Айбынды әскер – ел тірегі
Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні – еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке. Себебі, қарулы күштері мықты мемлекет ғана өз болашағына сеніммен қарайды.
Әйел заты үшін әр күн мереке десек, біздің тепсе-темір үзетін, шар болаттай шыңдалған жігіттер үшін 7 мамыр күнінің маңызы зор. Өйткені, әрбір қазақ елінің азаматы әскер сапында Отан алдындағы борышын өтеп, елге деген қызметтің шынайы мәнісін ұғынады. Сондықтан, біз бейбіт күннің қадір-қасиетін түсініп, осы тыныш заманға шүкіршілік етуіміз керек. Десек те, «қыстың қамын жазда ойла» демекші еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, біздің келешек ұрпақтың алдында жасауға тиіс ең құнды борышымыз деп санаймыз.
Осыны түсінген тұңғыш президент Н.Назарбаев 1991 жылы 25 қазанда жарлық шығарып, Қазақ КСР-ның мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуіне байланысты, қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта өзгертілді. Биыл осынау тарихи қадамның жасалғанына 30 жылға толыпты. Сол қиын заманда көрегенділік танытып, болашақты болжай білген Елбасының батыл шешімдеріне бүгінгі таңда таңданып, таңдай қақпасқа амалымыз жоқ. Сол сәтте шекарамыз бекіп, егеменді ел атандық. Қазақстан халқының өзіне ғана тән жер аумағы мен белгіленген белдеуі болды. Мемлекеттіктің басты белгілері саналатын тәуелсіздік пен шекараға қол жеткіздік. Ендігі жерде тағдырдың тепкісіне тойтарыс беріп, тар жол тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, қол жеткізген егемен елді қорғау мақсаты тұрды алдымызда.
Қарулы күштеріміз осы міндетті жылдар бойы абыроймен атқарып, шекарамыз тас қамалдай бекіді.
30 жылдық қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етті. Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығайды. 7 мамыр мерекесі – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күн. Тәуелсіздік алғалы бұл мереке ерекше мәнге ие болып, жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтілді, парадтар өткізілді.
Әскери шеруге тоқталар болсақ, ел тарихиында ауқымды 2 жауынгерлік парад өткізілген екен. Алғашқысы 2013 жылы ел тарихында тұңғыш рет өткен жауынгерлік парад болған. Салтанатты шеруге барлығы 7 мыңнан астам әскери қызметшілер, 400 бірліктен аса әскери техникалар, 86 ұшақ пен тікұшақ тартылған. Ал, 2018 жылы өткен парадқа 300-ден астам әскери техника 40-қа жуық авиация техникасы қатысыпты. Осы аталған әскери шерулер еліміздің қарулы күштерінің әл-ауқатын көрсетті, сондай-ақ ядролық қарудан алғаш болып бастартқан Қазақстанның әлі де қауқарлы, айбынды екендігін бүкіл әлемге танытты. Тәуелсіздігін алғанына жарты ғасыр да болмаған ел үшін бұл үлкен жетістік, мақтаныш.
Бүгінде Қарулы Күштеріміз үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Негізінен әскери күштер стратегиялық тұрғыда дағдарыстық жағдайлар орын алған кезде негізгі міндеттерді шешуге қатысады. Ал, енді олардың әскери әлеуетіне келер болсақ, елімізде 74 мыңнан аса әскери қызметкер бар. Оның 47 мың адамы құрлық әскерінде, 19 мыңы әуе күштерінде, 3 мыңнан астамы әскери-теңіз күштерінде қызмет етеді. Тағы бір айта кетерлігі белсенді әскери қызметкерлерден бөлек, 32 мыңдай резервтегі офицерлер де бар. Сондай-ақ 5 мың танк, 130-ға жуық тік ұшақ, 4 мың әскери көлік, 2 жарым мыңнан аса миномет бар қарулы күштерде. Әлем елдері де біздің әскери әлеуетімізді мойындап отыр. 2017 жылғы зерттеулерге сенсек, әскери әлеует рейтингінде Қазақстан 133 мемлекеттің арасында 55-інші орыннан табылыпты. Енді ғана дамудың даңғыл жолына түсіп, мұнайға тәуелділіктен арылып келе жатқан ел үшін бұл тамаша көрсеткіш.
Ал, бұл мерекені тек әскери қызметте жұмыс жасап жүрген ер азаматтарға ғана қатысты деп айту қате ұғым. Керек болған жағдайда еліміздің әрбір ер азаматы қару ұстап, елінің тәуелсіздігі үшін алдыңғы шепке тұруға дайын. Ол үшін бізде жүрек те, темірдей білек те бар. «Дос болғанға құшақ жайған туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз» деген аталы сөз қазақ жігіттерінің кешегі де, бүгінгі бейнесін де айқындайтынына сенімдіміз. Ал, нәзік жандыларға айтарымыз ерлеріңізді қадір тұтып, бес күндік жалғанда сыйласып өтіңіздер. Себебі, оның жаныңызда асқар таудай болып жүрген жүрісінің өзі бақыт.
Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ