешке қырдың басында батысқа көз тастаумен өткізген қарияларды көрген жоқ. Қарап отырсақ, соғыс жылдары дүниеге келіп, өмір бойы әке бейнесін суреттен көрсе көрді, болмаса бала қиялымен елестетіп, бір хабарын аңсап күткен, аңсап өткен ұрпақтардың өзі бүгінде жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне аяқ басыпты. Боздақтар соғыс даласында өмірмен, өліммен арпалысса оның балалары, ұрпақтары өмір бойғы сағынышпен арпалысты. Адам баласы үшін соғыстан асқан қасірет жоқ. Ол дегеніміз қайғы-қасірет, қантөгіс, өлім-жітімге күн сайын туған-туыстан, жас келіншек жарынан, шеше жалғыз ұлынан айырылу. Адамзат аумағы мен ауыртпашылығы, барша жан дүниені жайрататын қару-жарақпен жабдықталуы соғыс құрбандарының қатарының көптігі жөнінен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындай зұлматты бүкіл жер шары білген емес. Пайғамбарымыздың хадисінде «1000 айдың жүзін көргендерге пейіштің есігі ашық болады», – деген сөздерді үлкендерден бала кезімізде көп естіп өстік.
Олай болса, бүгінде көздері тірі, алды 100-ге келіп немесе ол жастан да асқан Ұлы Отан соғысының соңғы Солдаттарына қандай құрмет көрсетілсе де, артық бола қоймас.
Еліміздің жарқын болашағы үшін Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында толарсақтан қан кешіп, кеудесін оққа тосып, Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан жалынды жырлардың бірін арқалы ақын Сырбай Мәуленов жазған:
Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар, – деп аяқталатын осы бір шумақтарының астарына терең үңіліп, түсінген Ұлы Отан соғысы ардагері марқұм Байдүйсен ақсақалдың немересі Гаухардың да атасының ұмытылмауы, ұлағатталуы, есте қалдырылуы – бар арманы десек, артық айтпаған болар едік.
Атам – менің жастау кезімде дүние салғанымен, өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қашырмаған, адал еңбектің адамы ретінде елі, жұрты бағалаған, бір адамға дауыс көтеріп сөйлемеген, аса мейірімді бейне ретінде санамда қалды. Бізге, яғни немерелеріне ақылшы, демеуші, тәлімгер әрі қамқоршы, «Шырақтарым, көп оқыңдар, ізденіңдер, мына сендер өмір сүретін ғасыр – нағыз білімділердің ғасыры, қызмет, атақ пен даңқ сендерді, білімділерді өздері іздеп жүріп табады», – деп отыратыны әлі біздің есімізде.
Ел басына күн туып, толарсақтан саз кешкен ауыр кезеңде Отан үшін от кешкен, Жеңістен кейінгі қиындықтарға қабырғасы қайыспай, туған жерді түлетіп, бейбіт еңбекте де ерен ерлік танытқан атамызды біз әрдайым сағынышпен еске алып, құрметтейміз, атақ-абыройын асқақтатып, мақтан етеміз дейді марқұмның артында қалған немерелері.

Нұртілеу Салықов,
Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы»
12 мамыр 2021 ж. 446 0